///

Самат Әбіш туралы ақпараттар неге құбылып тұр?

4443 рет қаралды

2 қаңтар Жаңаөзенде наразылық шаралары басталды. Бұл жаңажылдық мереке күндері еді. Оның үстіне ел бойынша интернет байланысы өшпеген уақыт. Сондықтан бұл жағдай әлеуметтік желілерде жаппай талқыланып жатты. Тек,  4-қаңтар күні кешке Алматы қаласында тәртіпсіздіктер басталған уақытта, яғни шамамен кешкі сағат 10-дарда Алматы қаласында, содан кейін елде толықтай интернет желісі өшірілді. Елде төтенше жағдай жарияланып, Мемлекет басшысы мемлекеттік төңкеріске пара-пар болды деп бағалаған толқыныстар кезінде халық тек телеарналардан ақпарат алды.

5-қаңтар күні елде Үкімет отставкаға кетті, Мемлекеттік хатшы болып Қырымбек Көшербаевтың орнына Ерлан Қарин тағайындалды. Сондай-ақ, ең басты жаңалық Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесін басқаратынын жариялап, үндеу тастады. Осы жаңалықтардың арасында телеарналардың біріндегі жүгіртпе жолдан Президент өкімімен Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбішевтің орнынан алынғаны туралы ақпаратты да көзіміз шалғандай болып еді.

5-қаңтар күні «Мемлекет басшысының өкімімен Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалған» еді. Тиісті өкімді Aqorda.kz сайтынан табуға болады.

Сондай-ақ, ҰҚК басшылығындағы өзге де өзгерістер туралы Президенттің өкімдері Aqorda.kz сайтында жарияланған.

Сондай-ақ, informburo.kz сайты 7-қаңтар күні «Самат Абиш освобожден от должности 5 января» деген жолдармен оның ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарып, Самат Әбіштің орнына ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болып Мұрат Нұртілеудің тағайындалғанын жариялаған болатын.

Алайда, дәл осы ақпарат бүгін өзгертілген. Самат Әбіштің орнынан алынғаны, оның орнына Мұрат Нұртілеу тағайындалғаны туралы тұсы алынып тасталған.

Ал ресейлік РБК каналы ел Президенті Тоқаевтың орнынан алған адамдарының  алғашқыларының бірі ретінде Самат Әбішті атайды.

Ал, қоғам қайраткерлері бұл туралы не дейді?

Біз саясаттанушылар Әміржан Қосан және Дос Көшімнен пікір сұрадық.

 – Президент Самат Әбішті 5-қаңтар күні ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатқан. Бүгін ҰҚК ол ақпаратты жоққа шығарып отыр. Қалай ойлайсыз, билік эшалонында сауда әлі жүріп жатыр ма, әлде басқа бір себебі бар ма, деген сауалымызға Әміржан Қосан мырза былай деп жауап берді.

Әміржан Қосан: РЕСМИ АҚПАРАТТЫҢ НАҚТЫ БОЛМАУЫ, ТҮРЛІ ЖОРАМАЛДАР АЙТУҒА ЖОЛ БЕРДІ

«Бұл өзі өте қызық әрі өте қиын сұрақ. Мәселе ҰҚК-нің құпия режимде екендігі мен Елбасы отбасы мүшелері туралы ақпараттың тым жетімсіздігінде ғана емес. Біріншіден, ҰҚК секілді органның күнделікті жұмысының заңды түрде жабық болуын түсінеміз: ешбір елдің арнайы қызметі ашық-шашық емес қой. Мемлекеттік және қызметтік құпия дегендер тағы бар. Бірақ, президент жарлығы не өкімдері секілді аса маңызды құжаттар дәл уақытында әрі тиісті комментарийлермен жарияланып тұруы керек емес пе? Біресе, «орнынан алынды», біресе, «орнынан алынған жоқ» деген бір-біріне кереғар ақпараттың жариялануының өзі әртүрлі алыпқашпа әңгімеге жетелейді.

Екіншіден, дәл осындай, ел құлағы елу болған аласапыран кезінде елбасының жеке басы мен оның отбасына қатысты ақпарат ерекше өзекті болып отыр. Елбасының өзі жаңа жылдан бері елге көрінген жоқ. Халық қырылып жатқанда эфирге шығып, басу айтпады, жұртына қолдауын көрсетпеді. Сондықтан оның отбасы мүшелеріне қатысты ақпарат саяси ахуалға тікелей әсер етіп, ел ішінде тарап жүрген әртүрлі қауесеттерге даңғыл жол ашып отыр. Небір жорамалдар айтылуда. Және де олар мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына оң әсер етіп жатқан жоқ.

Мәселе оп-оңай шешіледі: президенттің өзіне қол астындағы тиісті құрылымдар осындай бұрмаланып жатқан хабарларға дер кезінде өз түсініктемесін беріп отырса, бос сөздер сап тыйылар еді.

Ал мұндай жауаптардың жоқтығы бас билік маңайында, әсіресе, Президент пен Елбасы айналасындағылардың арасында талас-тартыс әлі де жүріп жатыр деген сөз. Өзара келісімге келе алмай жатқан болса керек.

Оған өзіміз кінәліміз: 30 жыл ішінде елімізде кландық, топтық негізде құрылған билік жүйесін құруға жол бердік. Бар мәселе халық таңдауынан тыс, бірнеше мүдделі топтың өзара құпия тіл табысуы негізінде шешіліп жатыр. Тарихтың ащы сабақтарын ескерсек, мұндай келісімдердің болашағы бұлдыр және де олар ешкімге де мәңгілік кепіл бола алмайды!

Ең сорақысы сол: билік үшін таласта ол топтар құрал мен әдіс-тәсілдерді талғамайды. Қажет болса, жұртқа жағатын ұрандарды жалау етіп, аяқ астынан демократ не патриот боп шыға келеді! Соған ерген жұрт арандап қалуы да ғажап емес. Билік деген тым тәтті, ол топтар, керек болса, қарапайым халықтың өзін құрбандыққа шалып жібереді! Екі түйе сүйкенсе, арасында кім өлетіні белгілі!  Құдай содан сақтасын!» деп жауап берді Әміржан Қосан мырза.

Саясаттанушы Дос Көшім мырза да Самат Әбіштің орнынан алынғаны туралы ақпаратты естігенін айтып отыр.

Дос Көшім: БҰЛ ІСКЕ БІРІНШІ ПРЕЗИДЕНТ ПЕН ОНЫҢ АЙНАЛАСЫНДАҒЫЛАР КІНӘЛІ ДЕУ ДҰРЫС ЕМЕС

фото: www.dalanews.kz

Алайда, оның айтуынша, бұл ақпаратқа қатысты мемлекеттік органдар жауап беруі тиіс. «Бірақ, әңгіме Нұрсұлтан Назарбаев тұрған кезінде солардың қойған адамдарының бәрін бірдей шығару емес шығар. Осы дүрбелеңге, осы тәртіпсіздікке қатысы бар адамдарды ғана жұмыстан шығарады. Өйткені, Назарбаев қойған адамдардың бәрін жұмыстан шығарса, онда бұрынғы Президенттен кек алғандай, сол кланның осыған қатысы бар сияқты көрінуі мүмкін. Бұл іс әлі тергеуде, әлі толық ашылған жоқ. Тіпті ол кісіге қатысты да белгілі бір іс-әрекеттер жүріп жатуы мүмкін. Сондықтан, бұл іске бірінші Президенттің туыстары, ағалары, қыздары кінәлі деп айту дұрыс емес», дейді Дос Көшім.

Саясаттанушының пікірінше билік эшалонында сауда жүріп жатқан жоқ. «Осы уақытқа дейін «Ақорда», «Көкорда» деп билікті екіге бөліп келді ғой. Менің ойымша, билік біреу-ақ. Билік әр уақытта біреу, ол ешуақытта іштей екіге жарылмайды. Сондықтан, биліктің қазіргі жасап жатқандарының барлығы Елбасының кеткеннен кейінгі еркіндік алуы, немесе соны жеңіп, оның адамдарын толықтай шығару деп өз басым қабылдағым келмейді», деп жауап берді Дос Көшім.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми сайтында «келіп түскен сұрауларға сәйкес, ҚР ҰҚК Төрағасының бірінші орынбасары С.Әбіш өз қызметінде екенін хабарлаймыз. Үстіміздегі жылғы 13 қаңтардан бастап ол жыл сайынғы демалысында» екені жазылған. Бұл хабарламаға сүйенсек, елдегі дүрбелең кезінде, ҰҚК басшыларының ауыс-түйісі кезінде де  Самат Әбіш мырза жұмысында болған  Сонымен  Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес елімізде Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасының екі бірінші орынбасары және тағы жеті орынбасары бар.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар