///

Олжас Сүлейменов: «Еркіндік», «тәуелсіздік», әсіресе, «толық тәуелсіздік» секілді өте күрделі тақырыпты адамдардың ақпараттық кеңістіктерде талқыламағаны жөн

1001 рет қаралды
3

«Қазақ әдебиеті» газетінің №10 (3435) санында  ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зәмза Қоңырова, қазақтың бір туар ақыны, жұрт бетіне қараған абызы Олжас Омарұлы Сүлейменовпен әңгімелескен екен. Сол «КІМ ОТАНШЫЛ?» сұхбатты ұсынып отырмыз.

Абайламай істеген аусар әрекетің мүйізіңді емес, көзіңді шығаруы мүмкін. Мұндай тұста білектен гөрі, білікке көбірек күш түсіңкірейді. Ақылдың тайталасы бар-бар уақытта жеңіс іздей бермейді, көбіне-көп дұрыстықты іздейді. Дұрыстыққа салсаң, аз бен көптің, үлкен мен кішінің алысқаны емес табысқаны ләзім.  

Әбіш Кекілбаев.

olzhas-suleimenovЕліміздің болашағына байланысты көкейкесті тақырып – отаншылдық рух, соңғы кездері ел аузында жүрген абсолюттік тәуелсіздік хақында әлем азаматы Олжас Сүлейменовтің «Азаттық» радиосына берген сұхбатындағы «абсолюттік тәуелсіздіктен қорқамын» деген сөзінің жаңғырығы ғаламторды сарабдал саясаткерлердің ақыл сарабынан гөрі, саясат сахнасын белгілі бір мақсатын іске асыруға пайдаланатын бірді-бірге айдап салғыш ойыншылардың, қосақ арасында өзін көрсетіп қалуға тырысатын әсіреқызылдардың ойын алаңына айналдырып жіберді. Шын мәнінде отаншыл кім? – халқының рухы тәуелсіз бола отырып, қорғаныс, алыс-беріс мәселесінде көршілерімен өзара тәуелділікте бейбіт қатар өмір сүріп, өркендеп өсуін, ұрпағының болашағын ойлайтын салмақты саясаткерлер ме, әлде, саясаттағы өзін көрсетуді мақсат тұтып, елді арандатып, бар әлемде тек біз ғанамыз деп ұрандайтындар ма? Осы орайда Олжас Сүлейменовтен түпкі ойын оқырманға тарата түсіндіріп беруін өтінген едік.

Зәмза Қоңырова: 
– Соңғы кездері отан­шыл­дық мәселесі Ук­раинаны дүр сілкіндірді. Мұндай көңіл-күй Қазақстанда да байқалады. Тіпті, кейбір жас жур­налистер Сізді отаншылдық­қа қайшы сөздер ай­тады деп те кінәлайды. «Түркіс­тан» газетінің қа­раша, желтоқсан айла­рын­дағы сандарында «Ол­жас Сүлейменов қазақ­тың толық тәуелсіз­ді­гінен неге қорқады?», «Олжекем қазақ тәуелсіз­ді­гінен қорқады. Не­ге?» деген мақалалар жария­лан­ды.
Ғаламторда да, баспасөзде де Сіздің сөзіңіз­ді сан-саққа жүгірткен талқылаулар толастар емес.Мы­салы: «Азаттық» радиосына орысша сұхбат бер­ген әлем азаматы Олжас Сүлейменов Қазақ Елі­нің толық тәуелсіз бол­ғаны­нан қорқа­тынын мә­лімдепті. Олжас Сүлей­меновтің қазақ тәуел­сіздігіне және қазақ тіліне қатысты солақай сөй­легені бір бұл емес. Әлем бас иген ұлы тұлға­ның ұлттың сойылын емес, импер­иалис­тердің сойылын соғатыны қынжыл­та­ды», – деп жазады жур­налист Есенгүл Кәп­қызы.
Сіз көптен бері – жазбаша жауап мәселенің мәнісін жан-жақты қамтуға мүмкіндік береді. Ал жол-жөнекей ұстап алып, атүсті қойылған сұ­рақ­қа келте қайырылған жауаптан әңгіменің түп ­төр­кінін көзіқарақты оқырман мен тың­дар­ман бол­маса, былайғы жұрт үстірт түсініп қа­ла­ды, – деп, газетке ауызша сұхбат беруден қаш­қақ­­­тай­сыз. Ал радионың сұрағына ауызша бер­ген жауа­быңыз осындай түсініктерге әкеп соқ­ты. Сол сұрақтар мен жауаптарыңыз есіңізде ме?
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ: 

– Меніңше, сұрақтар қазақ­ша да, орысша да болды. Мен орысша жауап бердім. Қате түсінілуі мүмкін аудармасын емес, өзімнің жауабымды беруі керек еді. Мыңдаған тыңдар­мандар мен оқырмандарды адастырмас үшін «еркіндік», «тәуелсіздік», әсіресе, «толық тәуел­сіздік» секіл­ді өте күрделі тақырыпты жеткілікті дайындықсыз адам­дардың ақпараттық кеңіс­тіктерде тал­қы­ламағаны жөн. Саясаттың жоға­ры математика­лық есебін шешуге ұмтылмас бұрын, алдымен сая­сат­тағы көбейту таблицасын меңгеріп алу керек.
Көпұлтты Қазақстандағы қазақтардың «то­лық тәуелсіздігі» дегеніміз не? Жүздеген ұлт­тардан құралған 17 миллион халқы бар мем­ле­кет­тің құрамында 10 миллион қазақтың қазір не­месе болашақта толық тәуелсіз болуы мүмкін бе?
Журналистер болмасты армандамас бұрын осы сандарға ой жүгіртуі тиіс еді. Сондықтан да осын­­дай құрғақ қиял жастар арасына да таралып кете ме деп қорқамын. 2х2=4 болатыны секілді, жер бетінде толық тәуелсіз ешбір халық жоқ, жә­не ешқашан да болмайтынын естен шы­ғар­маған жөн.
ТМД көлемінде бір ғана ұлттан құралған жал­ғыз мемлекет – Армения. Онда бәрі – 100% дер­лік армяндар. Оларды толық тәуелсіз халық деп атауға бола ма? Шынында нағыз бақытты ма? Жоқ. Олар да басқа халықтар секілді алыс- жа­қын көршілерінен тәуелді! Үнемі қауіп күтумен өмір сүреді.
Ғайыптан тайып аңқаулар армандағандай ұшан теңіз байлығымыз бен ұшы-қиырсыз кең аймағымызда ат төбеліндей қазақтар өздері жеке қалғанын елестетіп көрейікші.
Сонда бізді алдан не күтеді? Толық тәуелсіз, ба­қытты ел бола аламыз ба?
Не болатынын мен болжап берейін. Бөлініп ке­теміз. Өткен ғасырлардан бері әлі күнге халық­ты біріктіретін ұлттық сана-сезім қалыптаса ал­ған жоқ. Әзірше жергілікті аталастық, рулық, жүз­дік сана-сезімнің басымдығы байқалады. Бұл пікір­мен ешбір саясаткер таласа алмайды. «Отаншылдардың» кейбірі «толық тәуелсіздік» тура­лы қызулана айта бастаса-ақ, оның негізгі ойы­ның түбінде аталастық, рулық, әрі кеткенде жүз­дік пікір жатқанын түсіне қоямын.
Болашақ Адайстан туралы немесе Қазақ елі­нің басқа қиырларындағы осындай жобаларды естімеген ешкім жоқ шығар? 
Әзірше бізді біріктіріп ұстап тұрған Төртінші жүз – Республикамыздың көп ұлттан құралған халқы. Қазақ халқының тұтастығын сақтау үшін де Төртінші жүзді сақтау керек.
Толық тәуелсіздік туралы қиял қай халық үшін де қауіпті саяси инфантилизм. Анығырақ айт­қанда, балалық аңқаулық.
Ал Қазақстанның нағыз отаншылдарына не істеу қажет?
Республика халықтарының ұлтаралық және тап аралық өзара тәуелділігін саналы түрде жете түсінуіне тәрбиелеуі қажет. Бұл – біздің тұтас­ты­ғымыздың негізгі шарты. Бұл – қазақ халқының болашағының кепілі. Денедегі ағзалар секілді біз­дің халқымыздың ұлттары өзара тәуелді. Кө­п­ұлтты қоғамның асқақ мақсаты – осы!
Жүрек, бауыр мен бүйрек басқа ағзалардан толық тәуелсіздікті армандай алмайды. Осы тұ­жырымды халықтың жете түсінуіне көмектесу – Өкімет (экономикалық және ішкі саясаттағы сауаттылығымен) пен қаламгер зиялылардың міндеті.
Біз жалпыға бірдей өзара тәуелділіктің Даму Заңдылықтарын біртіндеп түсініп келеміз. Планетамыздағы алыс-жақын көршілерімізбен өзара тәуелділігіміз туралы білігімізді үнемі жетілдіріп отыруды естен шығармауымыз керек. Мыңдаған жылдар өзара қарым-қатынастағы, 7 мың километрге созылып жатқан ресми ортақ ше­карамыз бар Ресейден толық тәуелсіз бола ала­мыз ба? Немесе Қытайдан? Сондай-ақ, Қыр­ғыз, Өзбек, Түркмен, Әзірбайжаннан? Қазір де, ешқашан да бола алмаймыз!
Біз де, сондай-ақ, олар да бір-бірімізден өзара тәуелділігімізді терең ұғына алсақ қана бейбіт қатар өмір сүріп, әрқайсысымыздың да қалаға­ны­мызша өсіп-өркендеуімізге қолайлы жағдай туындайды.
Алғаш 1979 жылы Ташкентте өткен Азия мен Аф­рика елдері жазушыларының конфе­рен­ция­сын­дағы баяндамамда жариялаған менің философиям – осы. Содан бері барлық құрлықтар мен ха­лықаралық кездесулерде жетілдіре түсіп, ха­лы­қ­аралық жағдайларды сараптай отыра, ұста­нымымның дұрыстығына көзімді жеткізіп ке­ле­мін.
Кеңестер Одағы тарағанға дейін мен нәсілдік кемсітушілікті айыптайтын Халықаралық Три­бунал­дың мүшесі ретінде Африканың, Азия мен Оңтүстік Американың соғыс өрті шарпыған ел­дері – Ангола, Мозамбик, Эфиопия, Руанда, Ау­ғанстан, Камбоджа, Ливанда болдым. 90-шы жыл­дары соғыс өрті тұтанған Әзербайжан, Грузия, Чечня, Ингушетия, Молдова, Тәжікстанға ара ағайындық мәмлегерлікпен бардым. Бай­қа­ға­ным, сол елдердегі соғыс өздерінің аралас ұлт­ты мемлекеттеріндегі этностарды толық тә­уел­сіздікке жеткізбекші болған саясаткерлердің тә­жірибесіздігінен басталған. Украинадағы қа­зір­гі жағдай да осындай.
Мен секілді көп жасаған, ел арасына соғыс өр­тін тұтатуға себеп болған қиын түйіндерді ше­шу­ге атсалысып, келісімге қол жеткізуде мол тә­жі­рибе жинақтаған бірде-бір қазақ жоқ бола тұ­ра, ұлтаралық қатынастардан білері аз кей­бі­реулердің отаншыл емес деп, ел алдында ақыл ай­тып, ашықтан-ашық айыптайтынына таң­ға­лам.
Тағы да косып айтарым:
Қазақтар түгілі, 17 миллион халықтың иелі­гін­дегі мұнайы, металы, алтыны, күмісі, ураны, кө­мірі – Менделеев таблицасының бар бай­лы­ғы­на тұнып тұрған 2 миллион 700 мың шаршы ки­­лометр аймаққа қоса жүздеген миллион гектар құнарлы егіс алқаптары мен жайылымдық жер­лері бар мемлекетімізге де көршілерінен то­лық тәуелсіз болуға болмайды.
Ал көршілеріміз – Ресей 150 миллион, Қытай – 1 миллиард 300 миллион, Өзбекстан – 30 мил­лион, тағысын-тағылар.
Кім бізге өзіміз игере алмайтын осынша бай­лық­ты жеке билетіп қояды. 
Ашығын айтқанда, бізді құтқаратын Ресеймен тарихи қалыптасқан достығымыз! Нағыз қа­зақ отаншылдары осыны мойындауы тиіс, ал бұл достықты бұзуға тырысатындар, шындығында Қазақ елінің болашағына қарсы әрекет жасап жүргендер.
Зәмза Қоңырова: 
– Біз ежелден – ауыл­ша­руа­­­шылықты ха­лықпыз. ХХ ғасырда қазақ­тың біраз бөлігі қа­ла­лық болды. Дегенмен, басым бөлігі әлі де ауыл­­­да тұ­рады. Халықтың бұлай бөлінуі, әри­не, оның са­на-сезімі мен көз­қарасына әсер етпей қоймайды. Кей­бір «социологтар» ауылдан қалаға оқуға, жұ­мыс істеуге келген жас­тар­ды мәмбеттер, ал қа­лада өскендерді – шала­қазақ­тар деп атайды. Бұ­ған Сіз қалай қарайсыз?
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ: 
– Ауылда өскендердің санасында ата­лас­тық, рулық ұғым дамыған. Астанаға (Астана немесе Алматы) келген жастарда жүздік түсінік пай­да болады. Уақыт өте осы солқылдақ таным ұлт­тық сананы қалыптастыра бастайды. Өйткені, қа­лада ауылдан келгендерді бір атаның, рудың не­месе жүздің өкілі деп емес, қазақ деп қа­был­дайды. Мұндай қарым-қатынас адамға оның ал­дымен қазақ, содан кейін барып қана бір ата­ның, ру­дың, жүздің өкілі екенін ұғындырады. «Мәм­бет­тің» ұлттық сана-сезімі осындай күрделі жол­дармен дамиды.
«Шалақазақтың» үлгісі қарапайым.
Мен Алматыда тудым. Орыс, ұйғыр, өзбек жә­не де басқа ұлыстардың арасында өстім. Біз­дің шаңырақта ешкім де қай рудың, қай атасынан та­райтынын есінде ұстамайтын. Қазақ екенімізді ға­на білетінбіз. Және айналамыздағы бөтендер жиі-жиі ескертіп қоятын. Кейде біздерге, ба­ла­лар­ға қатты ескертетіні сондай, үнемі жұ­ды­ры­ғымыз түюлі тас-түйін жүретінбіз.
Ауылдықтарға қарағанда, қалалық қазақ­тар­дың ұлттық сана-сезімі ертерек дамыды. Аны­ғырақ айтқанда, бөтен орта бізді отаншылдыққа мәжбүрледі.
Өз халқыммен мақтанғым келді. Сондықтан та­рихқа ден қойып, ұлтымды ұлықтайтын деректер іздедім. Жарты ғасырдан астам әлемдік дерек көздерінен түйірлей теріп, уыс толар дерек жи­надым. Уыстағаным батпандай алтын болып шық­ты. Осы деректерді «1001 сөз» кітабымда топ­тастырып, қазіргі қазақтың айбынын асырып, ру­хын көтертетін тарихи нағыз қазақтың бейнесін сом­дамақшымын.
Әр сөзімді талқылауға тырысып жүргендер ме­нің осы көпжылдық еңбегіме көңіл қойса дұ­рыс болар еді.
«Түркістан» газетіндегі осындай сын мақала­лар­дың бірі менің алдымда жатыр. Сөзімнің ая­ғын­да сол мақаладан бір мысал келтірейін:
«Олжекең сол баяғы қалпында. Өз ұлтының ұлт болып тұтасып, жеке ел болуына күмәнмен қа­райды, абсолюттік бостандықтан қорқады. Дәл осындай идеяны қырғыз халқының ұлы перзенті Шың­ғыс Айтматов та айтқан еді. Егер елі үміт арт­қан тұлғалары елінің тәуелсіз болуынан қор­қатын болса, қарапайым халықтың алға, ертеңгі кү­ніне деген сенімі азаяры даусыз», – дейді Е.Кәп­қызы.
Есенгүл Кәпқызы, көргені де, түйгені де, білгені де мол, өмірлік тәжірибесі жеткілікті, алды-артын арыдан ойлап, алыстан болжайтын адамға сөз айту мәдениетін игеретін жасқа келгеніңізді ескертіп қойған теріс емес-ау деп санаймын.
Шыңғыс Айтматов Қырғызстанның тәуел­сіз­ді­гіне сенді, бірақ бұл терминнің елінің билігі мен байлығы үшін күрескендердің ұғымындағыдан бас­қашарақ екенін түсінді. Ол әрқайсысының өз кө­семдері де «абсолюттік тәуелсіздікті» аңсайтын бір­неше рудан құралған Солтүстік пен Оңтүстік бо­лып екі «жүзге» бөлініп кететінін бол­жа­ған­дық­тан, халқының «абсолюттік тәуелсіздігіне» қар­сы болды.
Қазіргі білімді қырғыздар Шыңғысқа сенеді. Мен мұны білемін.
Басқа сұрақтарыңа тақырып-тақырып бойын­ша келесі жолы жауап берейін.
Зәмза Қоңырова: 
– Уақыт бөліп, әңгі­мелес­кеніңізге рахмет, аға! Деніңізге саулық, ісіңізге сәт тілеймін! Жазар көбейсін!

Әңгімелескен Зәмза Қоңырова,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Кезінде өзі ел билей алатын дәрежеде болды. Бірақ…

  2. Орыстар неге “Алжас Амарович” дейтінін енді түсіндім. Дегенмен орыстан да анда- мұнда бір сөз шығып қалады.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі