Гүлзат КӨБЕК. Тақырып көп, ізденіс жоқ

1176 рет қаралды
1

Жаһандану үдерісінде кино өнері насихаттың ықпалды құралының бірі ретінде алдыңғы қатарға шықты.Әлемдік кино тәжірибесінде қамтылып жатқан тақырыптың әралуандығына қарай әр елдің киногерлерінің шығармашылықтағы ізденісінің деңгейін аңғаруға болады.

Көрсеткішті салыстыру арқылы өз мүмкіндіктеріміз бен нәтижелерімізді айқындай аламыз. Бүгінгі қазақ киносы қандай деңгейде? Тоқыраудан шықтық. Отандық киноөндірісте белсенділік пен бәсекелестік бар. Прокат мәселесі шешіліп, көрермендердің кинотеатрларымыздан жаңа фильмдерді көруге мүмкіндігі туды.Жанрлық фильмдерге деген сұраныс белгілі бір деңгейде өтеліп жатыр.Жекеленген студиялардың да отандық киноөндірісінің дамуына үлес қосуға деген талпыныстарын жоққа шығара алмаймыз. «Қазақфильмнің» әлемдік бәсекелестікке шығуға жасап жатқан қадамдары да оң көзқарас қалыптастырады.Әлемдегі беделді кинофестивальдерде мойындалып жатқан фильмдеріміз де жоқ емес. Бірақ, бұл тұтас режиссерлеріміздің шығармашылық ізденісте белсенділік танытуының көрсеткіші деген сөз емес.
Саннан сапаға көшу үдерісін қолдап, уақытында дербес студиялардың ортаңқол дүниелеріне де көз жұма қарап, көштің белгілі бір сатысына көтерілуге үміт еттік. Алайда, кино атты қауқарлы қарудың мүмкіндіктерін әлемдік жауыр болған тақырыптарды көшіре беру үрдісіне қолдана бермей, өз ұлтымыздың болмысын тануға, насихаттауға бұратын уақыт жетті. Голливудтық сарындағы атыс-шабыстың көшірмесін жасаудың дәуірі әлдеқашан өтіп кеткен. Қоғамдық сананы арзанқол дүниелермен алдай алмайсың. Санаға да салмақты ойлар мен талғамы жоғары туындылар ұсынатын кез келді. Бір «Қыз Жібек» пен «Менің атым Қожаны» қырық жыл жыр ететін үрдістен де арылуымыз керек. Сөзсіз, бұл фильмдер мойындалды, өз бағасын алды. Бірақ, неге бүгінгі күннің көрермендерінің көзайымына айналған өз Қыз Жібегі мен Қожасы жоқ?! Демек, қазақ киносындағы сомдалып жатқан аруларымыздың көркемдік бейнесі, ұлттық салт-дәстүріміздің көрінісі бір «Қыз Жібектің» деңгейіне әлі теңескен жоқ. Ал әлеуметтік мәселелердің көлеңкесінде қалып қойған бүгінгі Қожалардың трагедиясына драматург, режиссер Д.Саламаттан басқа бас ауыртып жүрген ешкім жоқ. Егер, киногерлеріміз жаңа кезеңнің өз «Қыз Жібегі» мен бүгінгі Қожаларды қазақ экранына алып келе алмаса, енді «Жаужүрек мың баланы» да әлі қырық жыл жырлайтынымыз сөзсіз.
Әр уақыттың өз талабы бар. Жаңашылдық қоғамға тың серпіліс береді. Өткенімізге жаңаша көзқараспен баға беруіміз керек. Бүгінгі күнгі қоғамдық құбылысқа айналып отырған мәселелерді де ұмыт қалдырмағанымыз абзал. Тарихымызды жаңғырту, ұлттық мәдениетіміз бен қоғамның дамуына айтулы ықпал жасаған тұлғаларымызды кеңінен насихаттауымыз тиіс. Өз көрермендеріміз ғана емес, әлем халықтары мойындайтындай деңгейде көркем бейнелерін қалыптастыруымыз қажет. Осы тұста игерілмеген тақырыптарымыз көп екендігі, киногерлеріміздің шығармашылығындағы ізденістерінің жеткіліксіздігі айқын.Алысқа бармай-ақ, бүгінгі Ресей кино өндірісіндегі тәжірибелерді ескерсек, назар аударарлықтай. Ұлы Отан соғысы тақырыбының жаңа кезең тұрғысынан жаңғыруы, сол жылдардағы зиялы көшбасшылардың жарияланбаған құпиялары кеңінен насихатталып жатыр. Тіпті, тылсым қасиеттерімен ерекшеленген Ванга, Мессингтің  саясаттағы тұлғалардың әрекеттеріне бірлесіп ықпал жасауын жариялау сериалдарына да қызығушылық тудырады. Біздің отандық телесериалдардың деңгейі сын көтермейді. Саны жағынан артып жатқанымен, сапасы кері тартып жатыр. Тіпті, кейде маған осы жанрмен жұмыс жасап жатқан мамандар сериалдың табиғатын түсінбейтіндей көрінеді. Тақырыптары – тартымсыз, сюжеттері –  мардымсыз. Актерлардың тым жасандылыққа бой ұсынып алатындығы соншалықты, кейіпкердің бейнесін қабылдай алмайсың.Бұл әсіресе, соңғы буын актерлерге тән құбылыс. Кино актерінің табиғатына қойылатын талаптар көп жағдайда ескерілмейді. Кейіпкердің шынайы болмысын ашудың орнына, керісінше, жасандылықпен бұрмалап жатады. «Қазақтың сериалы» деген жауапкершілікті соңғы онжылдықта А.Сатаевтың «Ағайындылары» ғана көтере алды. Әлем өз Вангасы мен Мессингін мақтанышпен насихаттап жатқанда, біз бүгінгі күнгі қоғамымыздың барлық қасіретін болжап кеткен көріпкеліміз Мөңке бидің бейнесін экранға әкелуге әлі асығып жатқан жоқпыз.Көріпкелдерін түгендеп болып, көрші Ресей музыка әлемінің құбылысына айналған Высотскийдің шығармашылығына көшті. Неге қазақтың Шәмшісінің тағдыры бір фильмге лайық емес?! Нұрғисаның туындылары неге экранның ғажайып құбылысына айналмайды?! Поэзия әлемінің рухы мен құдіретін бір ақындай сезіндірген Мұқағалидың ғұмыры неге бір сюжетке негіз болмайды?! Жастарды патриоттық рухта тәрбиелейміз деген ұлттық мүддеміздің бар екені рас болса, неге қазақтың Қабанбайы мен Бөгенбайы, Райымбегінің жеке тұлғалық бейнелері мен ерліктері экранда сомдалып, ұрпаққа үлгі болмайды?! Ш.Аймановтың фильмдеріне ғана танданып отыратын уақыт өтіп, аты аңызға айналған режиссер, актер Шәкеннің өз шығармашылық өміріндегі елеулі оқиғаларды неге зерттеп, бір фильммен оның ұлттық кино өнеріндегі еңбегіне тағзым жасамаймыз?! Уақыт таразы десек, ұлтымыздың данышпаны ұлы Абайдың бейнесін неге әлі күнге дейін өз деңгейінде экранда салмақтай алмай жатырмыз?!Бізге, өз тарихымызға, оның әрбір беттеріне өз қолтаңбаларын қалдырған тұлғаларды насихаттауға деген шығармашылық ізденіс жетіспейді.
Соңғы онжылдық көлемінде отандық кино өндірісте «Қазақфильмнің» жетекшілігімен тарихи оқиғаларды насихаттау бағытында «Сардар»  /реж.Б.Қалымбетов/, мемлекеттік жоба «Көшпенділер» /реж. И.Пассер, С.Бодров, М.Форман, Т.Теменов/, «Жау жүрек мың бала» /реж.А.Сатаев/ фильмдерімен қатар, жеке тұлғалардан ақын Жарасқан Әбдіраштың балалық шағын суреттейтін «Қаладан келген қыз» /реж.Р.Әбдірашов/, «Мұстафа Шоқай» /реж.С.Нарымбетов/, «Біржан сал» /реж.Д.Жолжақсынов, Р.Әлпиев/, Елбасының балалық армандары мен өмірін негіз еткен «Балалық шағымның аспаны» /реж.Р.Әбдірашев/ жарық көрді. Алайда, осы фильмдеріміз арқылы әлем көрермендері біздің тарихымызға бір ғана түрік сериалындағы Сұлтан Сүлейманның әйелдерінің шытырман оқиғаларына сусағандай қызығушылық тудыра алды ма?! Мәселе осында.Тарихты насихаттаудың мақсаты өз көрермендеріміздің аудиториясының назарын аударуды ғана көздеп, деректерді түгендеуемес, экран өнерінде әлемдік құбылыс тудыруға негізделу керек.
Бүгінгі әлемдік киноүдерісте адамзаттың жер бетіндегі тіршілігінің мәні мен оны сақтау, рухани құндылықтар дағдарысының зардаптары, табиғаттың тосын құбылыстары, ақырзаман мәселелерін көтерген тақырыптар басты назарда. Тарихымыз жеткілікті дәрежеде түгенделмесе де, отандық киногерлеріміз бүгінгі күннің көкейкесті тақырыптары төңірегінде қалай ізденіп жатыр? Біз үшін отандық киногерлердің ізденіп отырған тақырыбына қатысты жеке дүниетанымы, алға тартып отырған идеясының әлем назарын аударуға қаншалықты қауқарлы екендігі, кино тіліндегі алып келер жаңашылдығы маңызды.Санаулы болса да кәсіби тұрғыдан сапалы, мазмұнды, тың ой қозғайтын фильмдер бар. Бір ерекшелігі тақырыпты игеруде режиссерлерісіз әлеумет трагедиясын, адамзаттың рухани бағытын, жаһандану үдерісіне психологиялық бейімделу мәселелерін қарастыруда терең де мазмұнды көзқарастарын таныта алған. Бұл Д.Саламаттың қоғамдағы отбасылық құндылықтардың дағдарысын баланың көзқарасында ұтымды аша алған «Әкем екеуіміз»,Н.Төребаевтың әлеуметтік ортадағы өз орнын іздегенжастар мәселесін ашқан «Кішкентай адамдар», А.Сатаевтың бүгінгі адамзаттың дертіне айналған нашақорлық, Жаратушы мен өз арының алдында жасаған күнәсін мойындаған кейіпкердің ішкі психологиялық күйзелісін асқан шеберлікпен ашып, жеткізе алған «Адасқандар», қоғамдағы қылмысқа итермелейтін себептер, жастардың жаңа заман талаптарына бейімделудегі көзқарастары мен қылмыстың өтемін Д.Өмірбаев Ф.М.Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романының желісімен «Студент» фильмінде бүгінгі күн тұрғысынан көтерсе, Е.Тұрсыновтың «Шал» фильмі де Э.Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» повесінің желісімен бүгінгі ұлттық мәселені көтере отырып, ұрпақ сабақтастығын, оның негізін сақтауды алға тартады. Осы тұста режиссерларымыздың әлемдік шығармалардың экранизациясына көбірек назар аударатындығы аңғарылады. Алайда, өз жазушыларымыздың да киноның тіліне сұранып тұрған шығармаларын, көркем бейнелерді экранға әкелудің жауапкершілігіназардан тыс қаламауы қажет. Соңғы онжылдықтың көрсеткішіне жүгінсек, С.Нарымбетовтың «Қызжылаған», Б.Шәріптің «Күнә», Д.Манабайдың «Кек», Д.Өмірбаевтың «Шұға», А.Әмірқұловтың «Қош бол, Гүлсары» фильмдері ғана әдеби шығарманың негізінде экранизацияланған.Бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі сценарийлер тапшылығы десек, әдеби туындыларымыздың қорын қазбалаудың мүмкіндіктері зор.Кино өнері өмірдің өзіне сұранып тұрған насихаттың қауқарлы қаруы екендігін ескерсек, ізденістің тынысын түрлі тақырыптармен ашып, тарихымызды тұншықтырмау келешектің игілігі үшін қажет.

Гүлзат КӨБЕК, кинотанушы

qasym.kz

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Гүлзат, сенің жұлдыз жорналындағкы ар-айнасы туралы ойыңды оқып, өмірдің соқпақ жолдарын, арымымыздың, екіжүзділіктің бейнесін туралы ойың үлкен әсер қалдырды.Өмірде сендей қазақтың қыздары бар екенін біліп, тауба дедім. ,
    Бұрын сені танымайды екенмін, пікір алмассам деп едім
    С/м Тоқсейт. ОҚО Отырар ауданы, Шауілдір селосы

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

“Мінбер” қорына 15 жыл!

“Мінбер” журналистерді қолдау орталығы 15 жыл бойы қазақ журналистерінің біліктілігін арттыруға өлшеусіз үлес қосып келеді. Ұлы

Махаббат, тізгін және Отан

Нұртай Нұрсапаұлы алдыңғы күні 60-қа толған. Кіндік қаны Алтайдың сонау өрінде, Ертіс бойында тамғанымен, ес біліп,