//

Арғымақтар туралы әйдік жыр

1370 рет қаралды

Ақын Бақытбек менің шәкірттерімнің бірі. Осындай дарынды шәкірт тәрбиелегенімізді мақтан тұтамын. Ақынның балалық шағы әлі көз алдымда. Өзінің тең құрбыларының алды, әсіресе әдебиетті сүйіп оқитын үздік оқушы еді. Батырларша сауыт сайманын асынып, үлкен образбен Маханбеттің өлеңдерін түйдек-түйдегімен шабыттанып жатқа айтатын. Бақытбектің ақын болуына қазақ тілі, әдебиеттен дәріс беретін дарынды, жас ақын ұстазы Кәкей Жаңжұңұлы ықпал етті. Кәкейді ақындық жолындағы алғашқы ұстазы санады. Оның «Мен қазақпын» және «Сан жүректер сырына жақын болғым келеді. Қанат беріп жырыма Ақын болғым келеді» дейтін өлең жолдарын жаттап өсті. Кәкей өзін Қажым Жұмалиевтің шәкіртімін деуші еді. Бірақ жас ақын енді кемелденген шағында

«…Жібек жырдың жұлдызы, Жұмақ жердің құлыны, Ғұмырыңа көппе еді,                                                                                                        Жыр иесі-Көк бөрі…» деп Бақытбек жоқтаған ақын ұстазы ұшақ опатынан мерт болды. Осындай жыр маржандары төгіліп тұрған дарынды ақыннан дәріс алған балауса ақынымыз бүгінде қанаты қатайған, Алтайдың ақиығы сияқты тұғырына қонған текті ақын болды. Бақытбекке тектілік қайдан дарыды? Ақынның өзі жырлаған «Бұлғын деген Байөлгейдің басындағы үкісі, Бұлғақтатып, байлап қойған, айналайын шешесі…». Әнші Бұлғын, бұлбұл Бұлғын атанған Бұлғын өлкесінде, Алтын Алтайдың ең биік шыңы, басын мәңгі мұз басқан Тәңір тауының баурайында туып, сол мұздықтардан бастау алатын, табиғаты әсем, Бұлғын өзеннің мұздай суық суына шомылып өсті.

«…Іңгалап туып, баурында,

Құзына қарап қаз тұрдым,…

Қанып ішіп, қайнарын,

Ат жалында талпындым.

Тауда туып, тауда өстім,

Таумен жаным тағдырлас.

Кеудемдегі жүрегім,

Таудан сірә айнымас» дейді ақын. Бақытбек ақын    «…Абақ керей-Ителі Күйігінен, Топайдың торы айғырдай үйірінен…» тарайтын арғы атасы – «Алтын аралдың арғымақтарының» бірі – Шудабай би, бергі атасы- қара сөздің желмаясы, қара өлеңнің дүлдүлі болған Зейнолда мен Сәтейдің баптауында, мойындарына асылып, сарқытын ішіп өсті. Міне,тектілік осылардан дарыды. Қазақ поэзиясының уызын енді тата бастағанда Бақытбектің ауыл-аймағы түп қотарыла көшіп, жусан мен қымыздың иісі аңқыған, қаймағы бұзылмаған қазақ ортасынан 2000 шақырым алыстап, Моңғолияның Орталық аймағына қоныстанды. Моңғол тілін үйреніп, орта мектепті үздік бітіріп, Ленинградтан бөліс алу, ауыл баласына оңайға түскен жоқ. Жас инженер жүз мыңдап жортқан қарақұйрық пен жиреннен басқа тірі жанның табаны тимеген Моңғолдың қиыр шығысындағы сағым даладағы темір жол бойында, онан қазақ деген сөздің өзіне тілі бұратылып, өмірі қазақты көріп дидарласпаған Моңғолдың оң түстік Гови аймағы- Дорно Говидің шөлін қиып өтетін темір жол бойында, ең шалғай аудандарда қызмет етіп, қазақша сөйлеуге зәру болған бір неше сағым жылдар артта қалды.Сол тұста,

«Хасаг, мейілі Қайсақ де Хасог, Казах,

Недесеңде қан, жаным асыл Қазақ.

Қазақпын мен Қазақтың бөлшегімін,

Қажеті не, басқаның өлшемінің.

Қазақ деген жалғыз ұлт мен боламын,

Жер әлемге жетеді, көпке үнім» — деп жырлады.

90-жылдың басында азғантай Керей қазағының басына бақ құсы қонып, Моңғолияның ішкі өлкесін қоныстанып жүрген 100 от басы қасиетті қара шаңырағын вогонға тиеп, алғаш рет КСРО-ның алынбайтын қамалы болған шекарасын бұзып, елім-айлап Атамекенге қопарыла көшті. Бақытбекте осы тарихи оқиғаның басы қасында, ұйымдастырушыларының бірі болды. Керей қазағы бұдан бұрын қанша рет қопарыла көшкенін тарих саралай жатар. Бұл көш-Қ. Жұмаділов айтқандай, біз үшін ең соңғы көш еді.

Шын тілесе Тәңірім береді екен,

Береді екен, бергені ерен екен.

Үкілі хат әлемге таратылды,

Бір той өтер дүниеден ала бөтен.

Ақтарылды алғысым, мархабатым,

Көкірегіме басып ап, заман хатын.

Алып ұштым бабамның аманатын,

Қызған мейілі, қызғанба,

Менің сүйген–

Қазақстан – Алғашқы махаббатым! деп ақын жырлаған махаббат, сырттағы бар қазақтың арманы, шын ғашық болған махаббаты еді. Сол кездегі қуаныш, алып ұшқан сағымды сезімді жеткізу мүмкін емес. Табанымыз жерге тигенше қуаныш пен күдік санамызды мазалай береді. Тура қиял ғажайып ертегінің кейіпкері сияқтымыз. Тек, жас ақынымыз қолына қаламын алып.

Қазақ келед, сүйінші, қуан Қазақ!

Қанша қайғы, қанша сор, көрген азап.

Басқа көштен бұл көштің орны бөлек,

Қазақ көшті қазаққа елім-айлап.

Қазақ келед, тарихын зерттейін деп, Аттан!

Десең арғымақ ерттейін деп.

Ұрпақ қамын жеп келед, Ата жұртқа,

Араласып, басқамен кетпейін деп… келетін жыр маржандары сол сәтте-ақ төгілген еді.

Ақынымыз аңсаған арманына жетіп, қазақ поэзиясының мұхит айдынына сүңгіп кетті. Қазақ поэзиясы алыптарының жыр маржандарын шөлі қанғанша оқып, нәр алды. Іште бұғып жатқан дарын, шабыт селдің тасқынындай лақ етіп, мұхит айдынына келіп қосылды. Осылай,

«Азат азан айтқанда дала таңы,

Ата жұрттың ашылып алақаны.

Ана Отанға оралды аңқылдаған,

Ақиықтың ақырғы балапаны»…

Ақын жырлары «Панасы қара шаңырақ, Тамыры Ғұннан арырақ»… Ер Түрік-Тоныкөк, Күлтегіннен тараған Қазағымның аруақты рухы, от, ар-намыс, қан мен жан, тіл мен діл, күш пен қуат, атаң мен анаң, Отан, Туған жер, Ата жұрт туралы сан орамды ой маржандарын оқыған сайын өзіңді баурап алатын жүрекке жақын жырлар. Ақынның өз тілімен айтсақ –

«Саналы ой, салмақты мұң, қоңыр дауыс,

Сөзімнің бірі алтын, бірі күміс».

Ақынның бала жастан қалыптасқан шындықты бетке айтып, жағатсуды білмейтін өр мінезі қоғамның кейбір адамдарына жақпайтын. Өсіп жетілуіне кедергі де болды «…Заманым ұрт, еркіме жібермеді, Алып қашсам, аямай жүгендеді. Ақылдассам, Көк бөрім жотамдағы, ізе бүкпе, тіліп түс, тік өл!»- деп жырлауы сондықтан.

Біз бүгін тұсауын кесіп отырған «Алтын аралдың арғымақтары» кітабының кейіпкерлері сол Көкбөрінің ұрпақтары, өмірде болған, бүгінде аты аңызға айланған жанды образдар. Соларды қайта жандандырып, бүгінгі ұрпаққа жеткізуі-ұрпақ сабақтастығы, ұлттың рухани жаңғыруының жарқын көрінісі. Бұл кітап сонысымен құнды. Алтайдың «Алтынды аралында» туып-өсіп, өз дәуірінде ел мен жерін қорғаған батыр, ел билеген шешен, сал-серінің соңғы жұрнағының өкілдері, соңғы Арғымақтары туралы әйдік жыр.

Солардың бірі – Абақ керейдің сал серілерінің ең соңғы буыны, «Айыр шоқ, сылдыр моншақ Көпес» атанған Бүлтікейұлы Жұмажан сері туралы сөз қозғайын.

Айқасқа атының төрт аяғына бірдей жіліншігіне алтын- күміспен аптап, білезік салып, ер-тұрманын сылдырмақтармен безендіріп, бөркінің айыр шоқ үкісі бұлғақтаған «Айыр шоқ, сылдыр моншақ Көпес» атанған алаштың ең соңғы серісі болса керек. Ол-өте шебер, атақты зергер, халық емшілігін бірге алып жүрген қолы шипалы, тұрмыс тіршілігі төменгі  топтағы адамдарға мейірімді, қайырымы мол, үстіндегі киімін шешіп, астындағы түсіп беретін жомарттығы үшін «Көпес» атанған. Сауық- сайранға үйір, әншілігі, айтыскер ақындығымен маңайына өнерлі жастарды топтастырған, өнермен мәдениетті жоғары бағалайтын жан екен. Сері атамыз төрт ұлына бірдей ақ көйлек, қара мешпет кигізіп, алтын-күмісін жарқыратып, аса бір салтанатпен ән-жырын әуелетіп тойға барады екен. Сондықтан болар, елішінде «Жұмажанның қара ала сауысқандарынша» деген тәмсіл сөз қалған еді. Мен осы «Айыр шоқ,сылдыр моншақ Көпес» атанған Бүлтікейұлы Жұмажан серінің туған немересі, серінің кенже ұлы Сүлейменнің баласы болғанымды мақтан тұтамын. Кітапта Сері атам туралы ақын былай жырлайды.

… «Жерден биік, бесінде күннен бері,

Өңкей қасқа, ала аяқ міңгендері.

Төртеу шықты әндетіп, белегірге,

Сейіл, думан, ерте кеш жүрген жері.

Анар төстің танадай түймелері,

Жалт еткенде пай тілің күрмеледі.

Алтын-күміс, құймалы жалтылдайды,

Айыр шоқтың айшықты сүрмелері.

Саптама етік, былғары тігер елі,

Сірі өкшесі қақтаған тіремелі.

Сегіз қабат, таралғы үзеңгіні,

Жарасады шалқая шіреңге

Ақ тамақты алқынтып именбеді,

Алқалы кит, ақ торғын кигендері.

Сары сүйекті сияқты балқытатын,

Байқаусызда Серінің тиген жері.

Әдеп,көркем күлімдеп көркіндегі,

Бұлғақтайды үкісі бөркіндегі.

Аты алған аумақты әлем жері,

Бөлек бітім, бұлардың төркін-тегі.

Тамағында бұлардың жұмағы әннің,

Жасын тиып, жұбатқан жылағанның.

Өсті тете өзгеден өнерге елтіп,

Төрт ұлы да өлеңші Жұмажанның.

Өрге салса өршелеп, төске өрлеген,

Той думанда ешкімге дес бермеген.

Өмір көркін, шетінен әнші, зергер,

Өлең, күймен өрнектеп кестелеген.

Төрт қырынып, күніне жасайды мұрт,

Сөзбен түйреп, сыртынан матайтын ұрт.

«Жұмажанның қара ала сауысқаны»-

Десіп, көсеп, айдарлап атайтын жұрт.

Құс кеуделі, қимылы қиығында,

Домбырасы үкілі иығында.

Анау, Сері, ылдымды, ыңғай жастан,

Мысқыл жортқан, қияқты миығында»… Қандай көркем керемет теңеумен суреттеу. Сері сән салтанатымен көз алдыңда тұрғандай елестейді.

Көздері гауһкар тастан түйме таққан,

Бөркінің айыр шоғы бұлаң қаққан.

Күмістен білезікті, сұлу атты,

Сылдырлап, моншақтары сылаң қаққан.

Зергерді аңыз болған кім білмеген,

Көріктің оты сөйлеп, күлдірлеген.

Дем берген дертті жанға қолы шипа,

Қолында домбырысы күмбірлеген.

Мұқтаждан аямаған қолда барын,

Атанған жомарт Көпес ол бір дарын.

Алашқа аты мәшкүр Сері атаның,

Ұрпағы ұмытпаймыз ақ дидарын».-

Ақынның осы бір айшықты өлең жолдарын Сері атам Жұмажанның басына қойылған мәңгілік ескерткіш құлпы тасына қашап жаздырған едім.

Біз ақын Бақытбектен шөлімізді қандыратын әлі талай орамды жырларды асыға күтіп, шығармашылығынан зор табыс тілейміз.

Еңбек ардагері, құрметті ұстаз Арқалық Сүлейменұлы, Талдықорған

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі