//

 Google қазақша жарнаманы қабылдамайды: Бұл қазақ тіліндегі контенттің таралуына кедергі

65 рет қаралды
 Google қазақша жарнаманы қабылдамайды: Бұл қазақ тіліндегі контенттің таралуына кедергі
photo: https://realize.com/marketing-hub/google-ads/

Қазақ тілі – Қазақстанның мемлекеттік тілі, мемлекеттік статистика бойынша, қазақ тілінде кемінде 13 миллионнан астам адам сөйлейді. Өкініштісі, Google Ads оны әлі танымайды. Сондықтан қазақша мәтіндегі жарнама мен мазмұн  қабылданбайды. «Мінбер» қоры осы мәселеге орай Google-ға ресми өтініш жолдады, бір тәуліктің ішінде бұл бастаманы қолдағандардың саны 200-ге жуықтады, жиырмаға жуық адам пікір қалдырды. Алайда бұл өтініштің жазылғанына он күн өтсе де, Google Ads командасы әзірге жауап бермеді.

«Мінбер» қоғамдық қоры Google Ad Grants бағдарламасына қатысады. Бұл — Google компаниясының қоғамдық ұйымдарға тегін жарнама беруге мүмкіндік беретін бағдарламасы. Біз оны жалған ақпаратты, фишингті және манипуляцияны ажыратуды үйрететін тегін медиасауат материалдарын тарату үшін пайдаланбақ болдық.

Бірақ қазақша жарнамаларымыз қабылданбады. Google Ads-тың ережесі бойынша жарнама мен сайт беті Google компаниясының қолдау көрсететін тілінде болуы керек, ал қазақ тілі бұл тізімде жоқ. Сол себепті де біздің жарнамалар қабылданбады.

Бір қызығы,  Google қазақ тілін Google search,  Translate, Android, Gmail мен YouTube секілді басқа өнімдерінде бұрыннан қолдайды. Тек жарнама жүйесі ғана қазақша «сөйлемейді».

Бұл неге маңызды?

Қазақ тілді оқырмандардың сенімді фактчекинг пен медиасауат көздері әлдеқайда аз. Ал жалған ақпарат пен алаяқтық тіл таңдамайды. Бұл олқылықты толтыратын ұйымдар бар, бірақ олар өз жұмысын қазақша жарнамалай алмайды.

Тек Үкіметтік емес ұйымдар ғана емес,  сонымен қатар қазақтілді БАҚ, университеттер, шағын бизнес пен жеке авторлар да өз аудиториясына жету үшін Google қызметін қолдана алмайды. Олар орыс немесе ағылшын тілінде жарнама беруге мәжбүр.

Осы бір келеңсіздікті шешу үшін «Мінбер» өтінішті үш жолмен жеткізді:

  1. Google for Nonprofits қолдау қызметіне ресми сұрау жіберді.
  2. Google Ads жүйесі арқылы өнім командасына ұсыныс жолдады.
  3. Google Ads Help Community форумында ашық өтініш жариялады.

Форумдағы өтінішке бір тәулікте 20-дан астам жауап жазылды. Қолдау білдіргендердің арасында «Жанашыр» халықаралық қоғамдық қоры, “Әділ сөз” Сөз бостандығын қорғаудың халықаралық қоры, Almaty TV, «Ақ Жайық» сайты, AITU, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, сондай-ақ Алматы, Астана, Шымкент пен Атыраудағы кәсіпкерлер мен педагогтар бар. Бір пайдаланушы бұл сұрақты жылдар бұрын өзі де қойғанын жазды.

Ендігі қадам не болады?

Қазақтілді ұйымдар бір коалицияға бірлесіп, Google компаниясына  ашық хат жолдауды жоспарлап отыр. Хатта төрт талап бар: Google Ads-қа қазақ тілін қосу, жаңа тілдер сыналатын пилотқа Қазақстанды қосу, жоспар туралы ақпарат беру және коалициямен байланысатын өкіл тағайындау.

Google қолдау көрсететін тілдер тізімін жиі жаңаламайды, әрі мерзімін алдын ала жарияламайды. Сондықтан өтініштің салмағы оны қанша ұйым мен адам қолдағанына байланысты.

Қалай қолдауға болады?

  • Форумдағы өтінішке Google аккаунтыңызбен кіріп, өз сөзіңізбен жауап жазыңыз.
  • Ұйымыңыз коалициялық хатқа қол қойғысы келсе, форманы толтырыңыз.
  • Google Ads аккаунтыңыз болса, Help → Send feedback → Suggest an idea арқылы өтініш жіберіңіз.
  • Осы мақаланы қазақ тілінде жұмыс істейтін әріптестеріңізге жіберіңіз.

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар