/

Шади есімді студент Сирияға кеткен ағасы жайлы: … Оның жалғызсыраған сәтінде жанынан тек сектанттар табылды

3086 рет қаралды
фото: www.tengrinews.kz сайтынан

ҚР ҰҚК Azattyq-қа берген соңғы ресми деректеріне сүйенсек, елімізден Сирия мен Иракқа кеткендер саны 1000-ға жуықтаған. Оның 120-сы ер адам, 250-і әйел адам, 500-і балалар. Тілшіміз Сирияға кеткен отандасымыздың қарындасымен сұxбаттасты:

 Шади(бүркеншек есім), 19 жаста. Алматы қаласының тұрғыны. Қазіргі таңда кең етек алған Сирияға көш бойынша, Шади де ағасынан айырылды. Оның ағасы осыдан 7 жыл бұрын ештеңе деместен, түсіндірместен Сирияға кетіп қалған. Қазір ағасы тірі ме, жоқ па, ешкім білмейді.

Ағам тірі ме, жоқ па, ешкім білмейді

Шади ағасы жайлы естеліктерімен тебірене бөлісті. Шәдиден оннеше жасқа үлкен ағасының жасы әлдеқашан 30-ға толып қойған.

«Ағам ер адам болғандықтан, әрине, қатал, қиындау жағдайда өмір сүрген (егер осылай деуге келсе). Оның балалық шағы  90-жылдармен тұспа-тұс келді. Әрине, еліміз тәуелсіздік алып жатқандықтан, бұл тамаша кезең, алайда жағымсыз тұстары да көп болды. Ата-анам  жұмыссыз болды, негізі бүкіл xалықтың жағдайы солай eдi. Сол себепті менің де ағаларым ерте есейді. Олар нан табудың сан түрлі амалын іздестірді. Ол кезде қоқыс жәшіктерін ақтару қазіргідей тым ерсі емес еді. Олар тіпті ит ұрлап, соны кәуәп қып жеу үшін тауға кететін», – деп күрсіне баяндады.

«Осының бәрін естігенде, шыны керек, өзім де біртүрлі боп кеттім. Жағдайдың соншалық қиын болғаны ма деп таң қалдым. Ішімнен сол қиындықты көрген ағаларымды енді ештеңе сындыра алмас деп ойладым. Негізі солай, менің ағаларым ірі, алып, алынбас қамалдай еді. Алайда, бәрі бірдей емес»… – деді де, кейіпкеріміз көз жасына ерік берді.

«Қазіргі таңда Сирия мен Иракта не болып жатқанын бәрі білетін шығар. Сондай-ақ, ол жаққа Қазақстаннан да адамдардың отбасымен, ол былай тұрсын, топ-тобымен кетіп жатқаны да ешкімге таңсық емес. Бұл үрдіс менің ағамды да айналып өтпеді. Иә, бір ағам осыдан 7 жыл бұрын сол Сирияға кетіп қалды. Бүгінде ол тірі ме, жоқ па, ешкім білмейді».

Кейіпкеріміз тиісті органдарға хабарласып, ағасын іздеп, хабарын білу үшін түрлі шара қолданып көрген. Алғашында тек тірі екенінен хабар алып, кейіннен тіпті хабарсыз кеткенін білген. ҚР СІМ де, ҰҚК де Шадидің ағасын іздеуде бұдан әрі қауқарсыз екенін айтып, тірі әлде өлі екенінен мүлдем хабар жоқ екенін жеткізген.

Ол Сирияға проблемадан қашып кетті

Телефон арқылы “Мен мұнда сендер үшін соғысып жүрмін. Осындағы сенімі жоқ (Құдайға) бір адамды өлтіріп, жәннатқа өзіммен бірге 70 адамды алып кетемін” дегенді естіген Шади де, отбасы да қатты таң қалады.

«Ол кезде мен небәрі 12-демін. Тіпті сол кезде мен “Ағам соншалық ақымақ болғаны ма?” деп ойлап едім. Алғаш естігенде ол жақ та біз сияқты өмір сүріп жатқан  қарапайым бір ел деп ойлайтынмын, кейін іздестіріп Сирия дегеннің не екенін ұқтым.
Ол біз үшін кеттім дейді. Бірақ ол проблемадан қашып кетті. Отбасындағы, жұмыстағы, т.б. проблемалардан қашты. Бірақ, ол проблемалар барлық адамның басында бар ғой. Оның сәтсіздігі сол – өмірінің осы қиындау кезеңінде «Салафиттермен» жолығуы болды» – дейді Шади.

«Ағам салауатты өмір салтын берік ұстанатын, спортпен шұғылданатын. Тұрақты жұмысы да бар еді, түнгі клубтардың бірінде күзетші болып істеді. Кетерінен бұрын әскерге барғысы келетінін айтып жүрген. Кейін жұмыстан шығып кетті, «әлгі» адамдармен байланысты.

Негізі ағамда ешқандай күйзеліс байқалған жоқ. Ол тіпті діни адам емес еді. Біздің әулетте барлығы намаз оқитын болғанымен, анам да, әкем де намаз оқыған емес. Анам тіпті мұсылман да емес.

Кейін ол бірден өзгеріп кетті. Намазға жығылды. Қысқа шалбар киіп, сақал өсіре бастады. Біз үшін дәстүр саналатын «ас қайыру» мен «Құдайы тамақ» сынды рәсімдерді дұрыс емес деп, мұның бәрі мұсылмандыққа қарсы дегенді айтатын болды.
Ағамның жалғыз жақын досы бар еді. Ол ағамды көрші ауылдағы достарымен, яғни сектанттармен таныстырған көрінеді. Алайда ол досы қазір осында – Қазақстанда. Мәселенің бұлай боларын ол да білмеген».

Жалғызсыраған сәтінде жанынан тек сектанттар табылды

Шади бүгінде ағасының Сирияға кетуіне, оның өмірінің осылай кенет өзгеруіне өзін де кінәлі сезінетінін айтып қалды.

«Бірақ, осының бәріне кінәлі біз. Бәрі оп-оңай. Оның анаммен қарым-қатынасы аса жақсы емес еді. Ол ер жеткен соң, тіптен назар аударылмай тыста қалды. Ол ешкімге қызық емес боп қалды, тіпті әке-шешесіне де. Ол әрдайым жалғыз болды. Жалғызсыраған сәтінде жанынан тек сектанттар табылды. Оны тыңдайтын адам болмаған кезде, тек сол сектанттар оның мұңын тыңдай алды немесе тыңдағандай болды. Біз бәріміз кеткендерді, оларды әкеткендерді кінәлап жүрміз. Алайда, кеткендерді кезінде тыңдай алмаған, тиісінше көңіл бөлмеген өзімізді кінәламаймыз. Мораль осы.

Ағам аман-есен қайтып оралса, оны қатты құшақтаушы едім, мүмкін. Шынын айтқанда, келеді, оралады-ау дегенге енді сенбеймін, үмітім үзілген. «Ол кісіден 2 айдан бері хабар жоқ» деген сөзді естігенде-ақ, күдерімді үзгем. Тек анам, қалай дегенмен баласы болғандықтан, жүрегі езіліп, әлі де баласының қайтып оралатынына сенеді. Алдамшы үміт, – деді Шади.

 Егер жақынымның орнына сол жаққа кету керек болса, бармас едім, ешқашан

«Мейлі мені өзін ғана ойлап қалған, тек өз қамын жасайтын эгоист деп-ақ ойласын. Бірақ, дәл қазіргі таңда мен бұл тақырып жайында жақсы білемін. Ол жақта не болып жатқанынан xабардармын. Сириядағы әйелдердің тағдыры мен жай күйі, өмірі жайлы да білемін. Балалардың жағдайы туралы да хабарым бар. Отбасымды, әрбір мүшесін ерекше жақсы көремін, өте қатты жақсы көремін, бірақ бәрібір біреуінің орнына ол жаққа баруға, өмірімді қатерге тігуге келіспес едім»

Айшолпан Керім

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі