Үндістан астанасы Нью-Делиде өткен Азия чемпионатында Қазақстан семсерлесу құрамасы екі алтын және үш қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте Жапония мен Корея Республикасынан кейінгі үшінші орынға тұрақтады.

Медаль сапасы бойынша еліміз Қытай мен Гонконгты артта қалдырды. Әйелдер арасындағы жекелей шпага сайысында Ирина Бакалдина алтын алып, ел тарихындағы тұңғыш Азия чемпионы атанды. Ерлер арасындағы жекелей шпагада Руслан Курбанов қола жүлдегер атанса, ерлер құрамасы командалық шпагада құрлық чемпионы атағын қайтарып алды. Сондай-ақ ерлердің командалық қылыш сайысында және әйелдердің командалық шпага бәсекесінде құрама қола жүлде еншіледі. Семсерлесу спортының мемлекеттік жаттықтырушысы Тимур Байтасов бұл жетістіктің отандық спорт дамуын көрсететін маңызды тарихи көрсеткіш екенін атап өтті.

Бұл табыс – ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан семсерлесу федерациясының бірлескен кешенді жұмысының нәтижесі. Қазіргі уақытта ерлер мен әйелдер шпагасы жаттықтырушы-кеңесші Александр Горбачуктың, рапира бағыты Олимпиада чемпионы Артур Ахматхузиннің, ал ерлер қылышы француз маманы Арно Шнайдердің жетекшілігімен дайындалуда. Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Алексей Писцов бұл жұмыстардың әлем чемпионаты мен Азия ойындары сияқты ұзақ мерзімді мақсаттарға бағытталған инвестиция екенін айтты. Федерация президенті Мирболат Абуов жүйелі стратегияның арқасында табысқа бірнеше сайыс түрінде қатар қол жеткізілгенін және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.
Түгелбай Бисен
Материал Қазақстан семсерлесу федерациясының берген мәліметтері
және фотосуреттері негізінде дайындалды
Парақшамызға жазылыңыз
