////

Салтанат Ізтілеуова: Ер Жәнібектің есімі ұранға айналды

723 рет қаралды

Қазақ тарихында елі мен жері үшін күрескен ерлер баршылық. Өкінішке орай, олардың көпшілігінің ерлік істері туралы мағлұматтар бүгінгі ұрпаққа беймәлім. Осындай «ақтаңдақтардың» орнын толтыру бүгінгі тарихшылар мен әдебиеттанушылардың өзекті міндеті. Толарсақтан саз кешіп, шыбын жанын шүберекке түйіп, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін өмірлерін жорықпен өткізген ұлы аталарымыздың есімдері қандай да құрметке лайық. Қазақтың қазақ болып қалуы солардың арқасы. Халықтың өзін-өзі сақтап, ұзақ тарихи кеңістікте өмір сүре алуы өте күрделі құбылыс. Әсіресе, басқыншы, қуатты державалармен көрші отырған қазақ сияқты халықтар тағдыры тіптен ауыр. Қазақ халқының өзінің этникалық келбетін, ұлттық құндылықтарын, ең бастысы, ұлан-байтақ жерін сақтау жолындағы күрестері трагедияға толы. XVIII ғасыр қазақ үшін тағдыры таразыға түскен кезең болды. Қазақ жерін үш отаршыл державалар қыспаққа алды. Шығысында Қытай дендеп еніп, қазаққа тиісті біраз аймақтарға ие бола бастады. Солтүстіктен Ресейдің отарлаушы отрядтары сұғынды. Ал оңтүстік-шығыстағы Жоңғария көшпелі империясы Қазақ хандығын тікелей отарлауға көшті. Қазақ жерінің шығысы, оңтүстігі жоңғар шапқыншыларының қожалығында қалды. Міне, осы кезеңде қазақ халқының әлемнің этникалық картасынан мүлдем жоқ болып кетуі қаупі нақты байқалды. «Бол немесе бордай тоз!» деген сын сағат туды. Отаршылар қазақ жерін басып алуы барысында оның ұлттық белгілерін, отаншылдық санасын жойып жіберуге ұмтылды. Этноцидтік саясат қырып-жоюдан басталып, рухани мәңгүрттендіруге ұласты. Қазақ халқының тағдыры қыл үстінде тұрды.  


image descriptionСалтанат Ізтілеуова,
филология
ғылымдарының докторы,
Абай атында
ғы ҚазҰПУ-дың
«Т
ұлғатану» орталығының жетекші ғылыми қызметкері

Осы сыни кезең тарихына көз жүгіртсек, қазақ халқының арқа сүйері – ел мүддесі үшін жандарын шүберекке түйген, қан майданға қорықпай түскен, қырық руға бөлінген қазақтың басын біріктіріп, ортақ жауға қарсы күреске бастаған хандар, билер, батырлар мен қарапайым қазақ жауынгерлері. Сол ерлердің, қол бастаған батырлар есімдерін бүгін жаңғыртудамыз. Олардың көпшілігінің есімдері тарих қойнауында қалып қойды.
Қазақ үшін қасық қаны қалғанша күрескен батырлардың бірі – Жәнібек Бердәулетұлы. Жәнібек Бердәулетұлы шамамен XVIII ғасырдың басында туып, 1792 жылы, сексен жастан асып қайтыс болған. Ер Жәнібек орыс басқыншылығының, отаршылдығының аса ауыр әлеуметтік салдары болатындығын терең сезінген тұлға. Сондықтан ол Ресей бодандығын қабылдағысы келген жоқ. 1731 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайыр Ресей империясының бодандығын қабылдағанда Ер Жәнібек өзіне қарасты керей елін бастап, Сыр бойынан көшіп, Қалба тауына қоныстанып, одан әрі Алтай тауындағы қазіргі Шыңжаң өлкесіндегі қазақ жұртының байырғы мекеніне көш түзейді. Қазақ халқының сегменті болып табылатын Абақ керей жұрты осы жерді мекендеп, өніп-өсті. Бүгінгі тарихи ретроспективтік көзқарас тұрғысынан бағаласақ, Ер Жәнібек осы ерлік сапарымен қазақтың үлкен тайпасын Кеңес Одағының этноцидтік саясатынан сақтап, Кеңестік жүйенің зорлықпен ұжымдастыруынан болған аштықтан аман алып қалды. Орыс саясатының құрбаны болудан да құтылды. Сол жұрт қазақтың тілін, дінін, төл мәдениеті мен өнерін сақтап, бүгінге табыс етуде зор үлес қосты. Қазақ елі күн тәртібіне қойып отырған «Мәңгілік ел» болу идеясының жүзеге асуына Ер Жәнібектің ерлік әрекеттері өз үлесін қосты. Қазақ халқының бір бөлшегінің аман сақталып қалуының өзі қазақ ұлтының тарихи тағдырындағы маңызы зор позитивті құбылыс болды.
Әрине, Ер Жәнібек бастаған елдің өмірі тыныш, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды сүрген жоқ. Бұл жұрт та өзінің аман қалуы үшін жанталаса күресумен ғұмыр кешті. Ресей бодандығынан қашқан ел Шыңжаң өлкесінде Қытай империясының құйтұрқы саясатынан аяусыз зардап шекті, қырылды, қудаланды, жазаланды. Қазақ халқының тарихи мекенінде орналасқанымен, Ер Жәнібек ұрпақтары бодандық қамыттан құтыла алған жоқ. Осындай ауыр тағдырға қарамастан, Ер Жәнібек өз елін құрып кетуден, қырылып қалудан сақтап қалды. Оның бүкіл саналы өмірі қазақ халқына жасалған басқыншылыққа қарсы күреспен өтті. Ол Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Батыр Баян, т.б. ерлер секілді Абылай хан батырларының қатарында жоңғарларға қарсы соғыстың өтінде болды. Ер Жәнібектің есімі Абылай ханның батырларына қатысты жырларда кездеседі. Мысалы, «Қабанбай» жырында:
Кей жаман айрылады мал баға алмай,
Жарымес жаңылады сөз таба алмай.
Қабыкең қайғыланды дегенді естіп,
Келіпті өзі батыр хан Абылай,
Мінгені хан екемнің қарагер-ді,
Еседі бейне желдей қара жерді.
Қабекең қайғыланды дегеннен соң,
Батырдың өзі тұстас бәрі келді.
Қан құсты қайғылы боп ер Қабанбай,
Жауымнан қалам ба деп кек ала алмай.
«Намысын Қабекеңнің әперем» – деп,
Келіпті Қанжығалы ер Бөгенбай.
Жинаушы ек елімізді сары қазы жеп,
Шабатын біз қырғызға не қылып ек.
«Намысын Қабанбайдың әперем!» – деп,
Керейден іздеп кетті Ер Жәнібек! –
делінеді.
«Қабанбай» жырында Ер Жәнібектің есімі Абылай ханның маңында шоғырланған қазақтың беделді батырларының қатарында айтылды. Олар: Бөгенбай, көкжал Барақ, Малайсары, Райымбек, т.б. батырлар. Үш ғасырдан астам уақыт өтсе де, осындай батырлардың есімдерінің қазақ халқының тарихи жадында сақталып, жырларының кейіпкерлерге айналуы тегін емес. Міне, осы ұлы сүйіспеншілік пен жалпыхалықтық құрмет ұрпақтан ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде, рухани мұра ретінде беріліп келді. Бұл істе қазақ этносының ауыз әдебиетін дамытудағы ерекше санасы да өзінің ізгілікті ықпалын жасады.
Ер Жәнібек сияқты Абылай хан төңірегіне топтасқан батырлар туралы әңгіме қозғағанда олардың бүкіл қазақ жұртына сіңірген еңбегіне баса көңіл бөлгеніміз дұрыс шығар. Ер Жәнібек тек Керей елінің ғана емес, бүкіл қазақтың батыры. Себебі, олардың көзқарастары мен дүниетанымы рулық сана шеңберінен шығып кеткен. Ер Жәнібек, Қабанбай, Наурызбай, т.б. батырлар ұлттық тұрғыдан ойлайтын дәрежеге көтерілген мемлекетшіл тұлғалар. Қазақ батырлары өздері жекелеген рудың өкілдері бола тұра, сол рудың әскери жасақтарына қолбасшылық жасай тұра, өз руларының тағдырын қазақ халқының тағдырымен біртұтас құбылыс ретінде қарастырды. Олардың әрқайсысы өз руларын, тайпаларын жалпықазақтық мүдделерге қызмет еткізді. Қазақ ұлтының ортақ тағдыры үшін күресті. Тайпалық-рулық құрылымды қазақтық ортақ мақсат-мұраттарға қызмет еткізудің тамаша үлгісін Абылай хан бастаған қазақ баһадүрлері көрсетті. Жоңғарларға қарсы азаттық соғысы барысында тайпалық-рулық бөлінушілік болған жоқ. Керісінше, бұл фактор – қазақ халқын ұйытушы, біріктіруші рухани құбылысқа айналды. Абылай ханның дана басшылығына шоғырланған қазақ батырларының отаншылдық үлгісі бүгінгі «қазақстандық патриотизмнің» қайнар бұлағына айнала алады деген сеніміміз зор.
Әрине, тайпалық-рулық территориялық бөлініс, әр руға тән төл мүдделер, шаруашылық-экономикалық басымдылықтар болғаны да ақиқат. Бірақ та, рулық-тайпалық ерекшеліктер ортақ қазақи этностық мүдделердің, құндылықтар мен мұраттардың шеңберінен шыққан жоқ. Рулық-тайпалық құрылым қазақтың көшпелі қоғамының өмір салтына, саяси мүдделеріне жауап берді. Қазақ батырлары өз қоғамындағы осындай әлеуметтік-экономикалық шындықпен есептесті және оны ұлттың қорғаныс механизміне айналдыра білді. Рулар арасындағы дау-жанжалдар эпизодтық сипат алып, елдің билерінің өзара келіссөздері шеңберінде шешіліп отырды. Қазақ тарихында рулардың өзара ірі соғысы болған емес.
Ер Жәнібектің ерлік істерін қазақ тарихшылары жоғары бағалаған. 1910 жылы Қазан қаласының «Өрнек» баспасынан шыққан Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамса: Бес тарих» атты еңбегінде зерттеуші «Абылай заманында батыр, сардар болғандар Қаракерей Қабанбай, Алтыбай батыр, Ақтамберді батыр, Есмәмбет батыр, Матай-Шөңкей батыр, керей Жәнібек батыр, бөрі Ақпантай батыр, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Бәсентиін Малайсары батыр, бұлардың бәрі де қолбасшы жауынгер атанса да, қайраттысы Қабанбай болған», – деп жазады.
Тарихи еңбекте Ер Жәнібектің есімі қазақтың бетке ұстар батыр сардарларының қатарында аталуы тегін емес. Бұл жолдар Ер Жәнібектің Абылай ханның сүйенетін ірі әскери басшыларының бірі болғандығын, оның үлкен ерлік істерін айқын дәлелдейді. Ер Жәнібектің ірі әскер басы және қазақ хандары санасатын ықпалды қайраткер болғандығы туралы деректер Қазақстан тарихының Кеңестік кезеңде шыққан басылымдарында да айтылған. Бұл еңбекте Жәнібек батырмен, Бөгенбай батырмен Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың жақсы байланыста болғандығы көрсетілген.
Осы пікірлердің тарихи ақиқаттылығын қазақ жырауларының шығармалары да дәлелдей түседі. XVIII ғасырда өмір сүрген Үмбетей жырау «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту» атты жырында:
Аруағыңа болысқан,
Әділ билік қылысқан.
Қашпаған қандай ұрыстан
Керейде батыр Жәнібек,
Қаз дауысты Қазыбек,
Қу дауысты Құттыбай,
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай –
Абылай, сенің тұсыңда
Сол бесеуі болыпты-ай!
Кейі батыр, кейі би,
Тәңірім берген сондай сый!
Ұмыттың ба соны, Абылай! –
дей отыра, Ер Жәнібекті Абылай ханға аса жақын, оның ерекше құрметіне ие болған бес сардардың қатарында атайды.
Ер Жәнібекті қазақтың маңдай алды батырлары да ерекше ілтипатпен құрметтеген. Бұл туралы халық жадындағы аңыз-әпсаналардан мағлұмат аламыз. Батыр Жәнібекті жас кезінен-ақ Қабанбай мен Бөгенбай сынды қолбасшылар қасына ерткен, үлкен, кіші жорықтарға бірге шығып отырған. Өздерінен біршама жас кіші болса да, Ер Жәнібекті олар тең санаған. Жәнібекпен ақылдасып, ой бөліскен. Қалмақ-жоңғар басқыншыларына қарсы күрес жоспарларын бірге талқыласқан. Осының өзі Ер Жәнібектің бозбала шағынан бастап, бүкіл саналы ғұмыры қазақ халқының бостандығы үшін күресумен байланысты болғандығын дәлелдейді. Жорықтар барысында ол өзінің басын, жанын бәйгеге тігіп, талай рет жоңғар батырларымен жекпе-жекке шыққандығы да белгілі. Ер Жәнібек жоңғардың бетке ұстар талай батырларын жер жастандырып, қазақ жасақтарының рухын көтерген, жеңіске жол ашқан қас батырларының қатарында аталды.
Ер Жәнібек туралы айтқанда оны қазақ халқы тарихында өз орындары бар хан Жәнібекпен, арғын тайпасынан шыққан Шақшақұлы Жәнібек батырмен шатастырмау керек. Мысалы, Шоқан Уәлиханов «Исторические предания о батырах XVIII в» деген еңбегінде Жәнібек батыр деп Шақшақұлы Жәнібектің ерлігін айтады. Ол да Абылай ханның бір қолын басқарған, Орта жүз арғындарының сары – жетім руынан. Сонымен бірге, Шоқан өз жазбаларында Абақ керейлердің – қазақ халқының негізгі тайпаларының бірі керейлердің негізін салғандығын, олардың Қара Ертіс маңында Солтүстік-батыс Қытай және Моңғолия жерлерін мекендегенін айтады.
Ер Жәнібек Керейдің Жәнтекей руынан шыққан. Шамамен 1714 жылы өмірге келіп, 1792 жылы қайтыс болған. Әкесі Бердәулет Орта жүздің ең беделді биі Қаз дауысты Қазыбек бидің жиені болған деген дерек бар. Ал, Ер Жәнібектің өз нағашысы – Сарыүйсін Досымбек батыр. Ұлы Абайдың арғы атасы Ырғызбай Жәнібектің туған қарындасы Ермекке үйленген. Ер Жәнібектің жалғыз қызы Аймен Ыбырай Алтынсариннің әжесі болған.
Генологиялық деректер қазақтың текті адамдарының бірімен-бірінің туыстық тұрғыдан жалғасып жатқандығын дәлелдейді. Ер Жәнібектің асыл қасиеттерінің Абай мен Ыбырайға гендік дәрежеде ықпалы болғанын осындай туыстық байланыс­тар көрсетеді.
Жәнібек Бердәулеттей батыр әкесінің тәрбиесін алып өсті. Оның ауылы, жұрты ұдайы жоңғарлармен болған ұрыстарда зор шығындарға ұшырып, басқыншылармен жанкешті күресте өмір кешіп жатты. Осы жаугершілік жағдай Жәнібектің ерте есейіп, елін, жерін, халқын қорғау күресіне ерте араласуына ықпал етті. Ол бала кезінен-ақ қазақ батырларына еліктеп, елін жоңғардан азат етуді өмірлік мақсатым деп білді. «Ер Жәнібек» жырында жаугершілік заманда туған, қалыптасып, тәрбие алған жас батыр туралы:
Бесіктен белі шықпай «аттанды» естіп,
Осындай заманда өскен тайталасқан.
Жәнібек он екіге келгенінде
Ереуіл зор шайқасқа араласқан.

Жәнекең осылайша атқа мінген,
Уақтан Бармақ батыр қосына ерген.
Шайқалтып көк дөненмен жүргенінде,
Барша жан таңғалысты көзі көрген.
Жас батыр өзінің қайтпас қайсарлығымен Абылай ханның назарына ілігеді. Қазақ жауынгерлері жорықтар барысында Жәнібектің нағыз ержүрек, батыр болып қалыптасып келе жатқандығына көз жеткізеді:
Жұрт көрді жалындаған мына жасты,
Өлімнен қорықпайды тігіп басты.
Абылай өзі бастық зор шайқасқа,
Жәнібек тұңғыш рет араласты.
Жырда Жәнібектің өзінің ауылын қырып кеткен, талай ауылдастары мен туыстарын қанға бояған қалмақ батырымен алғаш рет жекпе-жекке шығып, кек алғандығы да айтылған:
Жәнекең жаудың алды жекпе-жегін,
Кетпеді ата-баба қаны тегін.
Асқынған Садыр сұмды қанға бояп,
Дариға-ай, қайтты алғаш кеткен кегім.
Батыр өмірінің сәттерін бейнелейтін жыр жолдары оның саналы ғұмыры толықтай қазақ халқының бостандығы үшін және өзінің туған жұртының тағдыры үшін арналғандығын дәлелдейді. Шоқан Уәлихановтың жазбаларында Абылай ханның қол астында керейлер мен уақтардың жасақтары өте көп болып, олардың басқыншылармен айқастарда шешуші роль атқарғандығы бірнеше мәрте айтылады.
Бұл деректердің ақиқаттылығын Үмбетей жыраудың Бөгембай өлімін «Естірту» толғауы растайтынын жоғарыда айттық. Жырау Ер Жәнібекті қазақтың аты аңызға айналған би, батырларымен тең қайраткер ретінде атайды, Алаштың ардагер ерлерінің қатарынан орын берді.
Ер Жәнібек асқан батырлығына қоса сұңғыла шешен болған тұлға. «Жәнібек айтыпты» деген өткір сөздер аңыздар арқылы бүгінгі күнге жетіп отыр. Ол өзінің халқын сақтау жолындағы ел көші жайында, Абылай ханмен арасындағы өкпе турасында да тамаша сөздер қалдырған деген деректер бар.
Ер Жәнібек жайында жазылған дүниелер бар. Бірақ та, олар аздық етеді. Сондықтан Ер Жәнібек тақырыбы әлі де терең зерттелуге тиісті деп білеміз. Қазақ батыры туралы деректерді аңыз, жырларымен қоса Қытай Халық Республикасының мұрағаттарынан іздеу де қажет шығар. Себебі, Ер Жәнібек хандардың Ресейге қосылу саясатын қолдаған жоқ. Қазақ халқын орыс империясының отарлау саясатынан құтқармақ болды. Бірақ аймақтағы өзгерістер Ер Жәнібектің бастап барған елін Қытай империясының отарлық езгісінен құтқара алмады. Ежелгі қазақ жерінде Қытай отаршылдары жергілікті халықты ирредентаға айналдырды, зорлық-зомбылық көрсетті. Осыған қарамастан, Қытай мемлекетіндегі қазақ жұрты өзінің ұлттық бет-бейнесін сақтау жолында қолдан келгеннің барлығын істеді.
Ер Жәнібектің ақ Туын көтерген оның ұрпақтары талай мәрте отарлаушыларға қарсы көтерілістерге шықты. Шығыс Түркістанды мекендеген халықтың Ер Жәнібек рухани тірегіне айналды:
Жәнібек батыр шыққан бұл Абақтан,
Ту алып, тұлпар мініп даңқы шыққан.
Сондықтан Абақ керей жауға шапса,
Жәнібек, Жәнібек! – деп ұран­датқан, – деп Ер Жәнібектің ақ Туының астында оның ұрпақтары талай айқастарға барды. Жеңді, жеңілді. Осы рухты бүгінгі күнге дейін сақтап, алып келді. Сондықтан, қазіргі қазақ жұрты Ер Жәнібектей батырларының рухы алдында қарыздар. Осындай батырлар есімімен, ісімен және үлгісімен бүгінгі ұрпақты тәрбиелеуге мүдделі. Елді сақтаудың, жерді сақтаудың, халықты сақтаудың ерлік үлгісін біз Ер Жәнібек есімімен де байланыстырамыз.
Қазақ хандығы заманында елдің билері мен батырлары өз руларын басқару арқылы жалпықазақтық мүддеге қызмет етуге ұмтылған. Әсіресе, негізгі жау жоңғар басшыларына қарсы күресте рулардың, тайпалардың одақтасуы анық көрініс берді. Тайпалық сана мен сепаратистік көңіл күйді қазақ билері мен батырлары жеңе білді. Әрине, жалпықазақтық ортақ ұю үрдісі қайшылықсыз болған жоқ. Бірақ қазақтың рулық-тайпалық құрылымы қазақ хандығы кезеңінде өзіне жүктелген әлеуметтік-саяси функцияны толыққанды орындады деп есептеуге болады. Қазақ халқының рулық-тайпалық құрылымы саяси феномен ретінде жасампаздық қызмет атқарды. Сондықтан, бұрын қалыптасқан қазақ қоғамының саяси құрылымы туралы біртекті негативті бағаны қайтадан қарастыратын уақыт келді. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік құрылым өткен тарихтың құндылығы ретінде өзінің әділ бағасын алуға тиісті.
Қазақтың Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Қанжығалы Бөгенбай, Батыр Баян, Райымбек, Нияз батыр, Ер Жәнібек сынды батырлары түрлі рулардың өкілдері бола тұра, өз руларының жасақтарын басқара отыра, жалпыұлттық мүдделер жолында ерлікпен күресті. Олардың өмірі мен ерлік күрестері «Мәңгілік ел» идеясын орындау жолында қызмет ететін бүгінгі күнге үлгі. Олар өздерінің нақты істерімен ортақ мүддеге қызмет ету үлгісін көрсетті.
Ер Жәнібек те өз халқы, өз елі үшін күресе отыра, қазақтың тілін, ділін, мәдениетін, салт-дәстүрлерін сақтауға өзінің өлшеусіз үлесін қосты. Ер Жәнібектің есімі ұранға, оның ақ Туы азаттық күрес жолындағы символға айналды. Ер Жәнібек қазақ этносының сақталуына, бүгінгі күнге жетуіне, жаңаша жаңғыруына негіз жасап, ықпал етті. Сондықтан Ер Жәнібектің есімі қазақ ұлтымен бірге жасай береді, тарих бетінде өз елімен бірге жазыла бермек.

“Қазақ әдебиеті”

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі