////

Қоғамдық сананы манипуляциялау немесе пропаганда дегеніміз не?

16648 рет қаралды
иллюстрация Светлана Раздобаныкі

Қоғам белгілі идеологиялардың жетегінде өмір сүреді. Кейде бұл жетекке саналы түрде, кейде бейсаналы түрде еретіні болады. Қоғамдық сананы манипуляциялау сол идеологиялардың жетегіне қалай еріп кеткеніңізді білдірмейтін, байқатпайтын, бірақ күнделікті сіздің санаңызды улайтын тәсіл. Қоғам әдетте ақпараттың құрсауында немесе түрлі пропаганданың айтағында екенін түсінбеуі мүмкін. Алайда, қолында билігі бар топтардың өз ықпалын жүргізу немесе сөзін өткізу үшін қолданатын түрлі тәсілінің құрбанына айналып кету өте оңай.

Қазақ тілінде пропаганданы үгіт-насихат деп атау қалыптасқан. Алайда, біздің айтпағымыз тікелей үгітпен байланысты емес, біз насихаттың жасырын модельдері жайлы сөз қозғамақпыз. Насихат көбінде бұқаралық медиа құралдарын қару ретінде қолданады. Әлеуметтік желі пайда болғаннан бері бұл алаң қоғамдық сананы манипуляция үшін қолданатын негізгі орынға айналды. Бұл тек Қазақстан немесе Ресейде ғана емес, бүкіл әлемде орын алып отырған тенденция. Қолында билігі бар адамдар өзі көздеген бір мақсатқа жету үшін медиа инфлюнсерлерді (influencer) пайдаланады, соларға ақша төлейді, тек өздерінің сөздерін сөйлесе болды.

фото: Ашық дереккөзінен

Насихаттың немесе пропаганданың нақты анықтамасы жоқ. Алайда пропаганданың көздейтін бір мақсаты болады, оны тарату үшін нақты қаржы көздері ұйымдастырылады, арнайы топтар құрылады.

Пропаганда моделінің авторлары Герман және Хомскидің «Manufacturing Consent» (2002) деген кітабында бұқаралық медианың ХХ ғасырда екіжүзді саясаттың дамуына ықпал еткендігі айтылады. Әсіресе, бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс кезінде пропаганда өзінің шырқау шегіне жеткен. ХХІ ғасырда жаңа медиа технологиялары оның дамуын басқа сатыға көтерді. Мәселен, 2016 жылғы АҚШ-тың президент сайлауында әлеуметтік желілер саяси құрал ретінде пайдаланылды. Түрлі боттар сананы манипуляциялауға, жалған ақпараттар таратуға қолданылды.

Бүкіл әлем медиа мәтіндерді талдағанда америкалық саяси аналитик, әлеуметтанушы, лингвист Ноам Хомски (Noam Chomsky) ұсынған тәсілдерді қолданады. Ол қоғамдық санаға үстемдік ететін он түрлі тәсілді айтады. Олар:

  1. Қоғам көңілін әлденемен алдарқату, яғни маңызды дүниені дүрмекпен алмастыру. Қазіргі қазақ медиасында бұл өсек терумен, жеңіл-желпі көңіл көтерерлік ақпарат таратумен көзге ерекше көрініп тұр.
  2. Қолдан проблема жасап, оны шешумен айналысу. Мәселен, қазір бір топ депутат Қазақстандағы ең еркін контент әлеуметтік желілерді жабу үшін бір ілік іздеуде. Ол ілікті тапты да, балалардың бір біріне қысым көрсету, буллингке ұшырауы жиіледі деген желеумен, әлеуметтік желіні бұғаттауды бастама ғып көтеріп отыр. Немесе, Ресейдің Украинаға соғыс ашуы. Бұл ретте «Украинадағы орыстар мәселесі» қолдан жасалған проблема, ал Путин оны шешумен айналысып жүр.
  3. Бір мәселені сыналап енгізу, яғни қоғамдық сананы біртіндеп дайындау.
  4. Адамдарды болашақта болатын дүниеге қазірден бастап дайындау. Мәселен, әйелдердің зейнет жасы. Осыдан бірнеше жыл бұрын Үкімет әйелдердің зейнет жасын бірден 63 жасқа көтеру туралы бастама көтергенде, халық өре түрегеліп қарсы болғаны белгілі. Ал мемлекеттің қолданған тиімді тәсілі оны бірден емес, біртіндеп енгізу. Қазір халық оған көндікті, әрі дайындала бастады.
  5. Халықты надан көру немесе жас балаша алдау. Мемлекеттің шешілмеген түйткілдерін өзге арнаға бұру үшін, халықпен жас балаша тілдесу, алдау, ымыраға келу, олардың деңгейінде емес, жас баланың деңгейінде үн қату қалыпты жағдайға айналып кеткен.
  6. Нақты мәселелерді шешумен айналысқанның орнына, қоғамның эмоциясына ықпал ету. Мәселен, атқамінерлер елім, жерім және тілім деген мәселені жиі көтереді. Бірақ бұл мәселелердің барлығы абстракт, нақты проблема екінші планға ығыстырылып қалады.
  7. Сауатсыз адамды басқару оңай, сол үшін адамдардың сауатын көтермеу, әдейі танымдық ақпараттарды көңіл көтерумен алмастыру. Сіз үшін жалғыз жол біліміңізді үнемі көтеріп отыру.
  8. Білімді адам емес, білімсіз алайда халықтың көңілін көтере білген артистердің, тоғышарлардың, нансоғарлардың күні туып келе жатқанын дәлелдеп, олардан данышпан жасау.
  9. Барлық проблемаға халықты кінәлі етіп көрсету.
  10. Халықтың жағдайын халықтан артығырақ білу.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар