///

Көп балалы аналарға пәтер тегін берілсе деген тілек айтады көп балалы ана

3794 рет қаралды

Оңдасын мен Айнұр Өзбекстанның Мырзашөл ауданында дүниеге келген. Бір-бірін бала кезден таниды. 2005 жылы жұп болып отау құрып, отбасылы болған. Қазір олар Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауылында тұратын 12 баланың ата-анасы. «Көп балалы болуды жоспарламадық, алланың берген сыйы деп қабылдадық», –  дейді Айнұр.

Кейіпкерлеріміз Оңдасын мен Айнұр өздері де көп балалы қарапайым отбасында тәрбиеленген. Қазір Ердос, Нұрдос, Сәнім, Берекет, Нұрай, Нұрислам, Заңғар, Исмайл, Ибрахим, Айша, Сәфия, Мұхаммед – Әмин есімді балдырғандардың ата-анасы. Үлкен ұлы 16 жаста, кішісі бір ай бұрын дүниеге келген.

Minber.kz Оңдасын мен Айнұрмен сұхбаттасып, көп балалы ата-аналардың өмірімен танысты.

– Жақында ғана 12-ші бөпеңізді қолыңызға алдыңыз. Бауы берік болсын. Атамыз қазақ ат қоюға үлкен мән берген. Ұлыңыздың есімі кім? Жалпы балаларға есімді кім қояды, қалай таңдайсыздар

– Үлкендерінің есімін ата-әжесі қойған. 10-шы қызымыздан бастап қана балалардың есімін жолдасым екеуміз қоя бастадық. Кіші ұлымның есімі ерекше таңдау болды. Өйткені біздің досымыздың келіншегі діни оқыған адам. Соның бір ауыз сөзі себепкер болды. «Үш ұлдары бола тұра пайғамбарымыздың есімін қоймаған адам ең сараң адам болып есептеледі» деген бір ауыз сөзі әсер етті. Сол сөзден соң біз ойлана келе осы ұлымызға Мухамед-Әмин деген есім бердік.

– Көп балалы ананың күні немен басталады және қалай өтеді? Үйдің тірлігіне қалай үлгересіз?

– Менің күнім балаларымның таңғы асын дайындаумен басталады. Балаларым өте еңбекқор, менің қол көмекшім. Үйде әрқайсысының өз міндеті бар. Осылай үй шаруасында таң атып, кеш батады.

– Жолдасыңыз немен айналысады, мамандығы, кәсібі қандай? Сізге тұрмыста, үй ішінде көмектесе ме?

– Жолдасым – дәнекерлеуші. Өзім үйде бала тәрбиесіндемін. Жолдасым жұмыста, осы бала-шаға үшін аянбай еңбек етеді. Балаларды қатарынан кем қылмайын деп тырысып жүр. Демалыс кезінде маған қол көмегін аямайды.

– Отбасыңызға кіретін табыс көзі қандай? Мал ұстап, бақша саласыз ба? Ай сайын отбасы бюджетіне кіретін табыс барлық қажеттіліктеріңізді өтеуге жете ме?

– Табыс – жолдасымның айлығы, балаларымның жәрдем ақысы. Мал ұстауға, бау- бақша егуге мумкіндік жоқ. Өйткені, көпқабатты үйде тұрамыз. Қазіргі қымбатшылықта жетпейді әрине. Былтырлары еркін жететін еді, қазір Маңғыстауда азық- түлік қымбаттап кетті.

– Балалардың жәрдемақысы қандай? Көп балалы отбасы ретінде мемлекет тарапынан қандай қолдау, көмек, жеңілдік бар?

– Көп балалы ретінде берілетін жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек. Өзімнің алтын алқам үшін мемлекет тарапынан берілетін ақша. Заң бойынша тиістісін алып отырмыз. Былтыр мемлекеттен жалдалмалы 60 шаршы метр пәтер берілді. Басқа қолдау, көмек жоқ, болған емес.

– Мектеп, балабақша, коммуналдық қызметтер, жазғы лагерь, шипажай және басқалай жеңілдіктерді пайдалана аласыз ба?

– Жоқ ондай жеңілдіктер туралы естімеппін де, қолданып та көрмеппін.

– Өз иеліктеріңізде баспанаңыз бар ма?

– Жеке баспанамыз жоқ. Былтыр үкімет берген жалдамалы пәтерде тұрамыз. Бұйырып жатса өз жеке баспанам болып қалар, Алладан үмітімді үзген емеспін.

– Әр бала дүниеге келген соң өз қиындығы, қуанышы бар, бірақ үй шаруасы, тұрмыстық мәселелер, қаржы тапшылығы кейде әйел адамды қажытып, шаршатады, сіз босанудан кейінгі депрессия, стресс деген түсініктерді бастан кештіңіз бе? Егер олай болса депрессия, стресс деген жағдайлардан қалай шықтыңыз? Кім сізге қолдау көрсетті, кім көмектесті? Псхиологтың көмегіне жүгініп көрдіңіз бе?

– Ия әр бала өз ырыздық, несібесімен өмірге келеді ғой. Мен балаларымның қиыншылығын көрмедім. Алла қиыншылық көрсетпесін. Өзім бәрін ақылға салып, сабырлықпен шешуге тырысамын. Босанған соң депрессияға түсіп көрмеппін. Психологтың көмегіне де жүгінбеппін. Аллаға шүкір бұл да бір маған берген Алланың күш-қуаты шығар. Босанған соң маған қолдау көрсететін жан енем және жолдасым, оларға мың алғыс.

– Көп балалы ананың мұң-мұқтажын сізден артық ешкім білмейтін шығар. Егер сізге үкімет, мемлекетке ұсыныс жасау мүмкіндігі берілсе жалпы көп балалы әйел адамға заңнамалық түрде қандай қолдау, көмек, жеңілдік, жағдай жасалуы қажет деп есептейсіз?

– Ия ондай мүмкіндік беріліп жатса, қазіргі кездегі көп балалы аналардың жағдайын жасап, мемлекеттен берілетін жәрдемақылардың мөлшерін өсірсе, өйткені, жәрдемақы мөлшері азық-түлік бағасының өсуіне ілесе алмай келеді. Мемлекеттен берілетін тұрғын үйді өз жеке меншігіне өткізіп берсе, ең болмаса көп балалы отбасыларға жеңілдік шарттарымен жекеге берсе. Болашақта балаларымыздың жоғарғы оқу орындарында оқуын тегін қылса екен, себебі балалардың оқуы да қымбат. Осындай ұсыныстарым бар, еститін құлақ болса.

– Көп балалы ата-ана болу ол үлкен жауапкершілік, сіздер осы жуапкершілікті қалай​ алып жүрсіз? Сізге күш, қуат беретін кім немесе не?

– Ия үлкен отбасы болу оңай емес, бұның жауапкершілігі менің мойнымда. Ер адамымыз әрқашан жұмыс сапарымен далада журеді ғой. Сол үшін де мен көп жерде сабырлықпен ақылымды қолданамын. Мен үшін ең бастапқы маңыздысы балаларыма жақсы тәлім-тәрбие беріп, ел қатарына қосу. Маған отбасымның ешкімнен кем болмағаны, қасымдағы маған күш беретін мықты жолдасымның, балаларымның амандығы күш-қуат береді. Маған әр балам келіп “анашым” дегені шаттық сыйлайды. Осының барлығы маған күш-қуат береді. Менің міндетім, аналық парызым осы, маған Алланың берген сый-сияпаты. Аллаға шүкір. Барша Қазақстан аналарына осындай бақыт тілеймін.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар