////

Бақытбек Бәмішұлы: Қаңтардағы қасірет зары

1367 рет қаралды
фото: КоммерсантЪ

ҚР Бас прокуратурасының деректері бойынша, бүгінгі күні азаматтардың тергеу жүргізудің рұқсат етілмеген әдістеріне және құқықтарын бұзуға қатысты шағымдары бойынша құқық қорғау органдары тарапынан барлығы 98 қылмыстық іс тергелуде.
ҚР СІМ-нің Human Rights Watch ұйымының
«Қасіретті қаңтар» оқиғалары жөніндегі сауалына
02 ақпан 2022 күні берген түсініктемесінен

Менің өмірге келгенімнің өзі қылмыс екен, мәртебелі тергеушім.
Қажығұмар Шабданұлы

****

Қайран шешемді жылатқаным үшін,
Қара күркемді ұнатқаным үшін,
Құдайдай көрген Қара шалыма қойған,
Қаңылтыр пұтты құлатқаным үшін,
Қыздырған үтікпен жонымды қарып қызыл жендет етімді шыжғырды,
Қызыл асығымды сындырды.

Қажыған халқымды сатпағаным үшін,
Қарсымнан атқанда саспағаным үшін,
Қара нор болып толқыған халқымды,
Қару алып қасқа маңдайынан қалпақтай ұшырып атпағаным үшін,
Көзімнен ұрғанда жанар отым жарқ етті. Жасындай ұшты.
Талай боздақ өрімдей қара жер құшты.

Жағымпаздарға жақпағаным үшін,
Жаңаөзендіктерді жақтағаным үшін,
Жас жүрегімді жалау қып ұстап,
Жасқанып жаудан жатпағаным үшін,
Жағымнан ұрды. Жақ сүйегімді сындырды.
Жан дауысым айға жетіп шыңғырды.

Елімнің Туын биік қадағаным үшін,
Еркіндікті аңсап, қалағаным үшін,
Есемді езге бермеген,
Ежелден асыл таза қаным үшін,
Екі бүйірімнен тепті. Екі бүйрегімді езді.
Сонда да мысым мұқалып, сағым сынбасын сезді.

Ашынған ыза, кектерім үшін,
Ашылмас есікті тепкенім үшін,
Ажалдың оғынан емес, арамның оғынан,
Мамалап ұшқан кептерім үшін,
Алқымымды аяғымен басты. Қорқыратып қылқындырды.
Алатаудың бөктерінде Кеңсайдан елес боп шұрқырап шарасыз жылқым тұрды.

Отанды тастап кетпегенім үшін,
Обыр бір қартқа кет дегенім үшін,
Ойсыл қарадай ботасын іздеп,
Ордалы жерге беттегенім үшін,
Көбеме ине сұқты. Қанды көзі сондай сұқты.

Ақиқатты айтқаным үшін,
Ақиқатшыл сайтаным үшін,
Алпауытқа жем қылман деп
Атылғанда байтағым үшін,
Қасқа тісімді қағып алды,
Төбе шашымды тал-талдап жұлып алды.

Қылмысымды мойындағаным үшін,
Қазына тонап тойынбағаным үшін,
Ақ патшаның жандайшабы,
Жаламаның қолынан тірідей сойылмағыным үшін,
Қабырғамды қақыратып сөкті. Қара қанымды төкті.

Ай, өмір-ай, өмір-ай!
Жеп жатыр жездей жүйкені жебір қара мұң.
Өзіме-өзім жиіркеніп, жеріп қарадым.
Өзгеден емес өзімнен тартқан, жалған-ай,
Азапқа күйіп, өртеніп, жанып барамын.
Қылмысым шаш етектен екен.
Азабым өздік кесектен екен.
Туады бір күн жауапқа тартар,
Тәңірлік мен де есептен өтем.

05.02.2022 жыл

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар