/

Қабылданбаған әліпбиді үйретуге миллиондар жұмсалып жатыр

1513 рет қаралды

Латын әліпбиінің жаңа нұсқасы таныстырылғалы көп болған жоқ. Оның өзіне де әлі толық нүкте қойылмады. Бірақ, соған қарамастан еліміздің тіл басқармалары мемлекеттік сатып алу арқылы латынға негізделген қазақ әліпбиін өзге тілді аудиторияға үйретуді өткен наурыздан-ақ бастап кеткен екен. Сонда бұлар қай латынды үйретіп жатыр?

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы” мемлекеттік мекемесі 2020 жылы наурыздың 19-ында мелекеттік сатып алу порталында айрықша тендер жариялады.  Ол «Орыс тілді аудиторияға латын графикасы негізінде мемлекеттік тілді оқыту телесабақтарын өндіру және шығару бойынша қызмет» деп аталады яғни «Теледидар бағдарламаларын жасау бойынша қызмет көрсетулер». Дәлірек айтсақ теледидар арқылы көрсетілетін видеосабақтар түсіру міндеті қойылып отыр, қызмет берушінің алдына.   2020 жылы наурыздың 16-ынан бастап, төтенше жағдай жарияланып, ел бойынша қатаң карантин енгізілгенін ескерсек, Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасы осы уақытты тиімді пайдаланғысы келген ғой деген ойға қаласың.

Қыркүйек -қараша айларында көрсетілетін қызметтке 10 312 500 (он миллион үш жүз оны екі мың бес жүз теңге) жоспарланыпты.

Ал, енді қызмет көрсетушіге жүктелген міндеттер немесе мемлекеттік сатып алудың техникалық ерекшелігіне көз салайық. Онда былай дейді:

«1. Орыс тілді аудиторияға латын графикасы негізінде мемлекеттік тілді оқыту бойынша телесабақтарды дайындау және көрсету бойынша қызметі.  Барлығы: 30 сабақ
Әр телесабақтың ұзақтығы: 13 минут.
Қызмет көрсету мерзімі: 2020 жылдың қыркүйек, қазан, қараша айлары, аптасына 4 рет.  Қарағанды облысының телевизиялық арналарында шығарылу уақыты – сағ. 18.30 бастап сағ. 21.00 аралығында (келесі күні тәуліктің күндізгі уақытында қайталаумен).

2. Жалпы талаптар:
1) телесабақтар тұжырымдамасын, оқыту деңгейін, тақырыптық жоспарын Тапсырыс берушімен келісу;
2) компьютерлік безендіруді әзірлеу, Тапсырыс берушімен келісу;
3) телекөрермендерді әр сабақта қарастырып отырған тақырыпқа байланысты танымдық, қызықты деректермен таныстырып отыру;
4) телесабақ тақырыптарына байланысты шығу түсірілімдерін жүзеге асыру және оларға Қарағанды қаласының әртүрлі жастағы тұрғындарын қатыстыру (сөздік, тілашар, викторина, тележұмбақтар т.б.);
5) телесабақтардың екі тілдегі (қазақ, орыс тілдері) титрлармен, субтитрлармен қамтылуы; 6) әр телесабақ соңында мемлекеттік және орыс тілінде «Телесабақтар Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді» деген сөз 10 секунд көлемінде көрсетіліп тұруы қажет;
7) әрбір телесабақтың монтаждалған нұсқасын эфирге шықпас бұрын Тапсырыс берушімен кемінде 3 жұмыс күні бұрын келісу;
8) эфирге шыққан сабақтың электронды нұсқасын 10 күн ішінде Тапсырыс берушіге ұсыну.
9) телеарнаның жеке веб-сайтына 30 телехабар орналастыру-2020 жылғы қыркүйек-қараша;
10) телеарна жаңалықтарының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі Қарағанды облысындағы оқиғалар туралы – 2020 жылдың қыркүйек айындағы ақпараттық шығарылымында телеуроктардың шығуы туралы аңдатпа қамтамасыз етілсін.»

Сонымен бұл «лот бойынша шақырылған әлеуетті өнім берушімен “Қазақстан” Республикалық Телерадиокорпорациясы” АҚ «Бір көзден электронды сатып алу» тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалады деп шешілді». Қызмет құны өзгеріссіз қалыпты. 2020 жылдың 31 наурызында аяқталған сатып алу бойынша тараптар арасында мәміле жасалған.

Қыркүйек, қазан  және қараша айларында «Saryarqa»  телеарнасынан «Qazaqsha sóıleıik!» деген 30 сабақ жүріпті. Латын әліпбиіне сүйенді демесек, кәдімгі қазақ тілін үйрету хабары екен.

Тек, үш рет жарияланып, төртінші талпыныста ғана мәміле жасалған сауда саттық бойынша тапсырыс берушілер де, қызмет көрсетушілер де бұл сауда жарияланған уақытта елімізде Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі әлі бекітілмегенінен хабардар болмағаны ма деген сұрақ туады.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар