//

Наурызды тойлау шариғатқа қайшы ма?

1120 рет қаралды

nauryz2010Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына Мәулен есімді бауырымыз хат жолдапты. Мәулен: «Ұлттық мерекеміз – әз Наурызды ел мұсылмандарының тойлауы дұрыс па, бұл шариғатқа қайшы емес пе? Осыған жауап жазсаңыздар», – депті. Біз ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлының берген жауабын жариялап отырмыз.

Көшпенді қазақ өркениетіміздің ұлттық нышандарының бірі – Наурыз мерекесі. «Наурыз» сөзі – зороастризм сенімінде болған парсы елінің  тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Бұл мейрамның шығу тарихын кейбір ғалымдар зороастризммен, отқа табынумен байланыстырса, кейбір тарихшылар Парсы патшалығының жорықтарымен байланыстырады. Зороастризм сенімі бойынша жақсылықтарды жарықтан, жамандықтарды қараңғылықтан бастау алады. Наурыз мерекесін осы айдың  22-күні тойлауының себебі, жамандықтың бастауы түнгі қараңғылықтың жіңішкеріп, күндізгі жарықтың ұзаруы, зороастризмдегі жарықтың жақсылықтың бастауы ретінде көрініс тапқан. Бұл сенімде от жарық көзі саналып, ерекше құрмет көрсетілген. Наурыздың 21 күні отты алаулатып жағып, жаңа жылды қарсы алған. Қазіргі күнде де парсы тектес ұлттар Наурыз мейрамында отты жағып, пәле жаладан тазару ретінде үстінен секіріп жатады. Ал, біздің ұлтымыздың Наурыз мерекесінде отты алаулатып жағуды үрдістен үзген. Себебі, отқа табыну ислам сенімі бойынша Аллаға серік қосу болып табылады. Қазіргі таңда наурыз мейрамы – діни мереке емес, ұлттық мереке ретінде тойланады.  Бұл қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады. Ал ислам дінінде негізгі мейрам ораза айт пен құрбан айт болып саналады.

наурыз-мейрамыНаурызды бұрынғы парсылардың сеніміндей етіп тойлау ислам дініне қарама-қайшы. Біздің қазақ халқымызға ислам діні сонау Қарахан мемлекеті кезінен енгені анық. Наурыз мерекесі қазақ елімен біте қайнасқан мереке ретінде шариғатымызға қайшы келмейді. Ұлыстың ұлы күнін тойлау – ежелден түркі жұртында бар дәстүр. Мәселен, еліміздің батыс өңірінде күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан «Көрісу» деген дәстүр бар. «Көрісу» дәстүрі Наурыздың 14-не тойланады. Бұл дәстүр бойынша қыстың көзі қырауда, шаруаның жайымен жүріп қалған ағайын көктем шығып малдың аузы көкке тиіп, алды-арты кеңейгеннен кейін амандық-саулық сұрасып, бір-біріне сәлемдесе барады.  «العرف محكم» «Әдет-ғұрып» фиқһ қағидасы бойынша, елдің бұрынғы салт-дәстүрлері ислам негіздеріне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дәстүрлер сақталады. Бүгінгі дәстүріміздегі Наурыз мерекесінің исламға ешқандай алабөтендігі жоқ. Бұрынғы Наурыз мерекесін от жағып қарсы алушылық дәстүрімізден әлдеқашан шығарылып тасталған. Ал, қазіргі қазақ қауымының тойлап жүрген Наурыз мерекесінде қыстан күйзеліп шыққан елдің көңілін көтеру мен қазақи құндылықтарымызды жандандырып, көкпар беріп, ат шаптырып, палуандар күресін өткізіп, ән-жыр, айтыс-терме ұйымдастырылып, араздасқан адамдар осы күні татуласып, бір-біріне жақсы бата берісіп, «ұлыс оң, ақ мол болсын» деген сияқты ізгі тілектерімен қауышып жатады. Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде «Амалдар ниетке байланысты…» деп айтылған. Біздің ниетіміз отқа табыну емес, салт-дәстүрлерімізді жаңғырту мақсатында, оны сақтай отырып, келешек ұрпаққа жеткізу. Алла толық білуші.

Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасынан

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар