//

Бесеудің соты: Қазақ қаламгерлері сот шешімімен келіспей, Президент атына Үндеу жариялады

462 рет қаралды

Қаңтар оқиғалары кезінде Алматы әуежайын басып алды деген айыппен 5 адам 4-8 жылға сотталды. Үкімді Алматының Наурызбай аудандық соты шығарды.

Сот айыпталушыларды кінәлі деп танып, журналист Әйгерім Тілеужанды 4 жылға бас бостандығынан айырды.

Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шілібаев пен Жанайдар Кәрменов 8 жылға сотталды.

Тілеужанова мен Нұрпейісов жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды (ҚР ҚК 272-бабының 1-бөлігі) деп айыпталса, Дәлібаев, Шілібаев және Кәрменов әуежайдың стратегиялық объектілері мен «КазАэроНавигация» РМК шабуыл жасау және басып алу кезінде зорлық-зомбылық, өртеу, мүлікті қирату және жоюмен қатар жүрген жаппай тәртіпсіздікке (ҚР ҚК 272-бабының 2-бөлігі) қатысты деген күдікке ілінді.

Сот залына жиналған көпшілік, айыпталушыларға берілген жазаның әділетсіз екенін айтып жатты.

Ал, бұл шешіммен келіспеген біраз қаламгерлер ҚР Президенті Қасымжомарт Тоқаевтың атына үндеу жариялады.

Дат!!!
Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа
Ашық хат
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Қасіретті қаңтар оқиғасына жыл толды. Осы уақыт ішінде қанды оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, түрлі комиссиялар, жұмыс топтары мен азаматтық қоғам өкілдері зерттеулер жүргізді. Бірақ әлі күнге дейін оқиғаның мән-жайы ашық айтылып, оның әділ бағасы берілген жоқ. Қанды оқиғаға қатысты түрлі деңгейдегі сот орындарында өткен процестерде өрескел заңсыздық орын алуда.
Сіз: «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауыңызда: «Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет», – деген едіңіз. Алайда біз, қазақ қаламгерлері мен зиялы қауым өкілдері, 2023 жылдың шілде айының 11 күні Қаңтар оқиғасы кезінде “әуежайды басып алу ісі” бойынша сотталған журналист Әйгерім Тілеужанға, белсенді Қалас Нұрпейісовке, Нұрлан Дәлібаевқа, Ермұхамет Шилібаевқа және Жанайдар Кәрменовке шығарылған үкімге қатысты қатал және түбегейлі келіспеушілігімізді білдіреміз. «Әуежай ісінің» үкімі халық қарсылығын күшейтіп, қоғамда резонанс туғызды. Бұл жағдайды егжей-тегжейлі зерттеп, осы іске ерекше назар аударуыңызды сұраймыз. Және де Ата Заңымызда белгіленген “халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының нышаны және кепілі” ретінде Сізден жоғарыда аталған азаматтарға араша түсуіңізді сұраймыз.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Жаңа Қазақстаннан үмітті Қазақстан Республикасының барлық Халқы жаңа өзгерістерді күткен еді. Алайда, қоғамда әбден қалыптасып қалған ЕСКІ ЖҮЙЕНІҢ салқынын әлі де сезінудеміз. Әділетті Қазақстанның берік орнығуы үшін «Қасіретті қаңтар» оқиғасы бойынша жүргізіліп жатқан сот процестері әділ өтуі тиіс деп санаймыз. Сондай-ақ, Әділетті Қазақстан құру идеясына қарсы әрекет етіп отырған сот орындарындағы тұлғаларды әділ анықтап, оларға қолданыстағы заң аясында қатаң жаза қолданылуын сұраймыз.
Құрметпен, қазақ қаламгерлері мен зиялы қауым өкілдері
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі