Балықшылар мұңын кім тыңдайды?
Наурыздың 7-күні билік балық қорын пайдалануды шектеу туралы қаулы шығарғаннан кейін Балқаштың балық дайындаушыларының балық аулауы 70%-ға төмендеп кетуі мүмкін. Осыған орай бүгін, яғни, наурыздың 12 күні «Қазақстан баспасөз клубында» пресс-конференция өтті. Оған Балқаш-Алакөл бассейні балық шаруашылығы бірлестігінің мүшесі – Ахат Күспаев, «Сам и Д», «Майтан», «Отесбиоазия» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінен Марат Жұмашев, Виктор Чулков, Николай Быстров және «Құйған» ауылының тұрғыны Аманбек Аханов қатысты.
Ахат Күспаевтың айтуы бойынша Балқаштың көлемі 800 км. Табиғи-климаттық жағдай мен су қалпының бұзылуы көлдің ластануына әкеліп отыр. Ал көлемі бар-жоғы 15-20 м құрайтын Іле атырауында күзет болмағандықтан туристердің келуімен ластанып, жартылай құрғап, табиғи жағдайы өте нашар болуда екен. Ондағы балықтар келім-кетім жұрттың қоржынында кетіп, жергілікті халыққа мардымсыз сыбаға қалып отыр. Бұған да көніп, тіршілігін тек қана балық шаруашылығымен көріп отырған халыққа балық аулауды шектеу қаулысы жағымды жаңалық болмады. Балық кәсібімен айналысатындардың 50%-ы әйел адамдар. Оның себебі – басқа жұмыстың жоқтығы.
– Сәуір айы – ең көп балық ауланатын кез. Бір жылда 9-10 мың тонна балық қармаққа ілінеді. Ал шектеу сәуірдің 15-і мен маусымның 15-не дейін қойылып отыр. Ең болмағанда мемлекеттен экономикалық жеңілдіктер мен өтемақы беруін сураймыз.
А.Күспаев болса: “10 мың тонна балық үлес(квота) бойынша бөлінеді. 1) 10% 2) 45% 3) шілде-тамыз айларында балық аулану мүлдем болмағандықтан мүлдем ауланбайды. Бұл кездері балықшылар жұмыссыз қалады. 4-ші тоқсанда балық аулау – 10% құрайды”,- дейді.
Марат Жұмашев:
– Халықтың тіршілік көзі – балық аулау. Оған шектеу қойылса, елдің халі мүшкіл болмақ. Бізге мемлекет алдын ала ескерту жасауы тиіс еді. Жеке кәсіпкер ретінде айтарым, егер балық тапшы болса шетел компанияларымен қарым-қатынас мүлде төмендеп кетеді. Осылайша Қазақстан қоржынына келіп түсер пайда азайып, табыс көзінің жоғалмауына кім кепіл?
Жағдайы онсыз да мәз емес балықшылар тіршілігі не болмақ? Олардың халін кім ойлайды? Экспорттауға тауары жоқ кәсіпкерлер шетелге нені айырбастайды? Сонда Қазақстанда балық бизнесі дамуын тоқтата ма? Деген сауалдар туындайды. Балықты тиісінше аулауға тыйым салынса, оның нарықтағы құнының қымбаттай бастайтыны айдан анық. Алда атқарылар бұл шара Үкімет назарында экологиялық апаттардан сақтандыру мақсатында жасалып отырса да, халық тағдыры маңыздырақ екені ескерусіз қалып отыр. Жомарт табиғаттың адамзатқа пайдалы өнімін халық қолжетімді бағамен тұтына алмаса, елімізге берер шарапатының болмағаны емес пе?
Айжанат Қазиева
Суреттерді түсірген: Рысгүл Мәтжанқызы
“Мінбер-Ақпарат”
Жарайсың Айжанат! ойланарлық дүние екен!