///

Трамп пен Ақ үй журналистерінің текетіресі: Кім жеңер екен?

140 рет қаралды
photo: BBC

photo: BBC 

Ақ үй қожайыны Дональд Трамп пен Америка журналистерінің арасында бітіспес майдан басталған секілді.

ДОНАЛЬД ТРАМП: “БҰЛ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ТАРАТУМЕН АЙНАЛЫСАДЫ”

Қыркүйектің 18-і АҚШ президенті Трамп америкалық CNN, MS NOW  және Politico үш ақпарат құралын Ақ үйге енгізбейтіні туралы мәлімдеме жасады. Бұл қадамын ол аталған медиа құралдарының “жалған ақпарат” тарататынымен байланыстырды.

CBS News 19-қыркүйекте Ақ үй MS NOW ақпарат құралының екі қызметкеріне кіруге тыйым салғанын жазады.

Трамп өзінің бұл тыйымы туралы Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.

“Мен CNN, MSNOW  және Politico секілді жалған ақпарат таратушыларды Ақ үйге енгізуге тыйым салғанымды мәлімдемекпін. Өйткені олар тұрақты түрде жалған ақпарат таратып келеді.  Ақпарат құралдары тұрақты түрде ойдан шығарылған дүниелер мен өтірікті жариялау беруі мүмкін емес қой. Әсіресе бұл АҚШ президенті Трампқа қатысты ақпараттарда жиі кездеседі. Ары қарай да жалған ақпарат таратушы басқа БАҚ-ты айқындайтын боламыз” деп жазды ол. 

Президент Трамп бұл тыйымның қалай қолданылатыны жайында нақты айтпады, дегенмен ол аталған БАҚты Ақ үйде көргісі келмейтінін жеткізген. 

CNN: БҰЛ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫМЫЗҒА ҚАЙШЫ

CNN журналистері бұл тыйымды Конституцияға қайшы деп есептейтінін айтып, сотқа жүгінген: 

“CNN біздің Ақ үйдегі командамызды және олардың объективті және нақты репортажын толықтай қолдайды. АҚШ Конституциясы бойынша, біз журналистік қызметімізді еш кедергісіз әрі биліктің араласуынсыз жүзеге асыра алуымыз керек.  Егер Трамптың сес көрсеткеніндей тыйым салынатын болса, бұл Конституцияда қорғалған негізгі құқығымызға қайшы келеді” деп жазған. 

Трамп шешімінен кейін көп ұзамай, аталған ақпарат құралдары сотқа жүгінген. Қыркүйектің 21-інде шағым берген журналистердің адвокаттары бұл тыйымның Конституцияға қайшы әрі президенттің іс-әрекетін сынағаны үшін жасалған қарымта шабуыл деп есептейтінін айтқан. Өйткені журналистер президентке жазған мақалалары ұнамағаны үшін ғана Ақ үйге ену құқығынан айырылып отыр. Оның үстіне, журналистерге бұл шешім туралы алдын ала ескертілмеген. Сол себепті де олар оған қарсылық білдіруге мүмкіндік алмаған. 

ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

Америкадағы медиа ұйымдарының көбі осы үш ақпарат құралын қолдау мақсатында Үндеу жариялады. Олар Трамп әкімшілігінің уәждері “әлемдік көзқарас тұрғысынан алалау” деген пікірде. Америка Әділет министрлігі Президенттің қадамын қолдап, “аталған ақпарат ұйымдарының репортаждары ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қауіп төндіреді” деп мәлімдеген. 

“Ақ үйге енуге мүмкіндік алу – заңнамалық құқық емес, артықшылық,” – деп жазды Ақ үй заңгерлері. Олар Ақ үйдің журналистерге тыйым салуының астарында “салмақты себеп бар” дейді. Өйткені олар БАҚ кәсібилігін талап ететін “минимал стандарттарды” және құпия ақпараттарды таратпауды қамтамасыз етуге тиіс. 

Әділет министрлігі Ақ үй баспасөз қызметінің аталған медиа ұйымдарының әрқайсысына Президенттің олардың пропускісінің күшін жойғаны туралы мәлімдеме жібергенін алға тартады. 

Журналистердің шағымын қараған судья Келли Ақ үйдің келтіріп отырған аргументтерінің тым тұманды әрі дәлелсіз екендігін айтқан. 

 
Келлидің медиа ұйымдарды ақтаған қарары дайын болардан бірнеше сағат бұрын, Трамп Ақ үйде Қытай лидері Си Цзиньпинді қабылдауға дайындалып жатыр еді. 

Бес телеарнадан тұратын телевизиялық пул президенттің қатысуымен өтетін шараларға қатысып, одан түсірілген видео материалдарды арықарай басқа телепулдың мүшелеріне, филиалдарға тарататын. 

Ақ үй корреспонденттері қауымдастығының президенті Fox News репортері Джеки Хайнрих “Біздің ұйым біздің әріптестеріміз CNN, MSNOW және Politico ақпарат құралдарын қолдайды. Олар өз жұмыстарын атқарғаны үшін ғана қудалауға ұшырап жатыр” деп мәлімдеді. 

“Конституция баспасөз бостандығын үкіметтің араласуынан қорғайды. Бұл ақпарат құралдарының жарияланымдары президентке ұнай ма, ұнамай ма, журналистердің қойған сауалы президентті ашуландыра ма, жоқ па, ол маңызды емес” деп мәлімдеген ол. 

Колумбия университетінің Бірінші өзгерту бойынша Найт Институтының атқарушы директоры Джамиль Джаффер прзеиденттің тыйымы “Конституцияға қайшы” деп мәлімдеді. 

21-қыркүйекте АҚШ-тың ірі телеарналары CNN, Politico және MS NOW ақпарат құраларын қолдау мақсатында ынтымақтастық білдіріп, Дональд Трамптың әрекеттері туралы ақпарат таратудан бас тартты. Барлық идеологиялық спектрге жауап беретін елуден астам БАҚ үндеу жасап, әріптестеріне қолдау білдірген. Олардың арасында Fox News, New York Times, Washington Post және Wall Street Journal бар. 

АҚШ Федералды судьясы 24 қыркүйекте Ақ үй басшысының тыйымының күшін жойып, медиа ұйымдарының Ақ үйге пропускісін қайтару туралы шешім қабылдады. Өйткені Трамптың бұл тыйымы Конституцияға қайшы. Алайда бұл шешімнің күші 14 күнге дейін ғана. Он төрт күннен кейін не болатыны әзірге беймәлім. 

Белгілісі Трамп пен журналистер арасындағы текетірестің Конгресстің аралық сайлауына бірнеше апта қалғанда басталғаны. Бұл сайлауда Трамптың партиясы Республикашылдар Конгрестегі басымдықты сақтап қалғысы келеді. Қазіргі қоғамдық пікірдің ауанын зерттеушілер Трамптың сауалнамадағы рейтингісінің өте төмен екендігін айтады. Оған Иран соғысы мен инфляция әсер етіп отыр. 

Трамп президенттігінің екінші мерзімінде өзіне ұнамаған ақпарат құралдарына қысым көрсетуді әдетке айналдырып алды. Былтыр жыл басында Associated Press журналистеріне Ақ үйдегі шараларға қатысуға тыйым салынды. Өйткені олар Трамптың “Мексика шығанағын” “Америка шығанағы” деп атау туралы нұсқауын орындаудан бас тартқан. 

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар