/////

Қазақстанда 29,5 мыңға жуық адам апатты баспанада тұрады

2673 рет қаралды
апатты жағдайда сүрілген үй. Көрнекі сурет. Суретті түсірген Айбатыр Нұраш

Биыл ақпанда Үкіметте тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселесі талқыланған еді. Отырыста индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев  2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй салынғандығын, тұрғын үй құрылысына инвестициялар өткен жылмен салыстырғанда 16,8%-ға өсіп, 2,9 трлн теңгеге жеткендігін хабарлаған еді. Алайда, статистикалық мәліметтер сөз бен істің арасы алшақ екенін көрсетеді. Яғни, жоғарыда келтірілген дәйектерге қарамастан, елімізде тұрғындар өміріне қауіп төндіріп тұрған апатты үйлер саны азаймай отыр.

 Сөзіміз дәлелді болу үшін фактілерді сөйлетіп көрсек, taldau.stat.gov.kz сайты тұруға қауіпті баспана саны жағынан Атырау облысы мен Астана қаласы көш бастап тұрғанын алға тартады. Атап айтсақ, іргетасы сөгілгелі тұрған Атырау өңірінде – 379, Астанада – 195 баспана бар.

Енді соңғы он екі жылдағы апатты үйлердің сандық динамикасын салыстырып көрейік:

Бұл жерде өңірлердегі апатты үйлердің саны тайға таңба басқандай көрсетілген. Байқағанымыздай апатты үйлердің ең жоғары көрсеткіші 2011 жылы 5 422-ге дейін жеткен. Көрсеткіш 2021 жылы 1801 баспанаға дейін төмендеген. Алайда былтырғы статистика бойынша 1 950 үй апатты деп танылған.

taldau.stat.gov.kz сайтындағы тағы бір ақпаратқа мән берелік. Біздің анықтағанымыз Қазақстандағы екі облыс пен бір қалада ғана өздері тұратын үйден тұрғындар өміріне қауіп жоқ.

Жоғарыдағы тізімде 2011 жылы 134 568 адам апатты үйді мекендесе, ең төменгі көрсеткіш 2020 жылдың еншісінде, яғни 24 441 адам тіркелген. Былтыр тізімдегі адам саны – 29 449-ды құраған. Ал еліміздегі ірі мегаполистің бірі – Алматыда 2019 жылы 49 589 отандасымыз тізімде тұрса, 2020 жылы тек 17 адам ғана тіркеуде болған. 2022 жылы бұл санатқа ешқандай тұрғын ілікпеген. Жамбыл мен Маңғыстау облыстарында бұл мәселеге қатысты былтыр нүкте қойылған.

Ал Атырау облысында – 7071 адам, Астанада –  4391 адам апатты үйде өмір сүріп жатыр.

Жалпы «Kezekte.kz» ақпараттық платформасының мәліметі бойынша, Қазақстанда баспанаға мұқтаж 638 710  () адам мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу үшін кезекте тұр. Оның 3 235-нің үйі апатты деген санатқа енген.

Үкімет отырысында биыл 15,3 миллион шаршы метр тұрғын үйді, соның ішінде мемлекеттік қолдау есебінен пайдалануға беру жоспарланғаны, тіпті бұл үшін кезекте тұрғандарға жылжымайтын мүлік сатып алуға жеңілдетілген несие және жалдауға субсидия беру көзделгендігі айтылды. Сонымен Үкімет 29 449 адамның үйге қатысты сұранысын өтей ала ма? Оны уақыт көрсетеді…

Динара Насыр,

БҚО

Бұл мақала Америка халқының көмегі арқасында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» аясында дайындалды.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар