//

Жиылсын қауым, құйылсын көшің

870 рет қаралды

434_84c396561ce6bb19c5a20c9844a70ed4Дүниені аласапыранға түсірген қиын-қыстау заманда әлемнің түкпір-түкпіріне тарихтың алай-дүлей кесапаттарының кесірінен тарыдай шашылған барлық қаракөз ағайын үшін  Қазақстан азаматтығын алу 5 жылға кейінге шегерілсе, қалай болады? “Көші-қон туралы” Заңымыз қандай жетістікке жетті, нендей әттеген-айларды бастан кешіп отыр?  Осы және өзге  де сұрақтар төңірегінде  көш мәселесін көтеріп келе жатқан, сыртынан тілеуін тілеп, “шеттегі қандастардың мұңын түсіну үшін сонда тууы керек” деп айтудан жалықпаған қаламгер ақын Ауыт Мұқибекпен жүздесудің сәті түскен еді.

– Ауыт аға, “тар жол тайғақ кешумен” келген егемендігімізді алғалы 20 жылдан астам уақыт болды. Былтыр қазақ көшіне жарты ғасыр толды. Өзіңізді “Көшке өш болмайық!” деп бар жан-тәнімен жәрдемшілік танытып жүрген жан ретінде көпшілік таниды. Қалай ойлайсыз, бабаларымыз аңсаған тәуелсіздік қазақ үшін не бере алмауда?

– Ата бабамыздың асқақ арманы – тәуелсіздігімізге, тәуба, қол жеткіздік қой. Бізге азаттық таңы бәрін беруде, тек дұрыстап ала алмай отырған өзіміз. Тәуелсіздік алудағы мақсат – өз алдына шаңырақ көтеріп, әлемнің әр шалғайына тентіреп кеткен қазақ халқының басын бір тудың астына біріктіру. Кешегі Абылайдың үш арманының біреуі де осы болатын. …Ақтық сәтінде: “Үш арманым бар еді. Біріншісі, елімді бейбіт өмірге жеткізсем деп едім. Қан көп төгілді. Екіншісі, халық жер емшегін еме алмады, қала, кент сала алмады. Үшіншісі, елдің басын біріктіре алмадым” депті ғой жарықтық. Көріп отырсыз, соңғы арманы – бытырап кеткен елдің басын қоса алмағаны екен. Ишалла, ел іргесі – шекарамызды бекіттік, Сарыарқаның төсіне әсем Астанамызды тұрғыздық, халықтың нарықтық экономикаға өтуі секілді іргелі жұмыстар біз үшін үлкен табыс. Мемлекетіміз белгілі бір дәрежеде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бір әттеген-айымыз – қандастарымыздың Атажұртқа оралуына келгенде шабандық танытуымыз. Көш жүре түзеледі, алдағы уақытта да шешімін таба жатар, десек те  бұл кезегін күттірмейтін үлкен мәселе екенін естен шығармауымыз керек. Өйткені, шетелдегі қаракөздеріміз, Қабдеш ағамыз айтпақшы, “Олар – қоймаға қойған зат емес, күнделікті өзгеріс үстіндегі тірі организм”.  Мәселен, жер бетінен қаншама ұлттар жойылып, тілдері тоқырауда. 5 млн. қазақтың ұлт ретінде жойылып кету қаупі алдында тұрмыз біз. Алысқа бармай-ақ, іргеміздегі Қытай қазақтарын айтсақ, қазақ мектептері жабылып, оқу үрдісі толығымен қытайша жүргізілуде. Өткенде оқулықтарын қарап отырсам, қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің біріктіріліп жіберілгеніне көз жеткіздім. Тек сағат ретінде ғана өткізіледі екен, қалған пәндер түгелдей қытайша. Оларды осындай дабыл қағарлық жағдайда қалдыру, меніңше, кешірілмейтін күнә.  Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының: “Ұлт мемлекетсіз өмір сүре алмайды, құрып кетеді. Өз кезегінде ұлттың жойылуы оның мемлекетінің өмір сүруін мәнсіз етеді” деген сөзі бар. Сол ұлтты сақтап қалудың төте жолы – шетке тарыдай шашылып кеткен 5 миллион қазақты Отанымен қауыштыру. Сол кезде ғана “тәуелсіздік қазақтың бар мәселесін шешіп бере алды” деп мақтануымызға болады.

– “Соңғы бірнеше жылдың көлемінде “Көші-қон”, “Шетелдегі қандастар”, “Оралмандар мәселесі” деген сөздер қазақ билігінің аузынан айтылмайтын болды. Елбасының өткен екі жылғы Жолдауынан бұл атауларды мүлдем кездестіре алмадық” деген екенсіз мақалаларыңыздың бірінде. Осы турасында тарқатсақ…

– “Көші-қон заңы” 20 жылда неше мәрте өзгеріске ұшырады. Өзгерген сайын заң кемелденуі керек негізі. Шеттегі қандастарымыздың Атажұртқа оралуына ол заң көмектесуі тиіс еді. Өкінішке орай, заң шыққалы бері күзелумен, оталумен келеді: көптеген мүмкіндіктер алынып тасталды. Елбасы Дүниежүзі қазақтарының ІІ Құрылтайында: “Әлем елдерін аралағанда қазақ қоныстанған жерлерден диаспора өкілдері жайында “мына қазақтарың біздің тыныштығымызды бұзды, олардың арасынан террор шығуда” сынды жаман сөз естіген емеспін. Қазақстанның беделіне шіркеу келтіретіндей, менің бетіме салық қылып салатын іс болған емес, шеттегі қандастарымда, сол үшін мен оларға шексіз ризамын!”, – деп аса тебіреніспен айтқан сөзі көзімізге жас алдырғаны есімде. Демек, мен сол қазақтар жайында әлі де сондай пікірдемін. Қандастарымыздан келіп-кетер қауіп те, қатер де жоқ. Қорықпастан, Ата Заңға да, “Қазақстан -2050” стратегиясына да, “Нұр-Отанның” жуырда қабылданған доктринасына да осы шетте қалған қазақты оралту мәселесін енгізуіміз керек еді. Өкінішке орай, бұл ескерілмеген күйде қалды…

– Бұдан былай оралмандардың көшіп келу квотасы жойылып, оларға азаматтық тек бес жылдан кейін ғана берілуі мүмкін. Депутаттар дауысқа салып, Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдағаны белгілі…

–   Онсыз да ұлттық салт-санадан айырылып бара жатқан шетелдегі қазақтардың Қазақстаннан өзге табан тірейтін жері жоқ. Сондықтан, Атажұртқа келуіне барынша жағдай жасалуы тиіс. Бес жылдан кейін азаматтық алатын болса, оның басқа келімсектерден  не айырмасы болды?! Ол 5 жыл бойы не істейді? Жерді қалай алады? Еңбекпен қалай қамтылады? Мектеп бітірген балалары қалай ЖОО-на түседі?.. Өзгеріс еңгізілгелі жатқан заң жобасы лезде, ешкіммен ақылдаспаған күйде, сенаттағылармен мақұлданып кетті. Осы орайда, Сенат депутаты Нұрлан Оразалин: “Оралмандар мен Қазақстанға қалтасын толтыру үшін ақша іздеп келгендердің арасындағы айырманы нақтыламаған сияқтысыздар. Екеуі бір шыбықпен кетіп қалды ма деп қорқамын. Оралманның тағдыры, қасіреті ол басқалау. Ол елін іздеп келді.  Атажұртын іздеп келді”, – деген пікірін білдірген еді. Оның әріптесі Қуаныш Айтаханов та дәл осындай пікір айтты.

– Жасыратыны жоқ, алыс-жақын шетелде бірде-бір қазақ баласы жоқтай өлі тыныштық орнап тұр…

– Иә, көш саябырсыды… ресми деректер бойынша оралған қандастар саны 820 мың деп айтылып жүр. Атажұртқа келгендегі өсімімен қосқанда 1 миллионнан асып жығылатын болу керек. Басымы Өзбекстан мен Қарақалпақстан, Моңғолиядан. Ең азы Қытай қазақтары екен, 11-12 пайыз. 20 жылда, әрине, аз көрсеткіш емес. Бірақ, қалған 5 млн. қазақты есепке алсақ, түкке де тұрмайтын көрсеткіш. Ол қазақтар қазір өсіп-өну үстінде. Сондықтан көшті Хасен Оралтай ағам айтпақшы, “қайда қалмаған 50 мың қазақ”, яғни Еуропаны қоя тұрып, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресейдегі ағайындарды елге әкелу ісін тездету керек. Қасымжомарт Тоқаев Сыртқы Істер министрі болған жылдары қазақ көші қарқын алды. Қ. Тоқаев мырза қандастардың виза аштыруға төлейтін құжаттық төлемдерінің құнын жүз АҚШ долларынан күрт төмендетіп, небәрі 4-5 долларға түсіріп берді. Қазақтарға үш айға бір мәрте ашылатын визаны бірден бір жылға көп мәртелі етіп ашуды жолға қойды. Мұндай визамен бір туысыңның үйіне уақытша тіркелесің де, Қазақстанға жыл бойы келіп-кетіп еркін жүре беруіңе болады. Осы мезгілде азаматтыққа, квотаға құжаттарыңды тапсырасың. Қоныстанатын қонысыңды да белгілеп үлгіресің. Бұл жеңілдік Қытайда тұратын ағайындардың елге келуіне, тұрақтап тұрып қалуына өте тиімді болғаны не керек, қазір желге ұшқан. Қазақтардың визасы басқа ұлттардікімен бірдей, үш айға бір не екі мәрте кіріп-шығатын етіліп ашылатын болды. Демек, оларды “қазақ”, “оралман”, “қандас” демей, қытайлық деп бір шыбықпен айдалатын халге түсірдік. Үш ай деген не ол, мұнда келген соң тұрақты тіркеуге тұрып, азаматтыққа құжат жиып үлгермей жатып, зу етіп өте шығады. Сосын, Қазақстаннан Қытай есебінде қуыласың.  Сөйтіп, жыл бойы виза аштырам деп Үрімжіге шабасың да жүресің. Мұндай жағдайда қырғын кезек болмай, жемқорлық пен пысықай делдалдардың айы оңынан тумай қайтсін? Осындай себептер көшті тұралатып, “Отаным,  Қазақстаным!” деген асқақ сезімдердің жалынын бәсеңдетті.

– Қандастарымыздың өз Отанының азаматтығын алуы қиямет-қайым деп қазақ азаматы ретінде Отаныңызға өкпелі де боларсыз? Оны жүрегіңізден шыққан жыр-шумақтарынан аңғаруға болады.

– Азаматтық алудың жолы қиын болуы заңды да. Қазақ екен деп кез-келгенді кіргізе де алмаспыз, әр елдің заңы бар ғой, дегенмен, біздегі тәртіптің барған сайын жөнсіз қиындап бара жатқаны алаңдатты. Өкпелі жалғыз мен емес, барша қандастарымыз қапалы қазір. Қолыма түскен мына мәлімет: бір ауданның тұрақты тіркеуге тұру үшін берген тізімі бойынша 17 құжат талап етіледі екен. Оның ішінде, өтініш-сауалнама, фотосурет, өмірбаян, төлқұжат көшірмесі дегендері қалыпты жағдай-ақ делік. Алайда, келген еліңнен қылмысқа қатыстылығың туралы сипаттама қағазын енгізгеніне таңым бар. Өзге елдердікін білмеймін, Қытайдың шетелге шығатындарға арналған арнайы бекітілген ережесі бар. Онда ес-ақылы дұрыс еместер, қылмыс күмәнділары, үкімі шықпағандар, сотталғандар мен еңбекпен өзгерту үстіндегілер, мемлекеттің қауіпсіздік саласында қызмет атқаратындардың шетелге шығуына болмайды деп ашық жазылған. Ал, бұған жатпайтындардың барлығының шетке шығу құқығы бар. Демек, біз қаулы шығарарда шетел заңнамаларымен есептеспейміз, әлемдік тәртіпті ескере бермейміз. Ендігі бір сорақысы – өзің келген елдің “Осы азаматтың Қазақстанда тұрақты тұруына болады!” деген рұқсат қағазы. Бұл енді өте ұятты жағдай… Мен Қазақстанда тұрып, “Қазақстанның азаматтығынан шығатын едім” десем қалай қабылдайсыз? Қытайдағы коммунистік жүйенің қазақтары үшін бұл өлімге бас тігумен тең дүние. Ол жақта бұл қадамың үшін апарып темір торға тоғытуы мүмкін. Қытайдың көші-қон заңының 9-тармағында Қытайдың әрбір азаматына шетелге шығуға рұқсат екені, сол барған еліңнің азаматтығын алған сәттен бастап, сол азаматтың Қытай азаматтығынан автоматты түрде шығарылатыны жазылған. Буынсыз жерден пышақ ұрып халықты бұлай қинауға болмайды ғой!

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен басталған “Нұрлы көш” бағдарламасына үмiт зор едi. Одан да ши шыққаны мәлім…

– Меніңше, Елбасымыздың бастамасымен жасалған “Нұрлы көш” бағдарламасы мақтауға тұрарлық саяси бастама еді. Бердібек Сапарбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тұрған кезде осы бағдарламаны жүзеге асыруға бел шеше кірісті. Бағдарлама кәдімгідей жемісін беріп, көптеген үйлер салынды. Аяғында, Қазақ көшінің тоқтап қалуына байланысты, отыратын адам таппай қиналды. Артынша, оралмандар шулады. “Нұр-Отан” партиясының пәрменімен тексеріс жүргізілді. Әр облыста салынуға тиіс баспаналардың бір бөлігі шала біткен, бір бөлігі отыруға жарамсыз, бір бөлігі бітпей қалған. Қаншама үй басқа мақсатта жұмсалып, тұрғылықты азаматтарға берілген. Осылайша, сиырқұймышақталып барып бағдарлама тоқтады. Осы жерде бір мәселенің басын ашып айта кетейін, осы қандастарымызға салынып берілген баспаналар ешқашан тегін болған емес! Демек, Заңды  тастай қылып жасай алсақ, бақылауды о бастан күшейтсек, осының бірі де болмас еді.

–  Сонымен, көші-қонға қандай реформа, жаңа бағыт керек?

– Көші-қон – әлемдік үрдіс. Елбасының тарихта қалар ең игілікті ісі – елді нарықтық экономикаға бұруы, астананы Арқа төсіне көшіруі, алыстағы ағайындарды қарашаңыраққа жинауы, ел шекарасын бектіуі. Бұл үлкен жетістік алтын әріппен жазылуға тиіс деп есептеймін. Өкінішке орай, соңғы кезде осы Көш айтылмайтын болды. Енді бағдарламаны басқаша жасаған жөн. Біз сырттағы қандастарын Отанына шақырып отырған әлемдегі үш елдің біріміз. Атажұртқа қандастарымызды оралтуда еврейлердің мемлекеттік емес қор арқылы басқаруын негізге неге алмасқа? Мәселен, осы Қазақ жеріндегі сол ұлттың қалталы өкілдері баршасының басын Израильде қосуда қомақты қаржы жинап, жоқтан бар мемлекет жасап шыққан. Бізде мемлекет дайын. Жаны жайсаң жомарт азаматтарымыздың осыдан артық елге  қандай құрмет танытар еді?!. Осыдан келіп, маған “неліктен бізге тұңғыш президенттің көші-қон қорын құрмасқа?” деген ой келді. “FORBES Kazahstan” журналында біздің ең бай азаматтар тізімі жарияланған еді. Ендi солардың әрбiрiнiң қаржысының 0.1 пайызын ғана шотқа салып көрелiк: ең бай адамдардың басында тұрған Владимир Ким, Алиджан Ибрагимов, Рашид Сәрсенов – үшеуiнен 820 миллион доллар түседi екен. Ал қалған 44 кiсiден түсетiн қаржы 11 млн. 606 мың долларды құрайды. Осының бәрiн қосқанда, 835 млн. 722 мың АҚШ доллары болмақ. Мұны мөлшермен әр отбасына 10 мың доллардан деп есептесеңiз, 83 572 шаңырақты көшiрiп алуға кемел жетедi. Демек, Қазақстанның жылына 20 мың отбасына деп ажырататын ақшасынан 4-5 еседей көп қаражат бұл. Демек, жалпы табыстың 0.1 пайызын осы Қазақ көші-қонына жұмсасақ, бес миллион қазақтың мәселесі түгел шешілгелі тұр. Оған ниет керек! “Солтүстік облыстарымыз бос жатыр, сол жаққа шеттен келген ағайынды қоныстандырайық” деп күнде айтамыз. Солтүстіктегі ауылдардың инфрақұрылымын дамытып, оралмандарды апарып төгейікші. Несиесін берейік. 5 жыл ешқайда көшпеуге міндеттейік. Онсыз да өздігінен келіп, мыңдап қой айдап жүрген қандастарымыз жетерлік. Елбасымыз 60 млн. мал етін экспортқа шығару міндетін қойып отыр. Мал бағудың қыр-сырын жақсы меңгерген Қытайдағы қандастарымыздың тәжірибесін осы мақсатқа неге жаратпасқа? Керісінше, бейімдегіш болсақ, жергілікті қазақтарды оралмандарға бейімделік. Өйткені, есік алдындағы бес сотық жерге көкөніс екпейтіндер де бар.

Қытайдағы бір отбасының ең кемінде 50 тұяқ қойы, сауып ішетін 4-5 сиыры, мінетін бірді-екілі  жылқысы, баспанасы болады. Көшетін адам сол қолдағының бәрін сатады. Қытай пайдаланатын жерді 49 жылға жалға берген. Ол уақыт біткен жоқ. Сол себепті де, жерді қажет адамға жалға беріп, ақшасын алады. Қазір ішкеріден қытай көп келіп жатқандықтан, ол жақта үй, жер, мал қымбат. Демек, қандастарымыз өз несібесімен шекарадан бері өтеді. Жалпы, Отанға келіп жатқанның дені ауылдың қарапайым тұрғындары екенін де ескеріңіз. Үкіметтің жұмысын істеп жүргендер өздері келмесе де, балаларын әкеліп, оқытып жатыр. Қызметтегілер көшіп келсе де, меніңше, мемлекеттен ештеңе сұрамайды. Елбасымыз “Еңбек қоғамына қарай 20 қадам” деген мақала жазды ғой. Қазір сол идеяға оралмандардың кәсібін үлгі ретінде ұсынуға болады. Адамзат баласы – еліктегіш. Біздің азаматтарымыз соларға еліктеу арқылы экономикамызды тез көтеріп әкете алар еді деп ойлаймын. Ол үшін азаматтық алу мәселесін барынша оңтайландырып, есігімізді айқара ашуымыз қажет.

–  Әңгімеңізге рахмет!

Әйгерім ЕРМЫРЗА

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі