////////

БҚО: Балалар арасында еркін күрестен республикалық турнир өтті

5720 рет қаралды

8 маусым күні Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында Батыс Қазақстандық еркін күрестің негізін қалаушы, танымал ардагер-ұстаз Амангелді Зұлқашев және еркін күрестен Қазақстан Республикасының спорт шебері, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Өтеп Молдабековты еске алуға арналған еркін күрестен 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер мен 2010-2012 жылы туған кіші жасөспірімдер арасындағы Республикалық турнир өтті.

Турнир 8-9 маусым аралығында өтті. Турнирде күш сынасуға батыс өңірінің Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарынан және Батыс Қазақстан облысының аудандарынан жас спортшылар келді.

Турнирге шақырылған қонақтардың ішінде Амангелді Зұлқашевтың жары Хайруллина Замарад, ұлы Талап, Өтеп Молдабековтың ұлы Ермак және жары Арайлым болды. Сонымен қатар еңбек ардагері Ержан Кабдуллин, еркін күрес ардагерлері Нәсіпқали Қажыұлы Қожахметов, Ират Жайықұлы Қырықбаев, Оңтүстік Африкада еркін күрестен ардагерлер арасында өткен олимпиада чемпионы, ауылдың түлегі, еркін күрестен КСРО спорт шебері, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Республикалық спорт интернат колледжінің еркін күрестен аға жаттықтырушысы Жүсіп Қауметов, спорт ардагері Қамбарбек Салимов және Амангелді Зұлқашев пен Өтеп Молдабековтың шәкірттері: Мұхтар Құрманғалиев, Мұхтар Хамзин, Данат Оразғалиев, Жәнібек Қаленов, Жеңіс Адилов, Сағиден Жұмағалиев, Өмірхан Қайсағалиев, Сағындық Нұрғалиев, Шамұрат Айтқалиев сияқты еркін күрестен КСРО спорт шеберлері турнирге арнайы келді.

Турнирді Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Бақберген Абуов ашып, БҚО «Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының» Президенті, ауыл түлегі Құрманғалиев Мадияр Қуанышұлы мен еңбек ардагері Ержан Кабдуллин сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

2008-2009  жылдар арасында 7 салмақ категориясында, 2010-2012  жылдар арасында 7 салмақ категориясында, барлығы 14 салмақ категориясында 56 жас балуан жүлделі орындарға ие болды. Спорт ардагерлерінің отбасына шәкірттері мен ауыл азаматтарының атынан кілем сыйға тартылды. Турнир жүлдегерлері турнирге арнайы дайындалған футболкалар, медальдер, кубоктар, дипломдарға және ақшалай сыйлықтарға ие болды. Жас спортшылардың ішінде ерекшеленгендері «Үздік техникасы үшін», «Үздік өнер көрсеткені үшін» атты арнайы кубоктарымен марапатталды.

Республикалық турнирдің чемпионы болған Алғабас ауылының баласы Джафар Рауанұлы мен Казталовка ауданының спортшысына ауылымыздың 81-ші жылғы азаматтары ақшалай сыйлық табыстады.

Турнирдің әділ өтуін қамтамасыз етіп, басынан аяғына дейін қызмет еткен төрешілер де назардан тыс қалмады. Олардың ішіндегі ең әділі деген бесеуіне арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар берілді.

БҚО «Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы» Республикалық турнирдің барлық ұйымдастыру жұмыстары мен өткізу барысындағы қаржылық шығындарын өз мойнына алып, ауыл әкімдігі, шаруа қожалықтары мен белсенді азаматтары бірігіп спортшылар мен қонақтарды қарсылау, орналастыру, тамақтандыру шығындарын біріге көтерді. Алыстан ат шаршатып келген Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе өңірлерінен келген спортшылардың тамақтану мен тұру ұйымдастырушылар есебінен болғанын айта кету керек.

Ауыл балаларының арасынан қазіргі күні елдің түкпір-түкпірінде өздері жас өрендерді спортқа баулып, жеңістерге жетелеп жүрген елге әйгілі спортшыларды тәрбиелеп, бәйгеге қосқан Амангелді ұстаз бен Өтеп Молдабектің спорт саласындағы еңбегін дәріптеп, турнир өткізіп, осы арқылы балуандар мектебін ұрпақтан ұрпаққа жалғауды ұйымдастырушылар да, ауыл тұрғындары да өздерінің парызы деп біледі.

Бұл туралы ұйымдастырушылармен жеке сөйлесудің де реті келді.

 Батыс Қазақстан облыстық «Бәйге» федерациясының атқарушы директоры, ауыл түлегі, турнирді ұйымдастырушы Сатқали Байзуллин:

– Қазақта «алтын шыққан жерді белден қаз» деген жақсы сөз бар, турнирді ұйымдастыру мақсатымыз да сол. Ауыл балаларының арасынан кезінде әлемнің үлкен ареналары мен шаршы алаңдарын бағындырып, елімізде еркін күрестің дамуына зор үлестерін қосқан, сара жол салған ағаларымыздың ізін жалғастыратын балуандар, мықты спортшылар тәрбиелеу. Ауыл жасөспірімдері, жастарының рухын ояту, біздің жерден де әлемдік додаларда байрағымызды желбірететін азамат жігіттерді күреске баулу. Турнир көп жылғы дәстүр бойынша жыл сайын өткізіліп жүр. Алайда, айтарлықтай нәтижеге биыл ғана қол жеткізгендейміз. Биыл республикалық турнирде ауылдың жасөспірім спортшылары 2 чемпион, 2 жүлдегер, 2 екінші, 2 үшінші орынды қанжығаларына байлады. Алдыңғы жылдары мұндай нәтиже болмаған еді. Біздің ниетіміз еліміздегі, өңіріміздегі балалар спортын дамытуға кішкене болса да үлесімізді қосу. Өзгерістер көп, ауылымыз бұрыннан бірлігі жарасқан ел, ал турнир кезінде айрықша бірігіп кетті. Ауыл тұрғындары осы үш күнде күрес үшін, турнирдің жақсы өтуі үшін жандары ашып, балалар, жас спортшыларды қарсылауы, үйді үйге бөліп, орналастырып, қамқор болуы, біріге тамақ дайындап, барлығын үйлестіруі сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін тудырды. Ауылдастарыма ризамын, алғысымды білдіремін!

 

Алғабастық жас спортшылардың нәтижелері:

2008-2009 жылы туылған жасөспірімдер арасында:

38 келі салмақ дәрежесінде:

І орын – Қайыров Темірлан;

52 келі салмақ дәрежесінде:

ІІ орын – Нұрбол Әлібек (Алғабас);

54 келі салмақ дәрежесінде:

ІІ орын – Өлеш Аманбол (Алғабас);

2010-2012 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы белдесудегі:

26 келі салмақ дәрежесінде:

І орын- Қабдолла Джафар (Алғабас);

32 келі салмақ дәрежесінде:

ІІІ орын – Мұхит Мәулет (Алғабас);

38 келі салмақ дәрежесінде:

ІІІ орын – Бауыржан Азамат (Алғабас).

Суреттерді түсірген автор

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар