///

Сайрагүлге «Пана іздеуші тұлға» куәлігі берілді!

965 рет қаралды

Сайрагүлге «Пана іздеуші тұлға» куәлігі берілді!

Конституцияда айқын көрсетілгендей, Қазақстан Үкіметі босқын қабылдайды. БҰҰ-ның 1951 жылы қабылдаған «Босқын мәртебесін беру туралы» Конвенциясы мен 1967 жылы қабылдаған Протоколына қол қойғанбыз. Ондағы талаптарды қабылдап, босқындар қабылдайтын елдер қатарына қосылғанбыз. Ол бойынша жеке өміріне қауіп төнген, сөйтіп бізден сауға сұраған жанға босқын мәртебесін беріп, арашалап қалуға келіскенбіз.

Ауғаннан ауып келгендерге босқын мәртебесін бердік

Күні бүгінге дейін Қазақстан Үкіметі 700-ге жуық адамға саяси босқын мәртебесін берген екен. Бұл – 2017 жылғы дерек.

Олардың 90 пайызы Ауғаннан келгендер екен. Біздің елден баспана алған босқындардың дені – Сүрия, Сомали, Өзбекстан, Таяу Шығыс пен Мысырдан. Бұл – БҰҰ Жоғарғы басқармасының Орталық Азия істері жөніндегі өкілі Эдуарда Ирезабальдың дерегі.

Ал, ҚР ІІМ 2016-2017 жыл аралағында 88 адам босқын мәртебесін алды деп отыр. Ауған, Сүрия мен Украинадан 16 отбасы көшіп келген екен. 2016 жылы 70 адам келген. 13 отбасы және 15 жекелеген тұлға тіркелген. Оның ішінде 68 адам ауғандық. 1 адам Украинадан, 1 адам Сүриядан қашып келген. 2017 жылы 18 адамды қабылдаппыз. 3 отбасы және 1 жеке тұлға. Бұл – 18 адам Ауғанстаннан ауып келгендер.

Сайрагүлге саяси босқын мәртебесін беру ісі

«Abai.kz» ақпараттық порталы Қытайдағы саяси қысымнан сауға сұрап, Қазақстан территориясына заңсыз кірген Сайрагүл Сауытбайдың тағдырына қатысты 20-ға жуық мақала жазды. Бүгінде Қазақстан қоғамы (қазақтілдісі де, орыстілдісі де) түгел дерлік Қазақстандағы отбасына қосылуды сұраған Сайрагүлдің тағдырына алаңдаулы. Халықаралық ұйымдар мен Халықаралық басылымдар Сайрагүлге сауға сұрап Қазақстанның құзырлы органдарына хат жазды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атына жолданған хатта жоғарыда біз мысалға келтірген «Босқын мәртебесін беру» мәселесі сөз етілді.

Сайрагүлдің өзі де сот процессі кезінде шекараны заңсыз бұзып өткенін мойындап, жазасын өтеуге әзір екенін айтты. Сайрагүлдің жалғыз сұрайтыны – өзін Қытайға қайтармау болды. «Мені Қытайға жіберсеңіздер, ол жақта мені өлім күтіп тұр. Менің мұнда отбасым, балапандарым бар. Олар Қазақстан азаматтары. Менің жалғыз өтінішім: мені Қытайға жібермеңіздерші». Бұл – Сайрагүлдің өз сөзі.

Сайрагүлдің ісіне қатысты 3 сот процессі өтті. Соңғы отырыс 23-шілдеде Алматы облысына қарасты Панфилов аудандық сотында өтті. Келесі отырыс 1-тамызға шегерілді.

Дегенмен Сайрагүлге саяси босқын мәртебесін беру ісі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Осы мақсатта Сайрагүлдің адвокаты Абзал Құспан өз атынан және Сайрагүлдің атынан оған босқын мәртебесін беру туралы құзырлы орындарға өтініш жолдады. Сайрагүлдің атынан жазылған өтінішті күйеуі Уәли Сіләм (Қазақстан азаматы) мен белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызы Алматы облыстық Көші-қон басқармасына апарып тапсырған еді.

Аталған мақала жазылып жатқанда Жаркенттен сүйінші хабар жетті. Облыстық Көші-қон басқармасы Сайрагүлге «Пана іздеген адам» куәлігін берген екен.

Облыстық Көші-қон басқармасы Сайрагүлдің өтініші негізінде «Пана іздеген адам» куәлігін беру туралы шешімге келген екен. Ол үшін өтінішті Сайрагүлдің өзі жазғандығын анықтау және міндетті медициналық тексеруден өткізу үшін Көші-қон полициясы қызметкерлері Жаркентке барған. Бұл туралы бізге Сәуле Әбілдаханқызы хабарлап айтты.

Сайрагүлге «Пана іздеуші тұлға» куәлігі берілді

Сәуле Әбілдаханқызы, журналист:

– Біз әуелі Сайрагүлдің өтінішін облыстық Көші-қон басқармасына тапсыру үшін Талдықорғанға бардық. Облыстық көші-қон басқармасының басшысы Ержан Алтаевқа жолықтық. Ол кісі біздің апарған өтінішімізді қабылдап алды. Сайрагүлдің жайынан хабардар екенін айтты.

Негізі босқын мәртебесін берумен айналысатын арнайы бөлім Алматы қаласындағы Көші-қон полициясында екен. Алматыдағы бөлім бастығы Ғалым Сағатжанұлы деген азамат көрінеді. Біз құжаттарды түгел реттеп, сол кісіге тапсырдық.

Ғалым Сағатжанұлы қасына бір полиция инспекторын ертіп Жаркентке кетті. Бүгін-ертең Сайрагүлге «Пана іздеуші тұлға» деген куәлік береді. Ол куәлікпен Сайрагүл 3 ай мерзімінде Қазақстан аумағында жүріп тұруына болады. Сот өз барысымен өте береді.

Сот «Пана іздеуші тұлға» куәлігі бар адамды депортацияламайды. Өйткені ол куәлік іске тіркеледі. 3 айдың ішінде комиссия отырысы өтіп, Сайрагүлге босқын мәртебесін беру мәселесі қарастылады.

Олар Жаркентке барып, Сайрагүлдің өзі қол қойып жазған арызын тексереді. Яғни, өзі жазғаны рас па дегенді анықтайды екен. Одан кейін медициналық тексеруден өткізіп, куәлікке суретке түсіреді. Сөйтіп, куәлік табыстайды.

Мен Ғалым Сағатжанұлымен сөйлестім. Олар қазір Жаркентте жүр екен. Сайрагүлді медициналық тексеруден өткізіп, құжаттарын рәсімдеуді бастап кетіпті. Бүгін Сайрагүлге «Пана іздеуші тұлға» куәлігі берілді.

Заңға шолу

Жоғарыда Қазақстан Үкіметі Біріккен Ұлттар ұйымының «Босқындар туралы» Конвенциясына қосылғанын айттық. Ол бойынша біздің Үкімет саяси қудалауға түскен шетелдік тұлғаларға босқын мәртебесін бере алады. Тіпті, сондай мәртебені, босқын куәлігін біраз адамға бергенін де айттық.

Бізде «Босқындар туралы Заң» бар. 2009 жылдың 4 желтоқсандағы N 216-IV Заң. 2010 жылдың 1-қаңтарынан бастап қолданысқа енген. Қазір қолданыста осы Заң. Енді осы Заңнан бірлі-жарым үзінді келтірейік. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z090000216_

«Босқын – нәсілдік, ұлттық, діни сенімі, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалаудың құрбаны болу қауіпінің негізділігіне орай өзі азаматы болып табылатын елден тыс жерде жүрген және өз елінің қорғауын пайдалана алмайтын немесе осындай қауіп салдарынан мұндай қорғауды пайдаланғысы келмейтін шетелдік немесе осындай қауіп салдарынан еліне қайтып орала алмайтын немесе қайтып оралғысы келмейтін, өзі тұрақты тұратын немесе өзі азаматы болып табылатын елден тыс жерде жүрген азаматтығы жоқ адам». Бұл – «Босқындар туралы Заңның» 1-бабы, 1-тармағы.

«Пана – пана іздеген адамдарға босқын мәртебесін беру жолымен Қазақстан Республикасының аумағында қорғау ұсынылуы». Бұл – жоғарыдағы Заңның 1-бабы, 5-тармағы.

«Пана іздеген адам – уәкілетті орган босқын мәртебесін беру туралы өздерінің өтінішхаты бойынша түпкілікті шешім қабылдағанға дейін Қазақстан Республикасында пана сұрауға тілек білдірген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам». 1-бап, 6-тармақ.

«Пана іздеген адамның куәлігі – босқын мәртебесін беру туралы өтінішхаттың тіркелуін растайтын, уәкілетті орган беретін құжат». 1-бап, 7-тармақ.

«Пана іздеген адамдарды және босқындарды осы Заңда белгіленген тәртіпке сәйкес пана алу құқығымен қамтамасыз ету». 4-бап, 1-тармақ.

«Пана іздеген адамдардың және босқындардың ажырап қалған отбасыларының қосылуына жәрдемдесу». 4-бап, 4-тармақ.

«Босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату рәсімдерін жүзеге асыру жөніндегі комиссия туралы ережені әзірлейді және бекітеді, сондай-ақ аталған комиссияны құрады». 6-бап, 13.

«Уәкілетті орган босқын мәртебесін беру туралы өтінішхат тіркелген күннен бастап үш ай ішінде босқын мәртебесін беру туралы шешім қабылдайды». 11-бап, 1-тармақ.

«Шешім қабылдау үшін қосымша тексеру қажет болған жағдайларда түпкілікті шешім шығару бір жылдан аспайтын мерзімге кейінге қалдырылады». 11-бап, 1-тармақ, 2-абзац.

Пана іздеген адамның:

– Қазақстан Республикасының консулдық мекемесі арқылы босқын мәртебесін беру туралы өтінішхат беруге;

– шағымдану мерзімдерін қоса алғанда, босқын мәртебесін беру туралы өтінішхат бойынша шешім қабылдау рәсімі аяқталғанға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасында болуға;

– Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық қызмет көрсетілуіне;

– Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек ету бостандығына немесе кәсіпкерлік қызметке;

– мүліктік және жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар;

– босқын мәртебесін беру туралы шешім қабылдау үшін қажетті дәйекті мәліметтерді хабарлауға;

– денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде және тәртіппен міндетті медициналық тексеріп-қаралудан өтуге;

– Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға толық құқы бар.

Түйін. Біз Қазақстанның 2009 жылдың 4-желтоқсанында қаралып, 2010 жылдың 1-қаңтарында қолданысқа енгізілген «Босқындар туралы» Заңынан бірлі-жарым мысал тердік.

Енді бұл мысалдарды Сайрагүл ісіне қатыстыра отырып, түйін сөз жазайық. Сайрагүлдің отбасы, екі баласы Қазақстанда тұрады. Олар толыққанды ҚР азаматтары. «Пана іздеген адамдардың және босқындардың ажырап қалған отбасыларының қосылуына жәрдемдесу» 4-бап, 4-тармақ. Сайрагүлдің жағдайы осы талапқа әбден сай келеді.

Қазақстан Үкіметі сонау 2010 жылдан бері 700-ге жуық шетелдікке босқын мәртебесін берген екен. Олардың дені Ауғанстан асып жеткендер. Атасы басқа, тегі бөтен талай жұртты табалдырығымыздан аттатқан Астанадағы ақ жағалылар нәмі қазақ Сайрагүлге араша түспесе, масқараның көкесі сол болмай ма?!

Нұргелді Әбдіғаниұлы
www.abai.kz
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі