///

«Өзің ер бол, дұшпаның да ер болсын»

1667 рет қаралды

 

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен WSB-дің кезекті кездесуінде «Astana Arlans» командасы  «D&G Milano Thunder-ді» 3:2 есебімен жеңді.

Иә, қазақстандықтар Миланда кеткен есені қайтарды. Алайда бұл матчта жеңіс пен жеңіліс қатар жүрді. Осы және өзге мәселелер төңірегінде кеңірек әңгіме жүргізіп әр боксшының көрсеткен өнеріне әділ бағасын беруге тырысалық…

 

Киелі спорт сарайының төрінде алғаш боп ең жеңіл салмақты спортшылар түйісті. 54 келі салмақ дәрежесінде «Арландар» атынан алматылық Хабибулла Исмаил-Ахунов шықты. Оның қарсыласы Виталий Волков болды. Жекпе-жекке алғаш боп шығу қашан да қиын. Бірақ бұл жолы боксшылар емес төрешілер көбірек қиналған болса керек. Жеңіпазды анықтау өте ауыр болды. Қос боксшының дайындығы шамамен бір деңгейде. Шешім бір жақты болған жоқ. Екеуі жеңімпаз деп Волковты анықтаса, біреуі Хабибуллаға дауыс берді. Исмаил-Ахунов  қарсыласынан сәл қорққандай сезілді. Себебі соққылары тым қауһарсыз, әлсіз болды. Қарсыласы одан қатты асып кетті деп айту қиын әрине, бірақ Виталийдің жеңісіне илану оңайырақ. Себебі оның соққылары діттегеніне дәлірек және жиі тиді.

 

61 келі салмақ дәрежесінде Мерей Ақшалов пен Миклош Варга кездесті. Алғашқы екі раундта Миклош айқынырақ көрінгендей еді. Соққысы шапшаң, қимылы жылдам жігіт қарсыласын дем алдырмады. Бірақ үшінші раундта төбелес арнасы 180 градусқа бұрылды. Мерей жауап қайтара-қайтара қарсыласының әлін тауысты. Ақшалов Варганың сәл босаңсыған сәтін пайдалана шабуылға көшіп ұпай жинауға кірісті. Варга да тиісті жауаптар қайтара жүрді. Алайда білек сыбана ұстасқан Мерейдің «ұртоқпағына» төтеп беру қиын шаруаның бірі. «Арланның» кемшіл тұстары да жоқ емес. Анық қараған көрермен байқаған болар, Ақшалов соққы жасағанда қолын толық жазбай жүрді. Ал толық созылмаған қол қарсылас басына қайтып жетеді? Сөйтіп көп соққылар аппонентіне дарымады. Бұл бір. Екіншіден, жерлесіміз ара-арасында қорғанысты  ұмытып кетіп жүрді. Алғашқы раундтарды беріп қоюының бірден бір себебі осы болған. Бірақ нәтиже – жеңісті. Қанша дегенмен Ақшалов қарсыласынан мықтырақ болды деген сөз.

 

Қанат Ислам VS Сергей Деревянченко. Көрермендердің түгелі болмаса да бірталайы осы жекпе-жекті тамашалап, жерлестерінің жеңісін тойлау үшін жиналғаны өтірік емес. Алайда… Ойлағандай болмады. Шынын айту керек, Қанат бұл жолы нашар бокс көрсетті. Жамандағандық емес, қайта жан ашырлықтан айтылған сөз. Біз сынағаннан оның мерейі кеміп кетпейді. Өйткені, Қанат Ислам бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бөленген спортшы. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, отандасымыздың жіберген қателіктерін нақты атап қана кеткен жөн. Қарсыластың соққылары өте жиі өтіп тұрды. Тіпті қарсыласы қай жаққа ұрмаса да қанаттың басына дәл тиетіндей елестеді. Бұл нашар қорғаныстың белгісі. Қанатқа қолды биіктеу ұстау керек-тұғын. Бұл біріншіден. Екіншіден, бастапқы раундтардағы уақытты Қанат бос жіберіп алған секілді. Басында «тексермей» бірден іске көшу керек па еді. Деревянченконың шеберлігін де атап өткен артық емес. Себебі Сергей өзін өте салмақы ұстап, артық қимылсыз жеңіске жетті. Тіпті бес раундты артқа тастап шаршамаған сыңайлы көрінді. Қанаттың жүйкесіне тиген Серегейдің «қарсы алу» соққылары. Бәріне кінәлі сол бір сұрапыл соққылар. Жақындатпады да ешбір мүмкіндік бермеді. «Қарсы алады» да тұрыды. Сергейді құттықтауға болады. Қанаттай батырдың соққыларына әр боксшы төтеп бере алмайды. Деревянченко болса жылжымас таудай мызғымас қалпы тұрды.

 

Келесі жұпты 85 келіге дейінгі салмақтағы Абдельхафид Беншабла мен Людовик Грогуа құрады. Естеріңізге сала кетсек, өткен жолғы жекпе-жекте Грогуа алжирлік боксшымызды техникалық накаутпен жеңген болатын. Себебі қарсыластың қолғабы Абдельхафидке дұрыс тимей қабағын жырып жіберген. Беншабла ол келеңсіздіктің орнын толтырды. Алжирлік боксшы әр раунды сенімді өткізіп, екі төрешінің дауысымен жеңіске жетті. Есеп 2:2.

 

Руслан Мырсатаевқа қарсы камерундық Ромарик Тангум Нгула шықты. Қайсысы жеңсе соның командасы жеңімпаз атанады. Мұндайда мойныңа артылған жауапкершіліктің салмағы екі есе ауырлайтыны бар емес пе. Ауыр салмақтағы боксшылар арасындағы жекепе-жекте бастан алған кез келген соққы әрбіреуі үшін соңғы болуы мүмкін екенін ұмытпаған абзал. Бұл жолы соңғы соққыны Тангум Нгула алды. Шайқалған ми Мырсатаевтың жұдырығын мәңгі ұмытпастай болған шығар. Русланның төртінші раундтағы бір соққысы қарсыласын есеңгіретіп тастады. Камерундық боксшы құламаса да қайда, не үшін тұрғанын толық түсінбей қалғандай көрінді. Италиандықтар тарапынан бірден ақ орамал ұшты. Ақ орамал – қазақ жеңісінің жаршысы!

P.S.: Команда капитанына жеңіліс үшін өкінбеу қажет. Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Мықты қарсыластардан көп нәрсе үйренуге болады. Бір күні қарыштап көтерілсең, бір күні жардан құлағандай болуың мүмкін. Қайта көтеріле алу – ер мінезділіктің көрcеткіші. Заман алма кезек. Сол секілді жеңіс пен жеңіліс те бірінің артынан бірі еріп отырады…

 

Олжас НҰРАЗХАН

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі