///

Мұхтар Сеңгірбай, саясаттанушы: Митингіге рұқсат берудің 7 себебі (Билік идеологтарына достық кеңес)

2528 рет қаралды

Ескерту: Бұл әзіл де, сарказм да, утопия да емес, елдің ішкі тұрақтылығы мен бірлігін нығайту мақсатындағы қарапайым идеялар.

Өкінішке қарай, полицейлердің бейбіт тұрғындарды “өңгеріп” кетіп бара жатуы, әлдебір “ұрысқа” дайындалған жүздеген полицей, алаң маңында қаптаған автозак, тәртіп сақшысының қолтығында ашына ышқынған әйел… осының барлығы соңғы бір жылдың ішіндегі Қазақстандағы саяси мәдениеттің көрінісіне айналды. Бір кездері ешқандай шеру, демонстрация өтпейтін, яғни халқы тату-тәтті, “бейбіт” елдің идеал көрінісі бұзылып жатыр.

Тозығы жетсе де, әлі күнге Қазақстанның саяси билігінің басты идеологиялық ұстанымына айналған “бейбітшілік деген – митингінің жоқтығы” деген түсінік ескірді. Ол тіпті биліктің өзіне зиян болып тиіп, қарсы топтың қарасын көбейтіп, наразылықты одан сайын күшейтіп жатыр.

Бейбіт шерулер туралы жаңа заң да митингіні міндетті түрде билікті төңкеруге алып келетін әлдебір құбыжық сияқты қарастырған. Биліктің бұл ұстанымы халық пен өкімет арасындағы диалогты нашарлата береді.

Сонымен өкіметке жалпы демонстрация, көшедегі шеру атаулыға көзқарасты түбірімен өзгертуді ұсынамыз.

Ол үшін билік шетелдегілері бар, іштегілері бар, белсенді жұрт демонстрация ұйымдастырса, олардың өз ойын толық айтуына, алаңда қанша тұрса да, тұра беруіне мүмкіндік беруі керек. Митинг өтеді деп көрсетілген орындарды қоршамай ашып қойсын, ешқандай музыка да, концерт те болмасын, жарыс та ұйымдастырмасын, дезинфекция да жасамасын. Полицейлер мен арнайы жасақ алаңды қоршамасын. Қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында барған полицейлер күлімсіреп қарап тұрсын, тіпті керек болса, келгендерге жол сілтесін. Медициналық жедел жәрдем қызметкерлері азаматтардың қан қысымын өлшеп, дәрі-дәрмегін берсін. Ыстық шай, ас-ауқат ұйымдастыруға да, орындықтар қойып, шатыр тігуге де болады. “Хабар”, “Қазақстан” сияқты мемлекеттік телеарна журналистері митинг орнына барып, тікелей репортаж жүргізіп, жұрттың ой-пікірін эфирден берсін.

Қажет болса, халықтың талабына қарай дәл сол жерде түрлі мекеме өкілдерінің қабылдау пункттерін ашуға да болады. Айталық, баспана, несие, әлеуметтік көмек, жер реформасы мәселелері бойынша арнайы мамандар, әкім-қаралар барып, жұртпен сөйлессін. Үкімет өкілдері халыққа түрлі ақпараттық брошюра таратсын, ролик көрсетсін, түсіндірсін.

Жиналған халық күш қолданбау, экстремизмге, билікті күштеп құлатуға шақырмау, араздықты қоздырмау сияқты жалпыға ортақ принциптерді ұстанса болғаны.

Әлемде болып жатқан митинг, демонстрация атаулының 99,9999 пайызы белгілі бір қоғамдық мәселені шешуге бағытталады. Билікті өзгертуге, режимді құлатуға бағытталатын және олар жеңіске жететін митинг өте сирек.

Митинг сайлау, референдум, әкім жиналысы, партия съезі сияқты көзқарас білдірудің, қоғамдық жұмылудың бір формасы ретінде қабылдануы керек.

Митинг үлкен саяси мәселелерді қозғауы міндетті емес. Жарылған құбыр, жасалмаған жол, вегандардың құқығын қорғау, әкімнің жұмысын сынау, жануар құқығын қорғау сияқты кез келген қоғамда бар мәселе бойынша жиын өткізуге болады.

Тіпті үлкен саяси ұран болған күннің өзінде ол баршаның көзқарасы, орындалуы тиіс ақиқат деп қабылданбауы керек. Билік ондай ұранды тұншықтыруға тырысқан сайын оны ақиқат деп түсінетіндер, жанашырлар, белсенділерді идеал көретіндер, қаһарманға айналдыратындар көбейеді.

Ең алдымен жаңа “митинг саясаты” ел ішіндегі антагонизмді бәсеңдетеді, эмоцияны азайтады. Яғни, “билік – біздің жауымыз”, “биліктің құлағы керең” деген түсінікті өзгертеді. Халық митингіге әкімнің жиналысына барғандай барады. Мәселесі шешілмесе де, “жоғарғы жаққа” дауысын жеткізіп қайтады.

Екіншіден, халықтың ішіндегі запыранды сыртқа шығарады. Халық өкілдері өзін сүйрей жөнелетін, автозакқа атып ұратын сұсты полицейлермен, “тарамасаңдар жазаланасыңдар” деп қорқытатын прокурорлармен емес, өзі сайлаған, өзіне қызмет етуі тиіс нақты билік өкілімен пікірлесіп, оған ішіндегісін жайып салады. Керемет диалог бола қоймас, бірақ соған жол ашылады. Елдің мұң-зары сыртқа шығып тұрса, бұл наразы электоратты сабасына түсіреді.

Үшіншіден, демократиялық елдердегідей митинг мәдениеті қалыптасады. Шеруге шыққандар жаудың алдына қасқайып шыққан батыр, болмаса арандатушы, әлдебір тапсырысты орындаушы емес, белгілі бір көзқарасты жақтаушы адам кейпіне түседі. Жұрттың бойындағы үрей азаяды, полицияның беделі артады. Халық салиқалы диалогқа дағдыланады. Әлдебір мәселені шешу үшін журналистерге жүгініп, Ақордаға ағылуды доғарып, өзара үгіт-насихат жүргізуге, қол жинауға, көп жақтас тартып, құзырлы органдарға жүгінуге дағдыланады.

Төртіншіден, митинг – билік үшін халықтың көзқарасын білудің үлкен мүмкіндігі. Қай көзқарасты қанша халықтың қолдайтынын жиналған адам санына қарап байқауға болады. Келген кісілердің ұрандарына қарап, халықтың талап-тілегіне сараптама жүргізу мүмкіндігі бар. Яғни, жүйелі ғылыми ұстаным болса, белгілі бір тақырыптағы митингінің көмегімен қоғамдық пікірді зерттеп, саясатты соған бейімдеуге болады.

Бесіншіден, бұл – сапалы саяси-экономикалық шешім қабылдаудың үлкен мүмкіндігі. Қазіргі заңдар да, басқа нормативтік-құқықтық актілер де белгілі бір ғылыми зерттеудің, қоғамдық пікірді саралаудың нәтижесінде емес, биліктің көзқарасы тұрғысынан, “халықаралық тәжірибені ескере отырып” жазылады. Халықпен арадағы диалогтан туған заңдар, қабылданған шешімдер әлдеқайда сапалы болады.

Алтыншыдан, жаңа президент демократиялық реформаны бастайды деп үміттенетін халықтың үміті ақталады. Ескі тоталитарлық жүйенің сарқыншағы болған митингі үрейінен біртіндеп арыламыз, жаңа, өркениетті саяси мәдение қалыптасады. Бұл билікті жақтайтындардың санын арттырады. Бұл жалпы ескіліктен арылып, рухани жаңғырған сапалы ұлт болып қалыптасуға жәрдемдеседі.

Жетіншіден, “Орталық Азиядағы автократиялық мемлекет” деген сүйкімсіз теңеуден арыламыз. Қазақстанның халықаралық имиджі жақсарады, түрлі рейтингтерді жоғарғы сатыларға көтеріле бастаймыз. Халықаралық ақпарат құралдары Қазақстанды “Орталық Азиядағы демократия аралы” деп атай бастайды. Бұл халықаралық саясаттағы беделімізді арттырады, инвестициялық климатты жақсартады.

Суреттер және видео www.informburo.kz сайтынан алынды.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар