//

Мұхтар Әуезов. Қазақ әйeлі

1178 рет қаралды

Қазақ жұртының бойында әйел халі үлкен аурулы жараның бірі. Бұл мәселе қазақ емес, бар мұсылман дүниесінде шіріп жатқан үлкен дерттің бірі еді. Әсіресе түрікте, иранда болған «Гарем» (қатындарды қамайтын үй) мәдениетті жұрттардың жағасын ұстатып, бұл жұрттардың тарихын сорғалап аққан қаннан, домалап аққан жастан құралған қанды тарих деп ат қойғызып еді. Ол уақытта Түрік, Иран аты аталса, «Гарем» еріксіз аталатын да күн болған. Сол күнде мұсылманның өзінен шыққан ақ жүрек ақындардың мұсылман әйелі дүниеге ортақ: күннің жарығынан, жан иесінің сыбағасы бас бостандығы, жүру-тұрудан айрылып, өмірден қуылып, көңілсіз шойын есікті қараңғы гарем бұрышында сыртқы дүниені бір көруге зар болып, сарғайып отырған қайғылы күйін айтып зарлаған жүректі ертерлік шешендік сөздері бүгінде артта қалып, куәлік беріп отыр. Осы күнде сол жұрттардың кейі сондағы ескі ғадатын тастаса да, кейбірі әлі күнгі тастаған жоқ.

22434012vwy46s2um4pyup

Жұрт ауруының шектісі қан жерде болсын ескі ғадет, ескі ғұрып. Мәдениеттің аталы жауы — осы ғадет пен ғұрып. Тарахиат жолына сиымсыз, икемі жоқ аулақ, ғұрыпын жоғалтып, заман қалпына бойсынып, етек-жеңін түрінбеген жұрт бойы өсе алмай мешеу болып қалатыны мәлім. Жоғарыдағы айтылған әйел еншісіне күңдікті ғана берген жұрттар мәдениеттің әуелгі басқышында бойын бекіте алмай, талай заман өтсе де әлі күнгі әуелгі құрылған қалпының маңайында сабыр қылып, әлі отыр.

Барлық мұсылман жұртында ескі ғадеттің ішінде өте сүйіп, бауырына басып, һәрқашан мәдениет ырқына көнбей отыратыны әйел турасы. Әрине бұл күйден қазақ та аман емес екені әркімге мәлім.

Еңірегенде етегі толып, алдағы өмірдің қызығынан үміт үзіп, үлбіреген жас жүрегін қайғы, шерге толтырып, кеуіп, семген шалға барып, өмір бойы тіршіліктің күйігін ішуге душар болып отырған сорлы жастың көзінен аққан қанды жас ол істің растығына куә. Жүрегімен сүйісіп, тілегімен қосылған жас тең досынан айрылып, көп қатынның үстіне барып, не біреуге бала тауып беруге, болмаса өмірдің қызығын жойып, отын тауысқан бір кәрінің көрпесін салып, аяғын сипап, аю күндеспен, кем-кетік шалмен үйлесе алмай, жаратқаннан өлім тілеген шерлінің зары, мұңы тағы да растығына куә. Мәңгілікке қосылып, жаныменен туысып, айнымайтын қиянатсыз достыққа уағда еткен алған жардан қатал тағдыр айырған соң, не ақсақ, соқыр, жас балаға, не кешегі аға болып, бүгін қатын қылам деп асығып отырған сүйкімсіз үлкенге тиіп, тең жолдасын ойлап: көкірегін керген өкініш, өксік растығына куә. Қазақ даласын күңіренткен қайғылы зар, жас өмірін өртеген сарғайған дерт, қайғы уынан өлген қыршын жас — бәрі де қанды, қайғылы куәліктер. Бұның бәрі жыл, ай емес, ескі ғадеттің күндегі жауыз істерінің айғағы.

Осы күйден аман қазақ, бар ма? Жоқ. Себебі: не қызын, не қарындасын, не қатынын, не келінін жылатпай отырған қазақ жоқ. Бұлай болса, бұл бар қазақтың міні, бар қазақтың дерті.

Ал, қазақ өмірін тезге салатын қырағы басшы, жігерлі жас! Надан атаның надандық ісінің арты қазақ әйелінің мойнына бар салмағымен түсіп, алдарыңда құлдықта езіліп, күңдікте шіріген апа, қарындас, шешелерің үміт көзін сүзіп келіп тұр. Әйел түзелмен, мәдениет көркеймейтініне, әйел қалін түзетпей, қазақ басына бақыт орнамайтынына әркімнің де көзі жетер. Енді қайтсек әйел халі түзеледі? Соны ғана еске алу керек.

Бұл күнде қазақ әйелі: «Теңдік» дегенді ұғатын дәрежеден алыс: мойын бұрмай, еркектің күңі болу әйелінің имандай берік тұтынған жолы.

Көп қатын алған қазақтың қайсысын алсақ та, құмарлықтан құмарлық қуып, нәпсінің жемсауын толтырам, деп, дүниенің бар рахатын кезіп, шарлап отырған бір еркеліктен басқа іздері жоқ. Талайының ісінен жүгенсіз нәпсінің адамшылықты мазақ қылып тұрған жауыз пиғылы көрінеді. Ойлаңыз.

Дүниеде мұқтажы жоқ: қозғалып қиналатын жұмысы жоқ, мінетіні жылжыған жорға, жылмыйған жүйрік, ішетіні мол, тәтті, еркін тамақ: көшсе шалқар су, салқын көгал, самал қоныс жайқалып алдында тұр, айтқанынан шықпай, арамнан қорғайтын елпілдек ағайын айналасын қоршап аялап жүр. Кәрі көңілдің енді не тілегі бар? Әрине бұралған жас сұлудың нәзік белінен құшақтап, үлбіреген тамағынан иіскеп, нұрлы қара көздің қызуымен қуарған денені жібіте алмай бара жатқаны үлкен арман: «Жас иіс» — жас тоқал керек. Бұл халді ұғынып, «Көнбейін» дерлік жігер әлі біздің әйелдің көкірегінде оянған жоқ. Оята алар қисын да жоқ. Әрине мұндай көкірегі оянып, теңдік — «Права» дегенді іздеп, бұл үшін алысып-салысып, жылаулар әйелдің жасын жоқтап, қайғыдан өлген әйелдің басын жоқтарлық намыс, жігер қазақ әйеліне оқу оқымай келмейді. Сол себепті әйел оқымай, шын жігермен тартыса алатын әйелдер шыға қоймас. Ал енді бұған қарап: әйел халін қазір түзеймін деу қате дейін десек, баяғы, ескі ертегі мысқалдап жетуді (эволюцияны) иман қылған боламыз. Тегінде революцияны, бұзып-жарып жұрт мінін түзеуді тастағанда екі түрлі жол бар: эволюция — мысқалдап жету; реформа — істің ағысын байқап отырып, кезі келгенде жаңалықты кіргізіп қалу. Біз соңғы айтқан реформа жолын тұтынамыз. Олай болса, қазіргі әйел ісі туралы басталып келе жатқан бір ағысқа көз салсаңыздар. Ол ағыс бұрыннан да байқалушы еді, бостандық туып, қазақ хүкіметі жасала бастаған соң көзге айқын көрініп отыр. Ол сүйгенімен қашатындық. Қазіргі уақытта сүйгенімен қашу, ата-ананың зорлығына көнбеу күннен-күнге күшейіп, әйел арасында жұқпалы мінез болып келеді. Әрине, бұл қуанарлық іс. Осындай қаша беруге жол кең берілсе, біздің әйел бұзылып кетеді деген бір пікір бар. Ол пікір теріс. Ол адамның мінезімен, жанымен таныстықтың аздығы. Болмаса көңілдегідей жайлы болып, күйеуімен шын сүйісіп, махаббатты өмірдің ортасында отырған әйел бостандық болыпты деп желбеңдеп байын тастап кез келген еркекпен «Айда жүр!» деп тұра жөнеледі деу дұрыс емес. Өмірінің шырқын өзі бұзу қазақ мінезінде жоқ. Оның үстіне қазақ әйелі болса ол тіпті мұндай мінез шығармайды. Қазақ әйелінің ғұрып пердесін жыртып, бір жігітпен қашып кетуі де үлкен қайрат керек қылады. Тегінде жоғарыдағы пікірді айтатын адам көз алдына бұзылған әйелдің суретін келтіріп сынайды. Бұзылған әйелді алсақ, ол жәй күнде де алты бай, жеті байға тиіп жүре береді. Тегінде іс көптің қалпына қарап істеледі. Олай болса әйелдің мына беттеп келе жатқан ағысына бақытты бол! Бақытты бол! — деп, алдыңғы жолын тазартып, күліп қарап тұрудан басқа дәнеме жоқ. Қазақ теріс мінезін өзі істеген ісінің қатесі шоқпардай болып өз басына тисе тез түзетеді. Қазіргі қыздардың, келіншектердің зорлыққа көнбей қашуы сол шоқпар. Сол себепті: Қашсын бай қызы, қашсын бағлан қызы, ешбір хүкімет тарапынан қысымшылық болмауына керек.

Мұхтар.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері