//

Төл валютаға 30 жыл. Отыз жылдағы теңгенің құлдырауы мен тұрақтылығы

909 рет қаралды

Ұлттық валютаның 30 жылдық тарихында тұрақты бағам көрсеткіші сирек болған. Тоқырау жылдарын да бастан өткерген теңге биыл жаңа дизайндағы банкноттарға жаңарады.

1993 жылдың 12 қарашасында “ҚР ұлттық валютасын енгізу туралы” жарлық шықты. 1993 жылы 15 қарашада теңге айналымға енген еді. Биыл теңгеге 30 жыл толып отыр. Алғашқы монеталар мен қағаз ақшалар Ұлыбританияның Harrison & Sons фабрикасында басып шығарылды. Сол уақытта Қазақстан ақшасы Ұлыбритания патшайымының Алтын белгісіне ие болды. Басып шығарылған су жаңа валюталарды алып кету үшін тікұшақтар 18 мәрте қатынаған. Ал төл валюталардың суретшілері – Тимур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлелов, Меңдібай Алин.

Теңге көркемдік дизайны жағынан халықаралық байқауларда бес мәрте үздік атанғанымен нарықта алғаш рет айналымға түскен жылы бір АҚШ доллары 4 теңге 70 тиын деп белгіленгенде теңгенің бағамы бір жарым айдың ішінде шамамен 12 есе құнсызданып, бір долларға шаққандағы бағамы 54 теңгеге жетті. Ал 1998 жылы долларға шаққандағы бағамы 84 теңгеге жеткен еді.

1999 жылы сәуірде теңге зор девальвацияға ұшырады. Бір жыл ішінде теңге 64,6 пайызға құнсызданып, бір долларға шаққандағы құны 138 теңге 25 тиын болды. 2002 жылға дейін құнсыздануы баяулап, сол жылы АҚШ долларына шаққандағы бағамы 156 теңгеге әрең жетті.

Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы тұрақты болған жылдар

2003 жылдан бастап теңгенің құны арта бастап, доллар арзандаған еді. Доллардың құны 2007 жылы 120 теңге 30 тиынға дейін түсті. Бірақ 2007 жылдың соңына қарай әлемдік қаржы дағдарысы салдарынан теңге бағамы құлдырау кезеңінде тұрған кезде ұлттық банк қордағы валютаны сатып, теңгені бір деңгейде ұстап қалған еді. 2008 жылы көмірсутегі шикізаттарының әлемдік нарықтағы бағасы артып, Қазақстан валютасының құны тұрақты болды. Осы жылдың соңында шикізат бағасы арзандап, теңгеге қауіп төнген кезде ұлттық банк тағы да валюта қорындағы ақшаны жұмсап, теңгенің бір долларға шаққандағы бағамын 120 теңге шамасында ұстап тұрды. Бірақ ұлттық банк 2009 жылдың басында теңге бағамын тұрақты ұстап тұрғанымен 4 ақпанда ұлттық банк девальвация жасады. Мұның себебін Ұлттық банк «мұнай бағасының төмендеуінен және сауда-саттықтағы әріптес елдердегі ұлттық валюталардың құнсыздануынан», – деп түсіндірген еді. 2013 жылға дейін ғана теңге бағамы тұрақты болып, сол жылдың соңына қарай доллардың құны арта бастады.

Келімбетовтың кезіндегі құлдыраған теңге

2014 жылдың ақпан айында 1 АҚШ долларының құны 155,5-тен 185 теңгеге дейін өсті. Осы девальвацияның алдында, үш ай бұрын Ұлттық Банк төрағалығына Қайрат Келімбетов сайланған. Ол көп өтпей жүргізіліп жатқан қаржы-несие саясатының өзгертілмейтіні туралы сол жылы мәлімдеме жасайды. Ал 2014 жыл ақпан айында Ұлттық Банк баспасөз қызметі девальвация болмайтыны туралы тағы бір рет ақпарат таратады. Бірақ 11 ақпан күні теңге құны 20 пайызға құлдыраған еді. Ал Келімбетов теңгенің девальвациясы туралы небәрі бір күн бұрын білгенін айтып ақталды. 12 ақпан күні Қайрат Келімбетов теңгенің құнсыздануына  Ұлттық Банк үш ай дайындалғанын мәлімдеді. Осыдан кейін қазақстандықтар қаржы реттеуішіге сенбей, депозиттегі капиталын АҚШ долларымен сақтауға көше бастады. Себебі бір жылдан кейін ұлттық валюта құны тағы 2 есеге құнсызданды. Теңге 2014 жылдан бастап құлдыраумен қатар тоқырау кезеңдерінен өтіп келеді.

Теңге рубль ізімен құнсыздана ма?

2023 жылы мамыр айынан бері тұрақты болып келе жатқан теңге екі күннің ішінде 3 пайызға құнсызданды. Сарапшылар сөзінше теңге бағамы Ресей рублінің ізімен құнсызданды дейді. 17 тамызда Қазақстан қор биржасында доллардың ең жоғары бағамы 466,93 теңгеге жеткен. Сол күні Алматы қаласындағы ақша айырбастау орындарында доллар 469 теңгеге сатылып жатты. Бұл − теңгенің жыл басынан бергі ең төменгі құлдырау шегі. Валюта нарығындағы ахуал бар-жоғы екі күннің ішінде өзгеріп сала берді.

Қазақстандықтар Ресей рублінің бағамын бақылап отыруды әдетке айналдырған. Қазіргі валюта айырбастау орындарында рубль бағамы 5.21-көрсетіп тұр. Сәл көтерілсе, жұрт соғысқа қарамастан Ресейдегі жұмысқа ағылуды көздейді. Қазірдің өзінде Украина аумағына жақын қалаларда жұмыс істеп жүрген Қазақстандықтар да бар.

Рубльдің әлсіреуіне бірден бір себеп Украинадағы соғыс пен Ресейге салынған санкциялардың күшеюі. Бірақ осы аралықта теңге бағамы тұрақты болып қалған еді. Рубль бағамы осыған дейін 4 теңгеге дейін төмендеген.

Сарапшылардың болжамынша, теңге девальвациясы шетелден келетін тауар бағасына әсер етіп, соның салдарынан инфляция шарықтайды. Бұдан онсыз да сатып алу қабілеті төмендеп жатқан халық зардап шегеді. Сондықтан үкімет теңгені ары қарай девальвацияламай, кәсіпорындарға көмек көрсетумен шектелуі мүмкін екенін айтады.

“Егер азық-түлік пен құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар зардап шексе, онда 30-50 мың адам жұмыс істеуі мүмкін. Екінші жағынан 20 миллионға жуық халықтың әл-ауқат мәселесі тұр. Олай болса үкімет 20 миллион халықтың тұрмысын нашарлатудан гөрі кәсіпорындарға қолдау көрсеткеніміз арзанға түседі деп шешуі ықтимал” дейді Ulagat Consulting Group консалтинг компаниясының директоры Марат Қайырленов.

Ұлттық банк банкноттарының жаңа дизайны. Қошқармүйіз бен арқар бейнеленген.

Биыл Қазақстан Ұлттық Банкі “теңге” валютасының 30 жылдығына орай банкноттардың жаңа нұсқаларынтаныстырды. Мұнда «Сақ стилі» элементтеріне негізделген және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнеленген.

Бас дизайнер Санжар Нұрқасымов. Автор жаңа дизайнды әзірлеуге бір жылға жуық уақыт кеткенін айтады. Ескі банкноттар толығымен жаңарады.

Ұлттық банк банкноттарының жаңа дизайны. Жеті қазынаның бірі құмай тазы бейнеленген.
Парақшамызға жазылыңыз

Дина Айтбекова

Дина Айтбекова Бақытбекқызы
Алматы қаласы, SDU университетінің 4-курс студенті, Журналистика мамандығының болашақ түлегі.
2021-2022 жылы Alatau медиа холдинг, Turkistan.tv тілшісі болған, 2023 жылы Misk.kz сайтында материалдары жарияланған.
MediaNet медиасы ұйымдастырған курстың қатысушысы.
Azattyq.kz радиосы халықаралық сайтында өндірістік тәжірибеден өткен.
Taboo сайты, Shashbau ютуб каналының негізін қалаушылардың бірі. Minber.kz сайтының авторы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі