//

Жаңаөзен оқиғасы бойынша құрылған Үкіметтік комиссия төрағасы Ө.ШҮКЕЕВ мырзаға!

570 рет қаралды
1

Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісі

депутаттығына «Руханият» партиясынан үміткер

Қайрат Бодауханның мәлімдемесі

 

 Қазақ сан ғасыр бойы аңсаған тәуелсіздігіне бүкіл әлемді қамтыған жүйелі өзгерістер кезеңінде, 20 ғасырдың соңында қол жеткізді. Жас мемлекет 20 жылды ірі жетістіктермен қарсы алдық. Ата бабамыз сан ғасыр аңсаған Тәуелсіздік қастерлі ұғым. Оны сақтау, қорғау әр қазақтың басты міндеті және борышы!  Алайда, жуықта Жаңаөзенде болған оқиға баршамызды  қатты алаңдатқаны белгілі.

Осы оқиғаға байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның төрағасы Сіздің 20-желтоқсан күнгі ҚазТАГ және ақтаулық «Лада» газеті арқылы таратылған пікіріңіз барша қазақстандықтармен бірге Атамекенге келген миллионнан астам қандастың және шеттегі 5 млн. ағайынның көңіліне қаяу салған өрескел қадам болды. «..оқиғаға кінәлі оралмандар, сондықтан оларды басқа өлкелерге көшіру керек ..» деп мәлімдеуіңіз, мемлекет пен ұлттың абыройына, береке-бірлігіне үлкен сын болды деп есептейміз! «Еншісі бөлінбеген Алашта» ұлтты жеріне, тегіне қарай бөліп-жару қазақтың арғы-бергі тарихында болған емес!

Елбасымыз Дүниежүзіқазақтарының IV құрылтайында  «Азаттықтың елең-алаңындағы күрделі кезеңге қарамастан көшіміз көлікті болды… Қазақстан дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбыласы! Қазақстан әлемдегі барша қазақтың құтты қарашаңырағы!» деп баға берген еді. Қазақстан егемендігін алысымен Атамекенге қарай ағылған қандастар тәуелсіздікпен бірге жасасуына, елдің саяси, қоғамдық, рухани өміріне қосқан өзіндік үлесіне тарихи баға беру әлі алда деп түсінеміз.

Қоныс аударған қазақтың бірі мен де алдағы сайлауға бағымды сынауға бел буып отырмын. Бұл қадамым – тәуелсіздіктің баяндылығы мен елдік жолында өзіндік пікірімді талқыға салудың бір мүмкіндігі, ең бастысы жалпықазақтық мүдденің жемісі, ел саясатының шынайылығының жемісі деп бағалаймын! Бағдарламамызда рухани мәселелер, экологиялық проблемалар, әлеуметтік және көші-қон мәселелері, жергілікті өзін-өзі басқару сияқты т.б. бағыттар қарастырылған. Осы орайда, Жаңаөзен оқиғасы бізге үлкен сабақ! Халық пен билік алшақтығын пайдаланып, ел тыныштығы мен берекесін бұзатын күштер аз емес!

Түркітанудың классиги В.Радловты таң қалдырған тілдік және мәдени жағынан бірегей қазақ ұлтының жаһандану заманында өз Атамекенінде қағажау көруге, сын тезіне нысан болатын негізі жоқ.  Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұдайы ескертетін “қазақтың отаны-біреу, ол – Қазақстан” деген ұлағатты сөздің парқын жете пайымдауға шақырамын! Атамекендегі қазақ, шеттегі қазақ, оралман қазақ  деген түрлі категорияға бөліп жіктеуге, яғни ұлттық бірегейлік пен бірлікке нұқсан келтірудің жолын қарастырып отырған іштегі және сырттағы саяси астыртын күштердің арандату әрекетіне желеу беруге әсте болмайды. Яғни, айтуда атүстілік, асығыстық таныттыңыз, біржақтылыққа бой ұрдыңыз!

Көші-қон,оралмандар мәселесі мемлекеттік стратегия ретінде әркез ел саясатынан ұмыт қалған емес. Алайда, атқарушы биліктің қырсыздығы мен оралмандардың  саяси, құқықтық шектеулігі көп тауқыметтердің дер кезінде шешілуіне мүмкіндік бермеді. Атқарушы биліктің немкетті әрекетінің кесірінен қоғамдағы әлсіз топқа оралмандардың бір бөлігі қосылды және елдегі  әлеуметтік ахуалды ұшықтыруға себепкер болды.

Саясаттағы перспективалы беделді тұлға Сіздің комиссия төрағасы ретінде Жаңаөзен оқиғасына оралмандардың қатыстылығына байланысты объективті түрде баға беруіңізді сұраймыз!

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Ұлт, Рух, Тіл үшін
    Біз қазақтар атам заманнан бері ұлтымызды мақтан тұтып ардақтап келген халықпыз. Бабаларымыз небір қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешіре отырып ұлттық салт-сана, дәстүр, өнер, ата кәсібін бүгінгі бізге жалғастырып кетті. Ендгі біздің міндет сол ата дәстүр, салт-сананы болашақ ұрпаққа бұзып-жармай сол қалпында жеткізу.
    Қазақ елі дербес мемлекет құрып, өз алдына тәуелсіз ел болғалы бері 20 жыл өтті. Ел тәуелсіздігін жария етісімен елбасы Н.Назарбаев шет елдерде тұратын қандастарын атамекені Қазақстанға шақырды. 1990-жлдардың басында ұлы көш басталып, ғасырлар бойы жат жұртта жүріп атамекенін сарғая сағынған қазақтар ата-бабасының қара шаңырағы Қазақстанға қайта орала бастады. Осылайша Қазақ Елі бір кезде тағдырдың тәлкегімен шетелге ауа көшіп кеткен қандастарын ат-көлігін сайлап беріп қайта көшіріп алды. Оларға экономикалық, рухани көмек көрсетіп, басына үй тұрғызып, бауырына қазан салып берді. Қарашаңырақтың бұл жомарттығына оралмандар да, қазір шет елдерде өмір сүріп жатқан қазақтар да дән риза. Сондықтан да олар тәуелсіз қазақ елінің өсіп, өркендей беруіне тілектес, әрі өздерінің қал қадерінше Қазақелін көгертуге үлес қосуды өз борышы санайды.
    Тәуелсіздіктің 20 жасын тойлаған соң іле-шала 21-жылына аяқ басар кезеңде Қазақелі үкіметтің парламенті депуттарының сайлауын өткізгелі отыр. Осы орайда, атажұртқа оралған қазақтардың да қатарынан үміткер ретінде атын ұсынушылар шығуы заңдылық.
    Ел ішінде оралмандар туралы түрлі пікірлер айтылып жүргенін білеміз. Кейбіреулер байырғы тұрғылықты қазаққа жетпей жатқанда бір кезде шетке қашып кеткен қазақтарды әкеліп қайтеміз, жалпы оралмандар бізге не береді, олар сауатсыздар десе, көші-қон жөніндегі іс-шаруаны басқарып отырған кейбір жоғары лауазым иелерінің өзі небір ауыр сөздер айтып, оралмандарды да шетте жүрген қазақтарды да ренжітіп жүр. Оған ауқымды шара қолдануды былай қойып, басу айтқан жылы сөз аз естіледі. Осы тұрғыдан қарағанда оралмандардан депутат сайлап өз өкілеттігін үкіметтің жоғарғы орнында отырғызу заман талабынан туған қажеттілікке айналғанын уақыт көрсетті.
    Сайлауға даярлық барысында Руханият партиясы көшіп келгені тәуелсіздікпен құрдас болатын Моңғолиялық оралмандар қатарынан мәжіліс депутатына бір кандидаттың атын ұсынды. Бұл ұсыныс аталмыш партия сайлауда 7 пайыздан кем емес дауыс алғанда ғана іске асуы мүмкін көрінеді.
    Руханият партиясы басқа партиялар сияқты Қазақелінің экономикалық, әлеуметтік дамысын алға бастыруды мақсат етумен қатар қазақ тілін, ділін, ұлттық ерекшеліктерін сақтау, жалпы қазақ мәселесін көтеру, осы мәселенің құрамдас бөлігі болып саналатын оралмандар мәселесін дұрыс жолға қою сияқты т.б. ахуалдарға баса назар аударып отыр.
    Сондықтан, Қазақ ұлты үшін ең өзекті мәселені ұстанып отырған осы партия үшін дауыс берсеңіз ел болашағы, қазақ халқының болашағы үшінгі ұлық іске өз үлесіңізді қостым деп біліңіз!

    Қатран Орынбайұлы

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі