//

Айтыс туралы айтыс

9 рет қаралды

aytisАқындар айтысы біраз уақыт тоқырап барып, көпшілік қауымның жоқтауының арқасында былтырғы жылы қайта жанданып бір-екі рет өткені белгілі. Алайда сол айтыстарды тамашалап, естіген жұрттың бірінің көңілінен шықса, екіншісіне жақпағаны рас. Сондықтан болар ақындар айтысының ізі суымай жатып, ескі жылда «есіркеген», жаңа жылда «жарылқаған» интернет порталдарындағы жылт еткен жаңалық «Айтыс туралы айтыс» болды. Бұл «айтыс» көкейдегі біраз қоғамды қатыған күдік-күмәнді қозғағандықтан  осы тарапта Мінбер оқырмандарының да қосар ойы, айтар пікірлері бар шығар деген ниетпен мақалалардың толық нұсқасын беріп отырмыз. Мінбер-админ.

Мұртынан айырылып, сақалы ғана қалған айтыстан неге мән кетті?

22-желтоқсанда «Еларна» телеарнасында «Жырың болып, төгілемін» атты айтыс берілді.  Айтысты  тағы да «Жәдігер» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған болу керек.  Шама-шарқынша өз деңгейін көрсетті. «Құлманбет айтыс» деп аталатын айтыс түрін қайта  жаңғыртты. Бұл да болса жетістік.  Деседе «Нұр Отан» партиясы өткен жылғы жыл сайын ұйымдастыруға уәде еткен «Алтын домбыра» байқауын ұмытып кете жаздаған сыңайлы. Әйтеуір «Жәдігердің» арқасында  «Алтын домбыраны» да тапсырып үлгірді. Айтыс жоғары деңгейде өтті деуге ұяламын. Мүмкін ұялмайтындар да бар шығар. Қазылар алқасы өткен жылғы «Алтын домбыра» атты айтыстың «әділдігін» бір жылдан кейін түзеткендей әсер қалдырды. Қазақтың дүлділ ақыны Жандарбектің ескерткенін еледі ме, жоқ әлі де келісім солай болды ма, ол жағы белгісіз. Әйтеуір Жәкеңе бұйырды.  Тағы бір кәдік, Айбек Қалиев, Ринат Зайтов сынды дүлділдердің бұл айтысқа қатыспауы болып тұр. Себепсіз болмас: монополия, әділдік, деңгей,  мүдде дегендей себептер толып жатыр. Бәлкім адал өнерін айырбасқа салғысы келмегендер де бар шығар…

Соңғы үш-төрт жылдан бері айтыстың сапасы қатты түсіп кетті.  Көзқарақты тыңдарман ретінде өз ойымды бөлісуді жөн көрдім.

Қазіргі айтыстың ең басты ерекшелігі ретінде саясаткерлікті айту керек шығар. Ал ақындар 100 пайыз саясаткерлер екен.  «Өгізді өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» айтыстың «даңғыл жолына» түсіп алған. «Нұр Отанға»-да жағатын, Президенттің де тілін табатын, қоғамдағы әділетсіздіктерді де айтып халықтың да көңілінен шығатын сыңай танытады. Бұны саясткерлік дейіміз бе, не дейміз? Әлде…

Сөздің, тілдің киесін түсіру – адамның салауатын да сапасын да бір жолата түсіреді. Ал оған ақылды адам бармайды. Пендешіліктің де шегі бар ғой. Кешегі айтыста қазақтың тілін «қатынның іш көйлегіне» теңеген ақынның, тілге басқа теңеу таппағандай қатындар көйлегін баламалап алған ақынның тірілігі есі бар адамның жүрегін ауыртты. Ал оған қарқылдап қол соғып отырғандар нені сезгенін, нені сезбегенін Құдай біледі. Әйтеуір жақсы ырым емес. Намысы бардың анасын есіне түсіретін сұмдық! «Семіздікті  қой көтереді» деген мақал осындай да айтылса керек.

Қазіргі айтыстың тағы бір ерекшелігі, сөз зерігерлік қасиеттері тоқыраған, саяси төкпе.   Көркемдік өресі  сол бұрыңғы деңгейде қалған. Таңдай қақтыратын тапқыр, сара сөздерді сөз патшалығынан емес,  бітінә саясаттан табады.  Оған дәлел келтіріп, уақыт созудың қажеті жоқ.

Біріншіден, айтыскерлер кітап оқымайды-ау. Қайдан оқысын,  әлеуметтік жағдай ушығып тұрған мына заманда «ауызды баққан би болады» дегеннің кебін киген. Азаматтарды жазғыра да алмаймыз. Десе де  Жандарбек, Дидар, Жақсылық, Мұхтар сынды жас қырандардың біреуінің де алға басуға талпынбауы өкінішті болып тұр. «Отбасы, ошақ қасындағы» жеңіл сөздерден гөрі, анау жырауларша толғап, қазақ табиғатының құмарың қанбас қамбасынан «үш ұйықтасаң түсіңе кірмес» ғаламат шумақтарды төгіп-төгіп жіберсе  ғой, шіркін!

Екіншіден, «кімнің нанын жесең, соның сөзін сөйлейсің». Міне, пенделік ғұмырдың бұрыннан келе жатқан ақиқаты. Сол пенделіктен шығу, шыға алмау нағыз батыр мен ақылдың  жүрегіне біткен серті.  Соңғы жылдары бір мықты «топтың» қаржыландыруымен қажыға барып, үлгірген жастардың санасы да, танымы да, пейілі мен пенделігі де бұрылып кеткен бе?   Ал, қазақта үлкейтіп айтсақ мұсылмандықта «өз әке-шешесінің  кезегінен кейін, егер әке-шешесінің денсаулығы (жағдайы) келмесе рұқсатымен қажыға барады. Қажыға баратын адамның туыс-туғандарының, көрші-қолаңдарының, ел мен жерінің жәйі жақсы,  тұрмыстары оңды болулары керек, оның үстіне адал еңбек, маңдай терімен келген қаржымен барады».  Ал біздің ақындар «орайшылдық» пен атқтың артынан салпақтап, әлдебір топтың қаржысын  басқа келген бақ санап, пенделік пен күпірліктің  ошағына түсіп кеткен жоқ па?  Тіпті сол ошаққа түсіп кетіп шыға алмай жүрген жоқ па? Ал біреулердің себепсіз қаржы шашып, қажыға апармайтыны белгілі. Ендеше кімдер ұтты? Ақындар ма? Әлгі топ па?

Үшіншіден, жаттандылық.  Міне, бұл алдын ала бір-бірінің өлер жерлерін іздеп,  өлең жаттап, келісіп,  көрісіп,  дайындалатын ақындарға қаратылып отыр. Халық арасындағы аңыз пен телеарналардағы жаңалықтарды жинап-теріп, өлеңге айландырып қайталап береді.  Бұл сүрдек оларды ілгерлетудің орнына артқа қарай сүйреп бара жатыр. «Загатовка»  алмасқыш, дайындағыш ақынның бұғанасы қалай қатаймақ?!

Төртіншіден, ең өкініштісі, сөз киесін өз деңгейінде сезіне алмау мен түсінбеу.  Бұл от тілімен қоғамдағы келеңсіздіктерді орып түсудің орнына  саяст пен пайда, қулық пен құлдық төгілетін ақындардың кебіні. Қайран қазақтың ниеті мен пейіліне берген дүние танымы мен салты, ырым-жырымы мен жөн-жосығы ақындар тілінен сүттей ағарып көріну керек қой. Әйтпесе есі бар ақын киелі қазақ тілін «қатынның іш көйлегіне» теңей ме?

Бесіншіден, әлеуметтік жағдайдың кемшілдігі – ақынның пенделігіне сын.  Тұрмыс қиындығы мен мына ит өмір кімді басынбайды дейсіз. Жұмыссыздық пен бай-батшалар мен атағы жер жарған шенеуніктердің  қабағына қарап өскен баладан не күтеміз?

Алтыншыдан, дін мен ділдегі түсінік – адамдық пен Аллаға жақын болу керек. Ол әсте біреулердің мүддесі үшін құрбандыққа шалынбайды. Құдайға шүкір, «Қажы» ақындарымыз да, қазы ақындарымыз да намазхан. Оны мақтан етіп жүргендері де  жоқ емес.  Десе де жұрт сөзіне сенек, кейбіреулері діни  психологиялық тоқырауға ұшырап қалған ба деп қорқамыз.  Бұл әлдебір діни топтардың саясатының жемісі емес пе? «Ниет» пен «Амалды» алжастыру арқылы қазақтың, мұсылманның берекесін қашыруды мақсат тұтқан жойттардың ақын сынды киесі мен иесі бар топты «жүгендеуі»  ұлттың трагедиясы ғой. Осы арқылы өз саясаттарын жүргізуге талпынатыны  шындық. Солай болып жатқан жоқ па?

Мен ақындарды жамандап, шерімді шығарйын деп отырғам жоқ.  Құмарым қанып жыр ести алмай,  тебініп шығып  тепеңдеген аға-інілеріме, әпке-қарындастарыма базынамды айтып отырмын. Қасиетті кие біткен сөзді ұстайтындардың азайғанына налып отырмын. Осым өтірік болса, Алла кінәмді кеше гөрсін!

Алтай Бұқарбаев, Abai.kz

 

ДЕДІҢ-АЙ-АУ, Дәурен Қуат! (Айтыспен айтысқанға)

1 қаңтар, 12:32

«Ақындар жүз пайыз саясаткер екен. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын айтыстың «даңғыл» жолына түсіп алған» депті. Бұл abai.kz сайтында «abai.kz» атынан шыққан мақаладан үзінді.

Қазақ өнерінің маңдайына біткен айы бітімдес айтыс деген ардақты өнеріміздің басынан қиқу кетпейтін болды. Теледидардан көрінбей кеткелі 3-4 жылдың жүзі болған айтыс экраннан жарқ етіп еді, «айтыс қайдалап» жүрген азаматтар «бәлі» дегеннің орнына басқаша күйде екен. «Қыз-Жібек» фильмінде Жібектің: «Тоқтаңдар! Азаматтар! Бір елдің өліп-талып көрген аз қызығын бір көш бойына жеткізбедіңдер-ау», – деп налитыны болушы еді. Бар болғаны эфирге екі-ақ рет шыққан айтыстың жайын ойлағанда сол сөз еріксіз еске түседі екен.

Біздің білуімізше, бұл өнер дәл қазір жер бетінде бізден басқа ешбір ұлтта жоқ деуге болар. Иә, қырғыз ағайындарда бар. «Қатаған деген ақын ба, айтқанда сөздің анығын», – деп Сүйінбай ақын айтқандай, қазақ айтысының бүгінгі биігі бәрібір ешкімді алдына салайын деп тұрған жоқ. Бұл – ақиқат. Бағасына жетсек, қанеки! Айтпағымыз бұл емес еді! Айтыс жайындағы кейбір қыңыр қыжыртпаларға жауап айтылмаса, расында сөздің атасы өлетіндей көрінетіндіктен қалам ұстаған жайымыз бар.

1қыжыртпа.

«Ақындар жүз пайыз саясаткер екен. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын айтыстың «даңғыл» жолына түсіп алған» депті. Бұл abai.kz сайтында «abai.kz» атынан шыққан мақаладан үзінді. Мұнда тұр. (http://www.kazaitys.kz/kz/article/view?id=842)

«Нұр Отанға» жағатын, Президенттің де тілін табатын, қоғамдағы әділетсіздіктерді де айтып халықтың көңілінен шығатын сыңай…»

Дәурен мырза, түсінбедік?!

Сонда қалай болу керек? Халық та, билік те риза болған айтыс сені неге тулатады? Атам қазақтың арманы, ханы мен қарашысының бір жан, бір тән болғандығы емес пе еді? Осы жарастық айтыста көрініс беріп қойған екен. Оны саясаткерлік деп қапа боласың. Рас. Саясаттың, сындарлы саясаттың жемісі. Билік бастай білсе, ерген елі қостай білсе, оның несіне қапа боласың, бәтір-ау?!

«Айтыс деңгейіне ұяламын» депсің. Халық риза болса, сонда кімнен ұялып жүрсің, жаным-ау? Әлде, тапсырма берер егең бар ма еді? Былтырғы айтыстың төрелігіне наразылығыңды әділдікті тырнақшаға алып білдіріпсің. Биылғы айтыс та дегеніңдей болмапты. «Атың астыңды, астың атыңды жақтырмаған» не мінез мынауың. Алақандай мақалаңда алпыс қайшылық, бір сөзің бір сөзіңе кереғар келіп жатқан мына жазғаныңмен айтпағың не? Сенің ойыңша болғанда не өгіз өліп, не арба сыну керек пе?Өгізге де, арбаға да иненің жасуындай жанашырлық болсашы. Қорқынышты! Сірә, өзің де көп айтатын «радикалды» деген сөз осындайдан шығатын болса керек-ті.

Ринат пен Айбекті жоқтай қалыпсың. Ринат бас тартты. Айбек Арқалықтағы шығармашылық кешінен босамады. Бауыржан шақырылған. Сұхбатында айтты. Айбекті шын сағынсаң, «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» айтысына келіп тыңдар едің ғой. Тарқата жазбадың ба Айбек айтқан ащы сынға үн қосып.

Ақындар келеңсіздікті сынамағандай көріп налисың. Мынау не:

Қызылордадан келіп, Астанадағы Жандарбек Бұлғақовпен айтысқан адуынды ақын Мұхтар Ниязов:

«…

Қайрат пенен Ләззаттың суреті жоқ,

Көк шыршаға сыңсып тұр қалаң тұнық.

Тәуелсіздік мейрамы келмей жатып,

Тәубесінен жаңылу жаман қылық.

Осы жайлы Жандарбек жақ ашпапсың,

Аузыңа қойып па еді сабан тығып.

Дед морозға дедектеп не көрінді,

Ардақтайтын Қайраттай ағаң тұрып,

Азаттықты біздерге айналайын,

Аяз ата әкеп пе подаркі қып?!», – деп төгілгенде шатырлаған шапалақ қанша уақытқа дейін толастамағанын залда отырып көрсең ғой. 8-желтоқсанда өтіп, 17-желтоқсанда «Хабар», «Қазақстан» телеарналарынан беріліп қойған айтысты 22 желтоқсанда көріп жүрген айтыстың «Көзқарақты тыңдарманы» айтыс залынан қайдан табыла қойсын. Тәуелсіздіктің қадірін шын түсінер қазақ бұл жолғы айтысты осы жалғыз шумақпен-ақ жоғары бағалар еді-ау деп армандайсың!

Жә, енді Жандарбек не деді? Жаяу Мұсаның әніне басты.

«Ақ шырша, қызыл шырша, шырша, шарша,

Қоймайды кімдер шырша зорлық қылса…».

Әдетте көрермен шапалақты шумақ аяқталғанда соғатын, ал мына шумаққа басталмай жатып дүркіретті. Бұл сөз билікке жағынғаннан айтқан сөз бе, айналайын-ау?! Ары қарай жалғады:

«…

Бірақ та көп әкімнің ұлт дегенде,

Көзі соқыр құлағы керең боп тұр.

Шыршаның биктігін жарыстыру,

Әкімдер арасында өнер боп тұр.

Мысалы үшін әкімі Павлодардың,

Жаңа жылды тойлауды бедел деп тұр.

Дет домға да қимайтын долларларын,

Дед морозға аямай төгем деп тұр.

Биылғы жаңа жылдың өтіуіне,

Жүз отыз сегіз миллион бөлем деп тұр.

Ағашы жылдан-жылға өскен сайын,

Санасы күннен-күнге төмендеп тұр».

Жандарбектің осы сөзінен кейін бұл жағдаймен қаржы полициясы айналысып, қала әкімі Оразгелді Қайыргелдинов: “Бұл істің нәтижесінде кінәлілер анықталған күні міндетті түрде жауапқа тартылады”, – деп мәлімдеме жасады. Міне саған нәтиже!(http://www.namys.kz/?p=20633)

Құдай-ау, басқасын айтпағанда, бір ғана Тәуелсіздік, жаңа жыл, шырша жайында айтылған шумақтардың өзі төбе құйқаңды шымырлатады. Ақын Дидар Қамиев:

«…

Шампанский атамыз шырша айналып,

Иә, Алла, ашық ет деп аспанымды.

Наурызды жаңа жылдан артық көрсең,

Біреу кесіп алар ма, бастарыңды.

Орыстан қандай рахат көріп едің,

Мейрамын қылатындай мақтан үлгі.

Осыдан жиырма жеті жыл бұрынғы,

Ескі алшы жауыздардан қашқаныңды.

Жаңа жылға он бес күн қалған кезде,

Шыршадай отамап па еді жастарыңды», – деп жырлағанда жүрек қалай ауырмайды? Қалай жанарыңа жас үйірілмейді? Отарлық қамыты мойнынан түссе де, ойынан шықпаған Сіз бен Бізге айтылған осы сөздің бағасы бар ма, бәтір-ау?!

Астана маңындағы жұрттың жағдайын сөз ете келіп:

«…

Қаланың іші әдемі болғанымен,

Сыртында қасіретпен табысасың.

Он жеті километр ұзап шықсаң,

Он жетінші ғасырмен қауышасың», – деген сөз айтыста отырған ақжағалылардың шымбайына батпайды дейсің бе? Енді неғыл дейсің, жазған-ау? Сенің ойыңша, «Нұрсұлтан» деп тепсінсе ғана құмарың қанып, ақиқат айтылған боп есептелмек пе?

Жоқ, Дәурен! Саған ұнамаған «Нұр Отан» кіріскеннен кейін айтыс қайта қанатын жайды. Ел сусыны қанып, кіл жүйрігінің шабысын теледидардан тамашалап, жырғап жатыр. Жүрсін сынды айтыстың атасы миллиондардың алдында марапат көріп, алғысқа бөленді. Осы қызықты қазақтан қызғанғаның ба, жаным-ау?! Өзің де мойындап отырсың ғой, ақындар қоғамдағы әділетсіздіктерді айтты деп. Сонымен қатар татулыққа, тыныштыққа шақырды. Оның не боғауызы бар екен, бәтір-ау? Әлде дана Абай айтпақшы, «татулықты, тыныштықты қоңыр көріп, кем көріп» отырсыңдар ма? Қой, Дәурен! Ұят болады.

Теледидардан жарқ етіп, қазаққа жаққан, жанымызға жаққан айтыс хошыңа қонбапты. Сонда қазаққа жат, ұлттың дүниетанымын ылайлаған небір хабарлар сенің сыншыл қаламыңа ілінбей, жыл аяқталар, іс сараланар тұста айтыспен ұстасқаның не, мұндар-ау?! Қызтеке мен сайқымазаққа қарсы тұрмай, ақындармен айқасқаның – қай сасқаның?

Президент мүддесі қоғам мүддесінен бөлек пе екен? Әлде қырғыздағы қырғын, Украинадағы хаосқа елді итермелеп, Елбасының жағасынан ал дегенің бе? «Елбасы біреу, елі – тіреу» деген елдік қағидат қайда қалмақ сонда? Қоғамдағы келеңсіздіктердің айтылуы – айтыстың тұздығы. Әлде су татыған құр мадақ, жалаң ұран болып айтыстың шын қасиетінен айырылғанын қалағаның ба?

Дәуренжан, бұқараны билікке айдап салу елдікке бастайтын жол емес. Демократия – қару. Мақсат емес! Тап осы биліктен сенің теперіш көрген жерің жоқ еді ғой. Қырғызды көріп құтырған, Египетті көріп есірген ессіздік мұрат боп па, бауырым-ау? Не ұтпақсыңдар одан? Тыныштық пен тұрақтылық бар жерде береке бар. Берекеден бәріміз де үлес көріп отырмыз. Жыл сайын сол берекеге үлестес болам деп үкіметтен, өзің іштей қыжыртып отырған, сен үшін сүйкімсіз болған биліктен миллиондап қаржы алып отырсың. Бергендегі мақсаты – берекеге шақырту. Билік ұнамай ма, ендеше, алма тендерін! Келіспе! Ал, шарттастың ба, сертіңде тұр! Ал мына сөзіңнің астары алуан. Кәдімгі антұрғанның кебі, Дәурен! Уәде – Құдай аты. Киелі ұғым. Өзің де жазыпсың. «Сөздің, тілдің киесін түсіру – адамның салауатын да, сапасын да біржолата түсіреді. Ал оған ақылды адам бармайды. Пендешіліктің де шегі бар ғой«, – депсің. Дұрыс айтасың. Сертіне адал адам мұндай екіжүзділікке бармайды. Тәуелсіз елдің кіріптарлығына мүдделі сыртқы жаудың арманы – сол елде хаос жасау. Оның жолы – басшысына бұқараны айдап салу. Қала берді, елдігіне тірек болған иманын бұзу. Осы жолда бүлікке шақырғанды батыр көрсету – басты қаруы. Сыртқа жаққанды жұртқа сырттан етіп көрсететін технология ұлтты жеңіске бастамасы анық. Жайшылықта «халық, ел» деп тақылдаған таңдайың тапқырлыққа тәнті болған жұртқа – «қарқылдап қол соғып отырғандар» деп жазғыра жазуың көпке қылған құрметің бе, Дәурен? Өзің айтпақшы, «әйтеуір жақсы ырым емес» мұның. Алыстан бүлдіріп, Қазақияға жаулығын ашық білдіріп отырған «Азаттық»-тың өзі жасамаған арандатуды ел қоржынынан қаржы алған сендердің жасауларың – антұрғандықтан басқа ештеңе емес, Дәурен!

2-қыжыртпа.

«Қатынның іш көйлегі» дегенің – сөзді бұрған бетпақтықтан туған кәдімгі жала. Әйтпесе Айнұр ақын «Арудың үш (три) көйлегі» деген еді. Тәрізі, Есік қаласынан сатып алған іш көйлегің аузыңнан шығып кеткен ғой, шамасы. Ал теңесе не бопты? Тілдің жайын айта-айта тіліміз темір татыды демекші, қазақ тілінің мүшкіл халін осы ақындардай айтқан қазақ аз тегінде. Сарказм, юмор, мысқылға айналған ашу… Не дейсің, бүкіл тәсілмен айтты. Қысқасы, ол тырнақтың астынан кір іздеп әуре болмай-ақ қой.

«Серісің». Өзің сүймейтін биліктен қомақты қаржы алып отырған ауқатты редакторсың. Тоқтық не дегізбейді. Өзің айтпақшы, «Семіздікті қой көтереді» деген мақал осындайда айтылса керек.

3-қыжыртпа.

«Қазіргі айтыстың көркемдік өресі бұрынғы деңгейде қалған«. Бұрынғы деңгей осал деген мәміле бар ма еді? Оған дәлел келтіруден қашыпсың. Мына сөздер сенің тақияңа тар келе ме? Оқышы, бауырым:

Шыр айналған дүние дөп-дөңгелек,

Біреулер біреулерден өктем келед.

Кедей жүр бай-бағланға басынба деп,

Байлар жүр кедейлерге кектенбе деп.

Кедей байғұс қысылса, кредит алад,

Себебі, қалтасында көк теңге жоқ.

Кредит алмағанда қайтсін енді,

Жұрттан қалмай көгеріп, көктеу керек.

Үйлендіріп той жасап ресторанда,

Балалардың абыройын төкпеу керек.

Және де пәтер алып, көлік алып,

Тұрмыстық жағдайды да реттеу керек.

Халықтың осы хәлін пайдаланып,

Банктің проценті кетті өрмелеп.

Берерінде бетіңе күле қарап,

Төлеріңде кешіксең, сотпен келед.

Кредит төлеп біткенше дымың қалмай,

Аяғында аяғың көктен келед.

Бір сом беріп орнына мың сом алған,

Ойпырмай, бұлардыкі неткен көмек.

Қарашаның сүліктей қанын сорып,

Халықтың қазынасын еткен қорек.

Мен кейде банкирлерді ойлап қалам,

Азғындықтың шегіне жеткен бе деп.

Қарапайым халықтың қанын ішіп,

Банкир емес вампир боп кеткен бе деп.

Бұл – осы айтыста Дидар Қамиевпен айтысқан Қанат Мырзахан деген студент баланың айтқаны. Осы халықтың жағдайы емес пе? Жасы жиырмаға еркін толмаған жас жігіттің ел жайында шырылдап айтқан осындай жүрек сөзін белінен бір сызып, онымен қоймай «жағымпаз» деп жалпақ жұртқа жариялау қандай қиянат, Дәурен!

Тағы да сол, «көрмес түйені де көрместің» кебі. Барды емес, іздегенін тапқан ынсаптың тапшылығынан туған тақылдақтық мұның, Дәурен!

4-қыжыртпа.

«Айтыскерлер кітап оқымайды-ау«. Әй, Дәурен, сен айтыскерлерді зер салып тыңдамағансың-ау. Өзің айтпақшы, біз де сені жазғыра алмаймыз, әлдекімге жағамыз деп бүкіл бағыт-бағдарың басқа жаққа ауып кеткен. «Жас қырандардың алға баспауы өкінішті«, – дейсің. Сеніңше, алға басу – береке, тыныштықты мансұқтап, Елбасын жағадан алу, билікті іске алғысыз қылу ғой? Қой, Дәурен! Еліңе бүлік сағынба, өтіңменен қабынба, бала! (Өзің айтпақшы, жырауша толғап жатырмын, кінәлапсың ғой толғамады деп).

 

5-қыжыртпа.

«Қажыға барған жастардың санасы да, танымы да пейілі мен пенделігі де бұрылып кеткен бе?», – дей келе, қажылықтың шартын айтып дамоллалық қылып, діни пәтуә айтасың. Қойсайшы, Дәурен, Құнанбай, Шәкерімдер қажылыққа аттанғанда туыс-туғандарының, елі мен жерінің, бүкіл қазақтың тұрмысы оңды болып, аузынан ақ май ағып отырғандай айтасың-ау. Оған қисын жоқ, Дәурен. Қажыға кімнің қашан, қалай баратындығын мүфтият өкілдері, ханафи мазхабының білгірлері айтса, бір сәрі. Жоқ жерде тісің батпасқа әуестігің-ай!

Мұсылман қазаққа арман болған мұратты қыжыртып, тағы да сырттың сойылын соғып, саяси астар беріпсің. Осы күні Исламмен алысқанның ішкі, сыртқы «мықтыларға»  жағатынын біліп алған өзің сияқты «сұңғылалар» ұлттың иманымен алысуды машық қылып алды. Әрине, сосын өзің айтпақшы, қанша ауқатты болсаң да, Құдай қанағатыңды алады. Сосын, әрине, ауызыңнан «тұрмыс қиындығы мен мына ит өмір кімді басынбайды дейсің» деген нәсүкір сөз шығады. Әй, бауырым-ай, қайтейін!

6-қыжыртпа

«Құмарым қанып айтыс ести алмай…» базына айтамын дейсің, Дәурен! Сөз қадірін түсінбедің деп елге ренжіпсің. Жырға шын құмар жандар айтысқа жердің түбінен жеткені – факт. Өмірі сені айтыс залынан көрген емеспіз. Әуесің шамалы ғой, мойындашы, бауырым. «Осым өтірік болса…» деген күмәнің орынды. Сөзіңнің соңында өзің де айтыпсың «Алла күнәңді кешсін«. Саған шын мәнінде жырдан гөрі билікке сын айтса, Исламды күстәналаса әлдекімдерге жағатынын білген сасық саясат таңсық болып тұр. Өзің айтпақшы, Алла күнәңді кешсін! Қайтейік, енді?!

Аузыңа сыймаған сұмдық сөздер мақала астындағы комменттен орын тауыпты. Бұл да саясат. Бірақ, сасығы. Өкпеге емес, өлімге қияр өшпенділіктен кәдімгі 37-жылдың ызғары есетіндей. Қадірін білмей қандасын қырып, ақиқатына жетпей аталасын атқызған қараулық қанымызда қалғаны ма? Ойлан, АЛАШ!

Р.S. Ел риза болса да, сен риза болмаған осы айтыста айтыстың арыстаны, азуы алты қарыс Бекарыс ақын айтқан тағы бір тағылым мынау: «Кеудесіне нан піскен кім болсаң да, қазақтың бірлігінен садаға кет!». Адал ниет, асық көңілмен тыңдай білу керек. Елдіктің жыры осындай болады, Дәурен! Қолыңнан келсе қоштарсың. Келмесе, кесе көлденең тұрма! Кеудесіне нан піскен кім болса да, айтарымыз сол!

“kazaitys.kz”

Дәурен Қуат: Ақиқатқа жетер жолдың әңгімесі айтылуы қажет. (Оқырманға арнау сөз)

«Қазайтыс» деген сайт мен жазбаған мақаланы мен жазды қылып бірдеңе жариялапты. Аталған сайттың айтуына қарағанда, мен мұсылманға қас, елге жаулық сағынып жүрген пиғылы лас адам көрінемін. Шіріген бай екенмін. Үкіметтен ақшаны күреп алып сырттың сөзін сөйлеп, сойылын соғады екенмін. Пәлелайда-шәлелай, пәлен-пәштуен, и.т.  Содан Ұларбек Нұрғалым деген бауырыма хабарластым(«Қазайтыстың» бас редакторы). Мән-жайды айттым. «Қазайтыстың» баннері тұрған (осы сайт танылсыншы, «Абайдың» оқырманы «Қазайтысты» да қарап отырсыншы деген ықыласымыз еді) «Абайға» қоңырау шалып, Өміржан досыңнан «Мұртынан айырылып, сақалы ғана қалған айтыстан неге мән кетті?» (http://abai.kz/node/41176)  атты мақаланың шын авторын сұрап алмадың ба?» деп біраз кейідім.

Сөздің қысқасы, Ұларбек жаңсақ кеткендерін түсініп жігітше шешім қабылдай ма, әлде өзімдікі дұрыс деп өзеуреп отырып ала ма, оны өзі біледі. Мен мынаны айтамын:

1. Біріншіден, ақталудан аулақпын, бірақ айтыстың «мұрты» мен «сақалына» қатысты мақаланың авторы мен емеспін. Мен және мақаланың жауапкершілігінен жалтарып, аты-жөнін жасырып-жабатын адам емеспін.

2. Екіншіден, «Абай.кз» «Абай.кз» болғалы біреудің көкейін тескен ойға жегіліп, жат пиғылдың мұрат-мақсатына жұмыс жасаған жоқ. Рас, мақала авторлары артық-кем айтып қалады. Бірақ, біз соған орай екінші тараптың сөз алуына, пікір білдіруіне мүмкіндік тудырып отырамыз. Қоғамда пікір қайшылығы, көзқарас алуандығы деген болып тұрады. Оны жария ету – «елге жаулық сағыну» емес, ел ішін алатайдай бүлдіру емес. Шындық әркімде бар. Ақиқат ғана жалқы. Ақиқатты тану үшін ақиқатқа апарар жолдың әңгімесі айтылуы керек. Біз бәріміз қоғамның мазмұнын, уақыттың болмысын ой елегінен өткізе отырып есейеміз. Ойға жетеміз. Байлам жасаймыз. Мәселенің мән-жайын ұғынамыз. Нәрсенің ақ-қарасын айырамыз. Сондықтан Ұларбек Нұрғалым «айтыспен айтысқанға» деп айдалаға лақпай алдымен мақала авторын анықтап алып оған қарсы уәж айтқанда, айтқаны айтқан күйінде, дегені деген күйінде «Абайда» міндетті түрде жария көретін еді.

3. Үшіншіден, «Абай» мен «Масада» жарық көретін мақалаларға байланысты жазылатын пікірлерді редакция қызметкерлері ұйымдастырмайды. Мұнда да қилы сөздер, қыңыр ойлар, қисық әңгімелер айтылады, әрине. Сол себепті біздің Өміржан Әбдіхалық баласы аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатындарды тыйып отыруға тырысады. Алайда, бәріне бірдей үлгере бермейді. Өйткені бізде мұрағаттағы материалдар да оқылып, талқыланып жатады. Сондай кездерде біз танитын, тіпті танымайтын адамдар қоңырау шалып «әне бір пікір қатты кетіп қалыпты, алып тастауға болады ма екен?» деп өтініш білдіреді. Біз ешкімге жау емеспіз, біз де ет пен сүйектен, қуанатын, уанатын жүректен жаралған жанбыз. Біреуді нақақ күйдіруге өз басым мүлде қарсы адаммын. «Алып тасташы» деген сөздің «аяғын аспаннан келтіреміз». Жоямыз. Осы бір қарапайым қатынастың ұшығына жетпегендіктен кейбір ағайын бізге, анығы – маған ала көз болып жүр.

4. … Алайда, әлдекімнің өкпесі қабынып, өті жарылады екен деп «Abai.kz»ақпараттық порталы алған бетінен қайтпайды. Елдің жайын екпіндей сөйлеп, еңірете жазсақ Египетке, кем-кетікті сүлките көрсетіп, сүйрей жазсақ Сүрияға, т.б. айналып іргеміз шайқалып, ішкеніміз – ірің, жегеніміз – желім болып азып-тозып кетеміз деген қосүрей, қорқақ ой мен  қортық түсініктің қотанында омалып отыра алмаймыз. Еліміздің бабалар заманынан бері мызғымаған бірлігі мен Заманауи Қазақстан мемлекетінің архитекторы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тірлігіне сенбейтіндер ғана алды-артын тығындап қойып, тымпиып жүре берсін. Мемлекеттің бүгіні мен болашағына сенбейтіндер, азды-кемді мәселені көре тұрып көрмейтіндер ғана «ойбай, үндеме!» дейтін үндемес ойынды еремек қылады. Тегінде бар ғой, қорықсаң үндеместен – қорық. Жау жаулығын жария етпейді, үндемей жасайды. Біздің жағдайымызда екінің бірі: не үнсіздік таныту, не жалабаңдап жарыса мақтау.

Біз өзіміз өлгенше жақсы көретін қазақ мемлекетінде өмір сүріп келеміз. Заман біздікі, қоғам біздікі. Сондықтан бұл қоғамның жақсысына тасынып, жаманына жанымыз ауырады. Өйткені осы елдің, осы қоғамның азаматымыз. Ал, «қоғамнан хайуан ғана сырт тұрады» (ДЖ. Неру). Демек, ішінара дизайндік өзгерістер болмаса, «Абайдың»  ақпарат майданындағы белсенділігі, әбжілдігі жарқырай түспесе, жабыраңқы тартпайды.

Жаңа ғасырдың алғашқы мүшелін артқа тастадық. Күнтізбеде жаңа жылдың, жаң күннің парағы ашылды. Айбарлан, Алаш! Абайшыл, алашшыл бол!

Abai.kz

 

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Алдыңғы жазба

Мағжан: "Мен жастарға сенемін"

Келесі жазба

Айтпайын десем де...

Соңғы жазбалар

49 жылға жалға алды

“Іле–Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне” қарайтын Үлкен Алматы көлі, Алма-Арасан, Асы үстірттері, Есік және Солдат шатқалдары,

Вирустың беті қайтар емес

Қазақстанда өткен тәулікте 272 адам коронавирус індетімен ауырғаны белгілі болды.Өсім 2,9% құрады.Аймақтар бойынша:Нұр-Сұлтан қаласы – 56

eGov.kz порталынан жүргізуші куәлігін алуға болады

Егер тегіңіз өзгерсе, жоғалтып алсаңыз, уақыты аяқталса жүргізуші куәлігін eGov.kz порталынан рәсімдеуге болады деп мәлімдеді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз-қызметі.  Ол үшін eGov.kz порталына кіріп, «Көлік және